Тамадалар «Қыз Жібекті» қайта түсірсе...

Әй, білмеймін, білмеймін...
Біраз уақыт бұрын әйгілі «Қыз Жібек» көркем фильмі қайта түсіріледі екен деген әңгіме бұрқ ете қалды.
Біреулер түсірілмесін деп өре түрегелсе, енді біреулер түсірілгені дұрыс дейді. Екі тараптың уәждерін тыңдап отырып Қожанасырдың күйін кешесің.
Бірде Қожанасыр би атанып, дау шешпек болады. Дауласып келген екі адамның бірінің уәжін тыңдап: «сенікі дұрыс» депті. Екіншісінің наразылығын да ұйып тыңдап отырып, «сенікі де дұрыс» деген екен. Екеуі пұшайман болып келген жөндеріне қайтыпты. Кемпірі: «Әй, Қожеке, осындай да билік бола ма, дауласып келгендердің екеуінің де уәжін дұрыс дедің» десе керек. Сонда Қожекең: «Ә, кемпір сенікі де дұрыс» деген екен еш саспай.
Сол құсағандай, түсірілсін дегендердікін де, түсірілмесін дегендердің де пікіріне дұрыс қарап отырған жайымыз бар. Ірі оқиға туралы, бір шығарма турасында әр кезеңде әртүрлі көзқараспен бірнеше фильмдер түсіріліп жатады. Ол заңды да. Сол тұрғыдан өте жақсы. Бірақ біздің топырақта емес. Бізде осындай бір іс басталса, үміттен гөрі күдік басым болатыны анық. Оған «әжептәуір әндерді айтып қор қылатын пұшықтар» кінәлі. Құртар ма екен деп қорқақсоқтаймыз ғой баяғы.
Біздің қазіргі әртістеріміздің тоқсан пайызы тамада екені өтірік емес. Тойды олардың тілінде «халтура» дейді. Сол «халтураға» белшесінен батқан әртіс-асаба бауырларымыз классика жасай алар ма екен деген күдік басым тұрады. Әрине, тракторшыны, құдашаны, құда баланы, жездені, балдызды ойнай берсін. Бірақ тарихи тұлғаларды емес. Бұрынырақта болған бір қызық оқиға қайыра еске түсіп отыр, соны айта кетейін.
Өзіміздің режиссерлердің бірі түсірген ортаңқол кино болып жатса керек. Бір жігіт бармаса болмайтын бір шаруалармен шығып кетіп, қайта келсе кино бітіп кеткен екен.
– Кино не болды, кім жеңді? – дейді ғой.
– Атып өлтірді, – депті киноны бастан-аяқ көрген інісі.
– Кім-кімді атты? – депті ағасы білмекке құштар көңілмен.
– Ешалайдың тойындағы тамада Сикоштың тойындағы тамаданы атып кетті, – деп жауап берген екен інісі.
Осы мысалдан-ақ біраз нәрсені аңғаруға болады. Бұрынғы актерлер сендіріп жіберетін еді ғой, сеніп қалатын едік қой. Тіпті көрермен кемпірлер «тфуй қарабет» деп Асанәлі Әшімовтің бетіне түкірген кездер болған екен. Бекежан екен деп қалған. Ол кездегі актерлер қарапайым халықтан, қаймана қазақтан бір саты жоғары тұратын еді-ау, шіркін. Қазіргілердің барлығы қолжетімді.
Анаубір жолы болғыш актер Төлегеннің рөлінде атып шықса, сол кезде кино көрмекке жайғасып отырған Жәмила жеңге: «Ой, құрсын мынау ойнай ма не, өткенде бәленше қайнағаның тойын екі мың долларға басқарып, быт-шытын шығарған» деп әңгімені басқа арнаға бұрып жібермей ме? Кино жайына қалып, әңгіме той туралы жалғасып кетпей ме?
– Онша басқара алмай ма екен?
– Құрсын, халық шулап, адамдар бірін-бірі тыңдамай, әбден берекесін кетірді. Одан гөрі анау «Бәсекеде» ойнайтын актер дұрыс басқарады.
Осы әңгімелер негізгі планға шығып, арғы жақта кино өзінше жүріп жатса жаман ғой. Жә, бұл жәй ғана бергі жағы. «Қыз Жібек» жырындағы ұлттық колоритке, Қожықов салған полотноға зиян келмей ме екен деп қорқасың. Әйтпесе, түсіріліп жатқан фильмдерді көріп жүрміз ғой. Әй, білмеймін, білмеймін.
