Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:15

Талғарда 1,27 млрд теңгеге су арналары жаңартылды

1

Бүгінде ауылшаруашылық саласында суару жүйелерінің тиімділігін арттыру тақырыбы өте өзекті. Ол ресурсты үнемдеуге, орнымен жұмсауға, шығындарды айтарлықтай азайтуға көмектеседі.

 Әрі жергілікті суару жүйелері өнімділікті арттыруға және топырақ эрозиясын азайтуға септігін тигізеді. Нақтырақ айтқанда, тамшылатып суару кезінде су өсімдіктің түбіне аз мөлшерде үнемі беріліп тұрады, бұл булануды азайтып, су тұтынуын 30–50 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Жергілікті суару жүйелері әсіресе су тапшылығы бар аймақтарда тиімді және экологиялық таза ауылшаруашылығы технологиясы ретінде кеңінен қолданылады. Сондықтан да мұндай техниканы пайдаланудың қолданыс аясын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Мысалы, 2025 жылы суаруды және сумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға 173,7 млрд теңге инвестицияланған, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 73 пайызға көп. 2024-2025 жылдар аралығында шамамен 6 400 км канал толық қалпына келтіріледі, бұл судың шығыны шамамен 1,7 км кубке дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Тағы бірнеше облыста су есептеу және тасымалдауды автоматтандыру жобалары жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстары бар.

Алматы облысында жергілікті суару жүйелеріне қатысты бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, Талғар ауданында суару жүйелерін қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жоба 2024 жылы басталып, 48 суару арнасында тиісті құрылыс жұмыстарын қамтиды. Жобаның мердігері – AK Construction Company компаниясы. Құрылыс жұмыстары жалпы құны 21,4 млрд теңге болатын келісімшарт аясында атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін республикалық бюджеттен бөлінген 1,5 млрд теңгенің 1,27 млрд теңгеден астамы игерілді.

Қазіргі таңда «Айтуар», «Саз-Талғар», «Новостройка», «Р-9» және «Р-3» су арналары бойынша негізгі жұмыстар аяқталды. «Р-3» арнасындағы автожол арқылы өтетін дюкерлік өткелден басқа учаскелер толық аяқталған. Жалпы жаңғыртылған арналардың ұзындығы 28,1 шақырымды құрап отыр.

Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жобадағы негізгі кезеңдердің бірі «Р-3» арнасындағы дюкерлік өткелдің құрылысы болды. 30 маусым күні аталған нысанда Алматы облысы әкімінің орынбасарлары А.Масабаев пен Б.Бақытұлы, мердігер компания өкілдері, қадағалаушы органдар мен басқа да мүдделі тараптардың қатысуымен көшпелі жиын өтті. Кездесу барысында аталған нысандағы жұмыстарды жедел аяқтауға бағытталған жол картасы бекітілді.

Қазіргі уақытта құрылыс бригадалары күшейтілген режимде – екі ауысымда жұмыс істеуде. Қабылдау құдығын бетондау және негізгі құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. 10 шілдеге дейін дюкер толық аяқталып, «Р-3» арнасына су беру қайта қалпына келтіріледі. Осылайша, нысанның жаңғырту жұмыстары толық аяқталады деп жоспарлануда. Су пайдаланушылардың ұсыныс-пікірлері ескерілген соң, арнаны пайдалануға қабылдау қыркүйек айына дейін жүргізіледі. Құрылыс жұмыстары жалғасып жатқан уақытта су беру балама көздер арқылы қамтамасыз етілуде. Дюкерлік өткел аяқталғаннан кейін «Р-3» арнасы арқылы су беру толығымен қалпына келіп, ауылшаруашылығы алқаптарын тұрақты суаруға мүмкіндік береді.

Альфия Жәнібекқызы

Алматы облысы

Тегтер: