Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, публицист-жазушы: НӘН дәуреніне нүкте қойған көтеріліс болды бұл...

– Талғат аға, қанды қаңтарға 40 күн толды. Алайда, арада өткен осы уақыт әлетінде айтылуға тиісті ақиқат тиянақ таппай, қырық құбылды.
Ал сіз ел мамыражай тірлік кешуге тиісті күндерде атылған оқтың себеп-салдарына ой тоқтатып, мәселенің байыбына бара алдыңыз ба?
– Қазағы үшін қаны қызатын әрқайсымыз санаға сыймайтын төтенше оқиға болды бұл. Неге бұлай болды? Не үшін жасалды? Арғы жағында кімдер тұр? Олар нені діттеді? Міне, осындай сан сауал әркімнің сана сүзгісінен өтті. Күллі Қазақстанды қамтыды дерлік осы оқиғаның түпкі себебін биліктің бишігін үйіргендер өте жақсы біледі. 30 жыл бір ғана кісі басқарған – сөйтіп өзі кешірілмес күнәға батып, болашағымызға балта шабылған біз оның мәнісін олардан да жақсы білеміз. Өйткені, кедейшіліктің қамыты мойнымызды ырғайдай етті. Жұмыстың жоқшылығы, әрбір жүректі езгілеген өмір азабы жердің де, елдің де иесі – қазақтың басына өзгерместей, орнығып алды. Халыққа бүйрегі бұратын, қасиетті қаламын қару еткен тәуелсіз қаламгерлер жазудай жазды. Рұқсат етілген, етілмеген митингілердің бәрінде есімдерін ел білетін ағалар айтудай айтты. Бірақ зар илеген жұрттың жайына ең әуелі НӘН-нің өзі болып құлақ аспады. Олардың егіліп, кеміріп айтқан сөзін тыңдауға ниет білдірудің орнына погонды жендеттерін үриттеген иттердей, абалата жұмылдырды. Астанада Малыбаев дейтін полковник осындай «абыройлы» қызметі үшін ел алдында ең жиіркенішті адамға айналды. Ондайлар аз емес екенін көрдік. Халықтың да жекелеп шығып, ешқандай жеңіске жете алмайтындығына көзі жетті. Содан арты күллі әлем жаңа жылды қарсы алған күннің ертесінде басталған кең ауқымды халықтық қозғалысқа ұласты. Жаңаөзен мен Ақтаудағы наразы елдің митингі жасау өнегесі өрісті болуға тиіс еді. Бірақ бәріне түрткі болған қылмыскер топқа ол, тіпті ұнай қоймады. Үйреншікті қорқыту, үркіту тәсілдеріне жүгініп қана қоймай, оқты қаруларға кезек берді. Әлі күнге дейін нақты дерегі мен дәйегін айтудан жасқанып келе жатқан қанды қырғын орын алды. Көз жұмғандар, билік жария еткендей, екі жүздің үстіндегі санмен шектелмеді. Ол көп, мыңды маңайлайды, тіпті одан да асып кетуі әбден мүмкін. Өстіп, атып өлтіру аз көрінсе керек, темір торға топырлата тоғытып, азаптап, ажал құштыруға кірісті. Егер Тоқаев билігі ақ-қарасын айырамыз, ақиқатына тезірек жетеміз десе, мұндай қасірет қылышпен кескендей, сап тыйылуы керек еді. Бірақ неге екені белгісіз, биліктің оған батылы жетпей отыр.
– Қаңтардағы қанды қасірет әдейі ұйымдастырылды деген ойдың бекер еместігіне ҰҚК-нің төрағасы мен оның орынбасарлары және басқа да құқық қорғау органдары басшыларының қамауға алынып, тергеулерінің ұзай түсуі көзімізді анық жеткізді. Сіз осы тақырыпта ой-пікіріңізді ашық айтып жүрген санаулы қалам қайраткерлерінің бірісіз. Не дер едіңіз?
