Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:55

Талғардағы зорлау ісі: төрт жігіт ақталды

қылмыс
Фото: из открытых источников

Алматы облысында резонанс тудырған қылмыстық іс төңірегінде дау өршіп тұр. Сот 16 жастағы қызды топ болып зорлады деп айыпталған төрт жас жігітті ақтап шықты.

 Жәбірленуші тарап апелляцияға дайындалып жатқанда, мектеп оқушысы ауылдастары тарапынан қатты қысым мен қорлауға ұшырап, бірнеше рет өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. 

Кәмелетке толмаған қыздың анасының айтуынша, оқиға 2024 жылдың қазан айында Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылында болған. Жәбірленуші тараптың нұсқасына сәйкес, төрт жігіт қызды алдап көлікке отырғызып, иен далаға апарып, зорлаған.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсі дәлелденді деп есептеп, әрқайсысына 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Алайда судья Асқарбек Беймбетов басқа шешім шығарып, қылмыс оқиғасы болмаған деп танып, ақтау үкімін жариялаған.

Қыздың отбасы сот шешімімен мүлде келіспейді және оны жоғары сатыда қайта қарауды талап етпек. Анасының сөзінше, іс материалдарында алаңдатарлық жайттар бар: ақталғандардың бірінің ұялы телефонынан басқа бір қызға қатысты жасалған әдепсіз әрекеттердің бейнежазбасы табылған деген дерек бар.

Ал ауылдың өзінде қызға қарсы оның абыройын төгу науқаны басталған. Туыстарының айтуынша, жергілікті тұрғындар әдейі жалған әрі лас қауесеттер таратып отыр.

«Артынан 40 миллион теңге алып, бәрін кешіріп жіберді деп айтады, нашақор деп жала жабады. Тіпті бала туып, оны тұншықтырып өлтірді деген ойдан шығарылған әңгімелер тарады», – дейді жәбірленушінің жақындары.

Үздіксіз психологиялық қысым мен өсек-аяң кәмелетке толмаған қызды тығырыққа тіреген: қорлаудың салдарынан ол бірнеше рет өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. Отбасы істің әділ қайта қаралуын және баласына қорғаныс берілуін талап етуде.