Түсірген де дұрыс шығар. Бірақ қазір емес. Кейі-і-і-і-н.
Лимонад дәмді екен
Бастық таситын шопыр болғалы сенбі-жексенбі дегенді ұмыттым. Кейбір бастықтар жақсы, өздерінің жеке көліктері бар, сол көліктерін өздері жүргізе алады. Біздің басекең өмірі темір тұлпар тізгіндеп көрмеген адам. Бұл тақырыпта әліпті таяқ деп білмейді. Машиналардың маркасын да айыра алмайды. Дөңкиген машинаның бәрін «Делика» дей береді. «Момынның ісін Құдай оңдайды» дегендей, темір тұлпарды тізгіндей алмайтын көкем өмір бойы жеке шопыры бар қызметтер істеп келеді.
Менің алдымдағы шопыры біраз жыл тасыса керек, «демаламын, өз көлігіммен таксишілеп күн көремін» депті. Ал мен, керісінше, сол таксишілеуден шаршаған адаммын. Таксишілеп күн көремін деу итшілеп күн көремін дегенмен бірдей естіледі. Әрине, өзің – би, өзің – қожасың. Қалаған уақытыңда шығып, қалаған уақытыңда демала қоясың. Ақша да өз қалтаңда қалады. Сөйткен күннің өзінде оңай жұмыс емес. Қажытып жібереді. Мен сол күндіз-түні шапқылаудан қажыған адаммын. Оның үстіне жыртығымды жамап, жерімді алып, үйімді салып алғанмын. Сол таксишілікпен. Енді бір айлыққа қараған тыныш жұмыс істесем деген ойға келгем. Өлмеспіз деген сөз бар емес пе? Сөйтіп, өлместің күнін кешуге бел шешкенмін.
Басекең жылы қабылдады. Алпыстың айналасындағы байсал тартқан парасатты адам. Отбасым туралы сұрады. Жұмыстың ауыр еместігін, тіпті жайлы екенін жеткізді. Бірте-бірте таныса жатасың деді.
– Бір ғана мәселе бар. Қазақ болғасын сенбі, жексенбі күндері той-томалаққа бармай тұрмаймыз. Басқа да шаруалар бар дегендей. Мен өзім көлік жүргізе алмаймын. Сол күндері де жұмысқа шығып тұрсаң, – деді.
Мен осы жеріне келгенде ойланып қалдым. Бұл қалай болғаны? Жә, өзі көлік жүргізе алмайды дейік, бірақ қолында тұратын ұлы бар емес пе? Естуімше ұлында бір көлік, келінінде бір көлік бар көрінеді.
«Олар да шаршайды ғой, өз шаруалары бар дегендей, мазаламасам деймін» дегенді жеткізді. Сонда оның баласы шаршайды екен да, мен шаршамайды екенмін. Оның баласы демалу керек те, мен тиесілі демалысыма қарамай, шауып жүруім керек екен. Әділет қайда? Жо-о-о-қ, басекең парасатты адам дедім ғой. Оның да шешімі бар болып шықты. Маған екі ұсыныс айтты. Бірі – сенбі-жексенбі күндері жұмысқа шыққанымның орнына аптаның бейсенбі, жұма күндері демалуды ұсынды. Сол екі күнде орынбасарының машинасымен келіп-кете салмақ. Екіншісі – сол демалмаған сегіз-тоғыз күніме өз қалтасынан қосымша ақша төлемек. Ойланатын-ақ шаруа. Менің тіршілігім қайбір сенбі-жексенбі күндері демалуды талап етіп тұр еді, істей бермекке бекіндім. Бірақ ақшалай алғаным дұрыс па, бейсенбі, жұма күндері демалғаным дұрыс па? Екеуін де қимаймын, екеуі де керек. Осындай жағдайда әйелімнің көмегіне жүгінетінім бар. Ол бейшарамда да қайбір кенен білім, толысқан ақыл-парасат бар дейсіз, кәдімгі «онға дейін санаймын, қайсысы он болса сол болады» дегендей ғана тірлік менікі. Болмаса одан оңды шешім күтпеймін. Әйелімнен ақыл сұрадым. Бұндай кезде ол байғұстың да өзін керім сезініп қалатыны бар. Ойланғандай болып тұрды да: «ақша-ақша деп өлесің бе, сен де бір уақ демал, тыныш жұмыс деп барып отырған жоқпысың», – деді. Сол шешімге келдім.