– Бұл, сөз жоқ, әріден әбден ойластырылып, жасалған операция. Әйткенмен, олар жобалағандай, жүзеге аспады. Оған ең бірінші себепкер президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі деймін. Дәл осылай топшылайтындар аз емес. Олай дейтінім, Ақ үй мен кітапхананың арасындағы былайғы елге көрінбейтін итырқылжың текетірес ұзаққа созылды. Елбасы қалайда Тоқаевты орнынан кетіруге тырысты. «Тоқаев көп ұзамай отставкаға кетеді екен...», «Президент денсаулығына байланысты өтініш береді екен...» деген желсөз әңгімелерді «Общественная позиция» газетінен оқыдық. Бірақ ол кетпеді. «Кетесің!», «Кетпеймін!» деген талап пен жауап уақытты ұзартып, Санкт-Петербургтағы президенттердің басқосуына жеткізді. НӘН өз ұшағымен жанұшыра жетіп барды. Қосарласып, Қасекеңнің жанында жүрді. Шығар кезде Белоруссия президенті Лукашенконың таяныш болуымен баспалдақтан қисалаңдап, әзер түсіп, соның сүйемелдеуімен автокөлікке зорға мінді. Одан кейін Қ.Тоқаевтың В.Путинмен әңгімесі жарасып, сыртқа шыққанын көрдік. Ресейдің президенті қу ғой, екеуіне де тілектес, ниеттес пиғыл танытқан сыңайлы.
Әңгіменің айдай ашығы – қанды қаңтар қасіретінің арғы жағында басты батагөй, қозғаушы күш болып, НӘН-нің өзі тұр. Бұл менің ішкі түйсігіме иек артып, жасаған тұжырымым. Әзірге, тергеу істері жүріп жатыр. Ол барған сайын кеңейеді, тереңдей береді. Ақиқатты аша түсу үшін талай министрлер мен төрағалар, облыс пен қала әкімдері, күштік құрылымдардың оқалы басшылары жауапқа тартылады. Осы істің де арқаулы жібі адастырмай, кімнің нағыз «главарь» екенін нақтылап береді. Әрине, қаңтарда алаңға шыққан жастарымызды азаптап қинаған әдіс-тәсілдерді оларға қолдана қоймас, алайда бүккен құпия сырларын әшкере етпей, тоқтамас. Қ.Тоқаев қазақ халқының алдында өзін ақтап алғысы келсе, дәл осылай етеді. Тергеу істеріне ерекше талапшылдықпен мән береді. Ол үшін бұрынғы НӘН-нің белінен басып, тағайындатқан прокуратура, сот, ІІМ басшыларын, олардың орынбасарларын қызметтерінен кетіреді. Басқадай жол болу мүмкін емес!
«Осы жерде бәрін ұйымдастырушы Кәрім Мәсімов емес пе?» дейтіндер де ұшырасады. Оларға айтарым – ҰҚК төрағасы Кәрім Қажымқанұлы орындаушы ғана. «Мен сіздің мәңгілік көмекшіңізбін» деуден бір танбай, ант су ішіп, НӘН-ге ақ-адал қызмет еткен ол осы сойқанды күндерде де сол жүрісін жаңылмай, жалғастырды.
Осы жерде ел «Тас» дейтін Иманғали Тасмағанбетовті де ауызға ала кетейін. Ол сондай жігерлі ашық үнімен «Сіздің продуктыңызбын», деп саңқылдаудан танбаушы еді. Алматы қаласының әкімі болып жүрген кездегі «Шаңырақ оқиғасын» есіңізге алыңыз. НӘН қасіреті әлі де ұмытыла қоймаған осы оқиғаның кезінде бәрінен бейхабар, бейтарап түр танытты. Ал «Тас» Шаңырақтағы тұрғындардың тиын санап тұрғызған үйлерін эксковатормен бұздырып, бульдозермен сүргізіп, бейкүнә елді ботадай боздатты.
Ертеңге деген үмітіміз біржола үзілуге таяды. Түңілген, қолынан іс келетін қабілетті азаматтардың бәрі елден безді. Ал қасиетті жалғыз отаным осы ғой деп кете алмаған жастар, не болса да айтарымызды айтып өлейік, қазақты құрдымға жеткізген биліктен өстіп құтылайық деп көшеге шығып еді, артын қанды қырғынға ұластырды.
– Сіз Желтоқсан көтерілісінің ортасында болдыңыз. Кейін айғақ-кітаптардың он бес томын елге ұсындыңыз. Білетініміз, Желтоқсан тәуелсіздікке ұмтылған қазақтың төгілген қаны мен көз жасы еді. 86-ның желтоқсаны мен 2022-нің қаңтарын бір сәт ой елегінен өткізе отырып, айтыңызшы, қайсысының қасіреті ауыр көрінеді?
– Екеуі де кеңпейіл, меймілдеген мейірімі мол, момақан, көнбіс және өте кешірімшіл қазақтың басынан өткен ауыр қасіреті. Ең әуелгі ерекшелігі – екеуінің де себеп-сыры елді басқарған бірінші басшыға барып тірелетіндігі. Ширек ғасырдан астам уақыт Қазақстан билігінің басты шешуші тұлғасы қызметін атқарған Дінмұхамед Қонаев ел мен жердің тұтастығы үшін өмірін арнап, бар ақыл-ой, күш-жігерін сарп етті. Қазағымды қайтсем көбейтемін, қалай еткенде, жағдайын жақсартамын деді. Жеке басының рахаты үшін құл болмады. Баю туралы ой көкейіне кіріп те шықпады. Осындай ғажап қасиеттерімен күллі қазақстандықтардың жүрегін әулиедей жаулап алды. Алаңға шыққан жастардың Қонаевты іздеуі сондықтан. Олар қазақ еліне қазақ басшы болсын деп ұрандатты.
86-шы жылы қазақ жастары ел мен жердің мүддесі, қазақтың қасиетті тілі деп шықса, 2022 жылы да дәл сондай оймен дүр етіп көтерілді. Әлі күнге дейін билік көтеріліс деп мойындамай қасарысқан – Желтоқсан да, күні кешегі Қаңтар көтерілісі де ел мен жердің тұтастығы, тіліміздің мүддесі тек қазақтарға ғана қажетті екенін анық көрсетті. Кеңестік жүйеде Д.Қонаевтың қазағы үшін қисапсыз абыройлы қызмет еткеніне қарамай, ол кісіні кінәлап, күстәналайтындар ұшырасады.
– Кеңестік жүйеде – милиция, қазіргі авторитарлық жүйеде полиция тергеу жүргізді. Әуелгісінде бұл іске басқа ұлт өкілдері араласса, бүгін, негізінен, өз қандастарымыз атқаруда. Олардың қылмысты істерді тергеу, тексеру амалдарына байланысты не дер едіңіз?
– Айғақ-кітаптарды жазу, құрастыру барысында мыңдаған желтоқсаншылармен жүздестім. Араларында абақтының дәмін татқандары да көп кезікті. Әдетте, түрмені тозаққа теңейміз ғой. Алайда әлгі азаматтардың ешқайсысының «тырнағымның астына ине сұққылады, балғамен аяқ-қолымның саусақтарын шақты, денемді ыстық үтікпен қарыды, тісімді плоскогубсімен жұлды, басыма қапшық кигізіп, тұншықтырды, электрошокпен қорлады бүйрек, бауырымды тепкілеп, езгіледі», дегенін естімедім. Ғабиден Бөлеков деген азамат қана 1987 жылғы 7-ші қаңтарда таңғы сағат бесте жатқан пәтерінің есігін солқылдата соғып, баса-көктеп кірген МҚК-нің қызметкерлерінің әлі жазылып бітпеген жарақатына қарамай, сүйрелеп, әкеткенін айтқан. Тыныстайтын ауасы жоқ тас қабырғаның ішіне кірген соң, «Қанша машина өртедің?», «Қанша солдатты жарақаттадың, олардың қаншауы орыс?» деп ұрып-соғып, тыным бермей, тергегенін ауызға алған-ды.
Бүгінде әлеуметтік желінің әлеуеті деген керемет. Сол арқылы білуімізше, талдықорғандық Ербол Ыдырысов жиырма жаста екен. Көшеде кетіп бара жатқанда полицейлер ұстап алады. Аса қауіпті қылмыскерді ұстағандай, қолына кісен салады. Апарғанша, машинада ұрып-соғады. Тас қабырғаның ішіне кіргізгеннен кейін басына қапшық кигізеді. Кімнің ұрып, кімнің теуіп жатқанын айыра алмайтын жағдайда ата жауын қинағандай, қинайды. Үстін ыстық үтікпен қариды. Шешесі байғұс жылап-еңіреп: «Не істеймін-ай, не істеймін?.. Іші іріңдеп жатыр», деп аңырағанда, сай-сүйегің сырқырайды. «Сұмдық қой, сұмдық!» деген ол кісінің сөзі ет-жүрегіңді тілгілейді.
