Тағы да өрт, тағы да бес сәби...

4 маусым күні Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Жымпиты ауылында жекеменшік тұрғын үйде өрт шығып, 5 сәби көз жұмды. Жан ауыртып, жүрек жылататын жағдай! Кінәсіз періштелерді ата-анасы үйде қалдырып, өздері жұмысқа кеткен. Есік сыртынан бекітулі болған көрінеді.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға түстен кейінгі сағат үштерде болған, өрт сағат 15:56-да толықтай сөндірілген. Қызыл жалын шамамен 30 шаршы метр аумақты қамтып, үй ішіндегі тұрмыстық заттар мен жиһаздар өртеніпті. Оқиға орнына жеткен өрт сөндіру қызметі үйден ес-түссіз жатқан бес баланы алып шыққан. Олар ыстан улану белгілерімен ауруханаға жеткізілді.
Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы балалар ауруханаға жеткізілгенде өмір белгісі болмағанын хабарлады. «Дәрігерлер барлық мүмкіндікті қарастырды, өкінішке қарай, балалардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады», – деп мәлімдеді басқарма. Қайтыс болған балалардың ең үлкені – 6, ең кішісі – 3 жаста болған. Олар 2019, 2020, 2021, 2022 және 2023 жылы туған. Ал аудан әкімдігі таратқан ақпаратқа сәйкес, отбасы бұл үйді жалға алып тұрады.
БҚО әкімі Нариман Төреғалиев қаза тапқан балалардың ата-анасы мен жақындарына көңіл айтып, жағдайды өзі жіті бақылап отырғанын жеткізді. Оқиға орнына облыс әкімінің орынбасары мен аудан әкімі барған. «Әкімдік тарапынан жерлеу рәсімін ұйымдастыру, психологиялық көмек көрсету, баспанамен қамтамасыз ету және өзге де әлеуметтік қолдау шаралары сияқты барлық қажетті көмек көрсетіледі» деп жазды облыс әкімі әлеуметтік желіде.
Біздің елде жауапты мекемелер, шенділер үнемі осылай кешігіп жүреді. Төреғалиевтің енді жеке бақылауға алғаны да, көмек көрсеткені де қажет емес. Әкім бес баласынан бір сәтте айырылған ата-ана үшін енді ештеңенің орнын толтыра алмайды. Егер мемлекеттік жүйе көп балалы отбасыларға қажетті жағдайды жасай алса, ешкім бесіктен белгі шықпаған сәбилерді үйде қараусыз қалдырып, дала кезіп, жұмыс істеп жүрмес еді.
Тапқаны тамағына жетпей, халқы үпі-тәпі өмір сүретін елде мұндай апаттардың алдын алу қиын болып тұр. Өкінішке қарай, кейінгі бірнеше жылда қараусыз қалып, өртеніп кеткен сәбилер жайлы көп еститін болдық. Ең шулысы 2019 жылғы Астанадағы бес сәбидің өлімі болды. Ата-анасы түнде жұмысқа кеткенде үй өртеніп, бес сәби отқа оранды. 2021 жылы Жамбылда көпқабатты үйде пәтер өртеніп, бір үйдегі бес бүлдіршін көз жұмды. Оларды да ата-анасы сыртынан жауып кеткен.
Ал 2023 тамызда Павлодарда екі бала мен олардың әкесі өрт құшағында қаза тапты. Сол жылы қазанда Абай облысы Аягөз ауданында төрт бала өртенген үйде ыс тиіп қаза тапты. 2024 жылы қазанда Қостанай облысының Жітіқара қаласында бір үйден өрт шығып, тағы 5 бала қаза тапты. Апат кезінде үйде ересектер болмаған, 2011, 2016, 2018, 2019, 2022 және 2023 жылы туған алты бала қызыл жалын арасында қалып, бесеуі өрт құшағында ажал құшты. Тек ең үлкені аман қалды.
Мұндайда билік өзіне шаң жуытпай, бар кінәні баланы қараусыз қалдырған ата-анаға артып жатады. Бірақ билік мәселенің мәніне көз жүгіртіп, тиімді шешім қабылдамаса, кінәліні іздеп, жауапкершіліктен жалтарудан пайда жоқ. Өмірін өрт жалмаған сәбилер алдында бүкіл қоғам, бүкіл жүйе кінәлі...
Қуан Өмірхан