Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:10

Таиланд пен Камбоджа тағы да соғысып жатыр

ROYAL THAI NAVY
Фото: Reuters / Scanpix / LETA

Таиланд пен Камбоджа арасындағы ұзақ жылдарға созылған шекара дауы тағы ушығып кетті. 6 желтоқсаннан бері екі елдің әскері Дангрэк тауларында артиллерия және атыс қаруларын қолдана отырып бір-біріне оқ жаудырып жатыр. Таиланд әскерилері тіпті әскери ұшақтарды да іске қосқан.  

Шілдедегі қақтығыстың қайталануы

Қазіргі ахуал — шілде айындағы қақтығыстардың жалғасы. Ол кезде бес күндік шайқастардан кемінде 40 адам қаза тапқан, жүз мыңдаған тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған еді. 28 шілдеде екі мемлекет Малайзия арағайындығымен атысты тоқтату туралы келісімге келген. Кейін 26 қазанда АҚШ қатысқан жаңа бейбіт келісім жасалды. Одан соң тараптар жүз жылдан астам уақыт шешілмей келе жатқан шекараны демаркациялау жөнінде келіссөздер бастаған.

Алайда бұл келісімдердің ешқайсысы іс жүзінде орындалмады. Әскерилер арасындағы кішігірім атыстар тоқтамады. Қараша айында таиландтық екі сарбаз камбоджалықтардың бомбасынан қаза тапты. Осы оқиғадан кейін Таиланд келіссөздерден шыққанын жариялады.

Қақтығысты кім бастап жібергені белгісіз

Екі тарап та атысты бірінші болып қарсы жақ бастады деп айыптап отыр. Қақтығыстың нақты неден шыққаны белгісіз, жағдайды ушықтырған бір ғана нақты оқиғаны анықтау мүмкін болмай тұр.

7 желтоқсанда Таиланд әскері камбоджалықтар өз позицияларына оқ атқанын, бір сарбаз қаза тауып, сегізі жараланғанын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде Таиланд F-16 жойғыштарын көтеріп, Камбоджаның әскери нысандарына әуе шабуылын жасады.

Ал Камбоджа, керісінше, ауыр артиллерияны бірінші болып Таиланд қолданды деп отыр. Камбоджалық биліктің мәліметінше, сол күні төрт бейбіт тұрғын қаза тауып, тоғыз адам жараланған.

Мыңдаған адам эвакуацияланды

Келесі күндері қақтығыстар жиілеп, дрондар мен «Град» реактивті жүйелері қолданылды. Таиланд билігі 438 мыңға жуық адам эвакуация орталықтары мен уақытша баспаналарға көшірілгенін хабарлады. Камбоджа да ондаған мың адамның үйлерін тастап кеткенін мәлімдеп отыр.

Шекара маңында гуманитарлық инфрақұрылым жоқтың қасы. Тұрғындар су, дәрі-дәрмек, баспана және эвакуацияға арналған көлік тапшылығына тап болып жатыр.

Қазірдің өзінде екі тараптан ондаған адамның қаза тапқаны белгілі. Тұрғын үйлер, ауруханалар, ғибадатханаларға зақым келгені хабарланды. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы суық әрі ылғалды маусым жағдайды одан әрі қиындатып отыр.

Дипломатиялық талпыныстар және Трамптың уәдесі

Малайзия премьер-министрі Анвар Ибрагим мен ASEAN өкілдері екі елді келіссөздер үстеліне қайтаруға тырысып жатыр. АҚШ президенті Дональд Трамп та «қоңырау соғып», атысты тоқтатуға ниетті екенін мәлімдеді. Жаз-күз айларында ол жақтастарының алдында «бір жылға жетпейтін уақытта әлемдегі бірнеше соғысты тоқтаттым» деп жиі айтқан, оған Таиланд пен Камбоджа арасындағы қақтығысты да қосқан.

Әскери қуаты әлсіз Камбоджа халықаралық делдалдыққа дайын, ал Таиланд мәселені тек тікелей келіссөздер арқылы шешу керек деп санайды.

Таиландтың өзі де саяси дағдарысты бастан өткеруде. Жаздағы эскалация премьер-министр Петонгтарн Чинават үкіметінің құлауына себеп болды. Қазір елді әлсіз коалициялық кабинет басқарып отыр, осы уақытқа дейін бірнеше мәрте премьер алмасқан. Соғыстағы әскери және саяси шешімдер негізінен ымыраға келгісі келмейтін Таиланд бас штабының қолында.

Таиланд әскері Камбоджаға айтарлықтай шығын келтіре алатынын ашық айтып отыр. Теориялық тұрғыда шабуыл елдің ішкі аумақтарына да жасалуы мүмкін: Таиландтың F-16 ұшақтары бар, ал Камбоджаның әскери авиациясы жоқ. Дегенмен әзірге Таиланд бұл мүмкіндікті пайдаланбай отыр.

Даудың өзегі – Преахвихеа ғибадатханасы

Қақтығыс әлі де шекара мәселесіне қатысты, ал оның тарихи әрі символдық орталығы — екі ел шекарасындағы көне Преахвихеа ғибадатханасы. Бұл тек аумақ емес, ұлтқа қатысты мәселе: Камбоджа да, Таиланд да ғибадатхананы бақылау елдің абыройы мен тарихының бөлінбес бөлігі екенін айтады. Екі жақтың ұлтшыл топтары үшін бұл — егемендік символы.