Талдықорғандағы НӘН-нің сән-салтанаты келіскен ескерткіші құлатылғанға дейін Азамат Батырбаевтың кім екенін ешкім білген жоқ болатын-ды. Егер оны үйінен әкетіп, облыстық Ішкі істер басқармасының темір торлы қапасында күндіз-түні ұрып, түнді таңға ұластырып, адам санасына сыймайтын зорлық-зомбылық тәсілдермен тергемесе, бәлкім, ауылында көп кісінің бірі болып, жүре берер ме еді? Ешқайсымыз жасай алмайтын ерлікті жасаған ол бес баланың әкесі. Жасы отыз жетіде. Арқасындағы күйдірген үтіктің айқыш-ұйқыш іздеріне тіктеп, көз салудың өзі азап! Осыны жасаған тергеушілердің жауыз гестапо жендеттерінен айырмашылығы қайсы?! Тырнағының астына ойнап отырғандай, қызықтап ине тыққылайды, есінен танғанша, қос өкпесінен екілене тепкілейді. Бүйрегінен сау-тамдық қалдырмай, күрзі жұдырықтарымен кезектесе түйгіштейді. Осыны өз парызын қастерлеген журналистер қозғамаса, кім білсін, не боларын. Мүмкін, ол да үйден сап-сау әкетіліп, өлі дене болып, оралар ма еді?!
Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, осындай тұла бойыңды аза да қаза ететін постарды оқисың. Алматы қаласындағы Алмалы аудандық полиция бөлімінде 27-қаңтарда асылып өлген Мұрат Сабдыровтың жасы 33-те екен. Денесін мәйітханадан алған кезде ағасы Арманның көзі шарасынан шыға жаздайды. «… Денесінде, қолында, тырнағында, шынтағында, аяғында, арқасында, мойнында теңбіл-теңбіл дене жарақаттарынан сау жері қалмапты. Үлкен саусақтары көгеріп кеткен. Сынған секілді, тізесі ісіктен көлкілдеп тұрды. Інімді аяусыз азаптап, өз-өзіне қол жұмсауға жеткізгеніне еш күмәнім жоқ… Полиция адам сияқты әдемі қалпында әкетіп, араға бір күн салып, өлі денесін берді. Мен бұл сөзімді жоққа шығармаймын», – дейді Арман Сабдыров.
Оның айтуынша, інісі Мұрат мұнай-газ саласында жобалаушы болып қызмет істеген. Өзінің жеке фирмасы болған, оның сыртында басқа да компанияларды басқарған. Кәсіпкерлікпен белсене айналысқан. Спортпен шұғылданған. Біздің бүгінгі қоғамымызға да аса қажетті азамат еді ғой ол. Сонда, айтыңызшы, біз кімді, қандай азаматты жоғалттық?!
Бұрын да Ішкі істер қызметі саласында жұмыс істейтіндер жөнінде жалпақ жұрттың пікірі оңды емес еді. Қаңтардағы қанды қасірет осы теріс ойды одан бетер еселей түсті. Астана дейсіз бе, Алматы, Шымкент, жоқ басқа қалаларды аласыз ба, оңып тұрғаны жоқ! Мәселен, Семейде полиция басқармасына екі азаматты алып келеді. Жандос Жотабаевты 6-қаңтарда ұстаса, Елдос Қалиевті 10-ы күні қолдарын кісендеп, әкеп қамайды. Жандос 36-да. Екеуі де қан майданда емес, уақытша ұстау мекемесінде өлім құшады. Денелерінде ұрып-соғу, қинап, шыбын жанын шырқырата азаптаудың бадырайған ізі қалған. Соған қарап, айуандықпен өлтірілді, – дейді оларды көргендердің бәрі.
– Осы жерде ешқайсымыз айналып өте алмайтын бір сауалды алдыңызға көлденең тартқым келеді, аға. Ол Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан террористер туралы мәселе. Жиырма мың террорист кіріп кетті деп еді, олар қайда кетті? Осыған орай, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы әскерлерінің елімізге кіруіне қатысты да шулы әңгіменің қызуы әлі басылмай тұр...
– Оның рас. Тұңғыш ғарышкеріміз президентімізге бітімгершілік әскерін кіргізуді ұсынды. Неге өйтті деп, байыбына бармай, байбалам салғандардың ауыр сөздеріне де құлақ түрдік. Әрине, әркім өз ойын айтуға ерікті. Мен де осы құқымды пайдаланып ойымды айтсам: Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен біржола кеттім дегенімен, өзінің қызмет аясын барынша, ауқымдандырып алды да, Тоқаевтың қолында президенттік биліктің пұшпағы ғана қалды. Ол президент ретінде ауданның әкімдерін ғана тағайындайтын құқыққа ие болды. Үкіметтің басшысын да, оның құрамындағы министрлерді де, облыс әкімдері, бас прокурор, республикалық соттың төрағасы, Ішкі істер министрі және басқа да үлкен мемлекеттік биліктің тізгінін ұстағандардың бәрін НӘН-нің өзі іріктеп, елге көз қылып, бекіттірді. Тоқаев қандай мемлекетаралық маңызы зор жиындарға барса, қосамжарланып қасында жүрді. Тіпті кейбірінде ат оздырып, көсіле сөйледі. Елбасымын деді. Ақиқатын айтқанда, Қасекеңнің құзырында бағынатын күштік құрылым болмады. Құдай біледі, президенттің күзет қызметінің іріктелуі де НӘН-нің бекітуінен өткен шығар. Міне, осындай жағдайда Жаңаөзеннен басталған митингі еліміздің басты қалаларының бәрін шарпыды. Оған Қайрат Сатыбалды, Самат Әбіш жылдар бойы жаттықтырып, дайындаған үшінші бандиттік, баскесер күш араласты. Алматыда не болып жатқанынан бейхабар және ешқандай қорғанышсыз қалған Тоқаев, Мәсімов және орынбасарлары бірігіп, билікті басып алу әрекетін бастап жіберген кезде не істеу керек? Амал жоқ, Путиннен бітімгершілік әскерін жіберуді сұрауға мәжбүр болды. «Іздегенге – сұраған» демекші, әлекедей жаланған Ресейдің президенті де соны күтіп отыр екен, үш мыңдай жарақты әскерін әп-сәтте Қазақстанға төге салды. Басқа елден «жаулап аламыз» деп, баса-көктеп кірген ешкім жоқ, бұл заңсыз деп, әлемдік саясаткерлер сол күні-ақ өре тұрып, шу көтерді. Бұған өз ойын ашық айтатын біздің саясаткерлер қосылды. Бірақ бірде-бір терроршы қолға түспеді. Есесіне, билікті басып алу үшін бүлікті ұйымдастырғандар мен қару-жарақ қоймасын ашып бергендер шетінен ұсталды, бұдан кейін де ұстала беретін сыңайлы.
Мен де Қ. Тоқаевтың президент ретінде ешқандай ескертусіз отты қаруды қолдануға пәрмен бергенін құптамаймын. Бұнысы үлкен қателік болды. Қан төгілді. 4 – 12 – 18 жастағы балалар мен 50 жасқа дейінгі үлкен кісілер әлдекімдердің ойсыз, көзсіз қарша боратқан оғынан ажал құшты.
Арада қырық күн өтсе де, әзірге, қаңтардағы көтеріліске байыпты баға беретін жиын өтіп, түйінді тұжырым жасала қойған жоқ.
«Шал, кет! Шал, кет!» деп ұрандатып жүріп, Назарбаевты әйтеуір, саяси аренадан кетірдік-ау. Бірақ ол құрған жүйе өзгерген жоқ. Әлі орнында мызғымай тұр. Ол отырғызған биліктегілер де сол лауазымды орындарында. Оларды кетіру президент Қ.Тоқаевтың жалғыз өзінің қолынан келмейтіні белгілі болды. Айналасындағы алпауыттар мен НӘН-нің сенімді кісілері қол-аяғын байлап-матап тұр. Бәрін кетіру үшін оған жалпыхалықтық қолдау қажет. Біз – үлкен күшпіз. Олар бізден қарадай қорқады. Дәл солай екенін қаһарлы қаңтарда көздеріне көрсеттік.
Бізге жеке-дара билейтін президенттік биліктің керегі жоқ! Бізге керегі – парламенттік демократиялық билік. Кешегі Қаңтар көтерілісіне шыққан жастардың діттегені осы еді. Соны жүзеге асырсақ қана келешегіміз кемел, көңіліміз тоқ болады. Төгілген қанның өтеуін сонда ғана ақтай аламыз. Жазықсыз көз жұмған азаматтардың бәрін де батыр деп дәріптейтін, өтемақыларын өтейтін дәрежеге жетеміз.