Жұмыс соншалықты жайлы болмаса да, бұрынғыға қарағанда тыныш. Таңда ертерек барамын. Басекең шыққанға дейін үлкен немересін мектебіне, кішісін балабақшаға апарып келемін. Басекеңді жұмысқа әкелгеннен кейін босаймын. Онда да бір жақтарға кетіп қалмаймын. Кейде көліктің ішінде, кейде жұмыстағы күзетшілердің бөлмесінде телефон шұқылап отырамын. Кейде қабылдау бөлмесіндегі хатшы қызының бір шыны кофесін ішемін. Аяқ асты бір жерлерге баратын болып қалса, зыр етіп апарып келемін. Сосын кеште жұмыстан кетіп бара жатқанда немересін балабақшадан ала қайтамыз. Болды.
Бірақ осы режимді басекеңнің үйіндегі жеңешем бұзып тұрады. Кейде жиі бұзыңқырап жүреді. Жеңешем деп отырғанымнан-ақ байқаған боларсыз, басекеңді аға қылып алғанмын. Сол жеңешем: «Еркеш, үйге келе қойшы, базарға барып келейік», – дейді. Жетіп барамын. Жеңешеммен базарлап қайтамыз. Алған оны-мұны заттарын өзім арқалап жүремін. Менің міндетіме жатпаса да оған бола ренжи алмаймын. Өйткені базардан шыққанда кішігірім пакетті өзіме жеке береді. «Мынаны үйдегі келінге берерсің, мынаны балаларыңа апарып бере ғой» дейді. Осыдан соң кімге, не деп ренжисің. Кейде екі-үш күн қатарынан базарламай қалса, қиналатын да кездерім бар. Өйткені әйелім де, балаларым да кешкілік оны-мұны ала баратыныма әбден үйреніп қалған. Жеңгем базарға ғана бармайды, басқа да шаруалары баршылық. Соларға жүріп беремін. Кейде ет алғанында бұзып, жіліктеп, тұздап беремін. Ондайда бес-он келі тартатын етін тағы береді. Және олар мені шопыр екенсің деп сыртта күттіріп қоймайды. Үйге кіріп отыр дейді. Басекеңмен бірге отырып сол кісі жегенді жеп, ішкенді ішіп жүре берем. Бірте-бірте сол үйдің баласындай болып бара жатқанымды сезбей қалдым. Сол үйдің баласындай болғасын тамағын ішіп қана жүре беретіндей масыл емессің, бірді-екілі шаруаны атқара беретін болдым. Оның өзі табиғи түрде іске асып кетеді екен. Бір күні әдеттегідей таңғы уақытта барғаным сол еді, жеңгей ауланы сыпырып жүр екен. Әке-көке деп өбектеп жүрген адам сыпыртқы ұстап жүргенде қалай қарап тұрмақсың? Қолындағы сыпыртқыны алып, басекең шыққанша атшаптырым ауланы сыпырып-ақ тастадым. Келер жолы ертерек барғанымда тағы сондай бір шаруа істеп жүр екен. Оны да өзім аяқтай салдым дегендей. Сөйтіп, ас ішу жағынан да, үй шарасы тұрғысынан да сол үйдің бір мүшесіндей болып кеттім. Балаларды мектепке, балабақшаға апара салу да, әкеле салу да өз жұмысыма айналып кетті. Қонақ шақырғанда жеңгейдің уақыты жетпей жатса қолыма тілдей қағазды ұстап алып базарды өзім-ақ сүзіп шығатын болғам. Қай жерден нені алуды әбден жаттап алғанмын. Үйдегі қажеттіліктен өмірі базарға барып көрмеген басым – басекеңдер шайдың, судың қай түрін ішетініне дейін біліп алдым.
Не керек бейсенбі, жұма күндері демалып алып, қызметімді істеп жүре бердім. Айлығым да тәуір, жаным да тыныш, қарын да тоқ. Басекеңнің бір қиын жері ішімдік пен темекі дегенді жек көреді екен. Алғашқы таныстықта екі өтірікті бірден айтпайын деп, бір өтірік пен бір шындықты араластырып айттым. Темекі тартамын, бірақ ішімдікке әуестігім жоқ дегенмін. Тартамын дегенім шындық, ішпеймін дегенім өтірік еді. Тағы бір ең қиын жері «өтірік айтқан адамды кешіре алмаймын» дегені. Оған менің осы азғантай уақыт аралығында көзім жеткен. Өтірік айтқан адамды жұмыстан шығарып жібергеніне де куәмін. Ал мен жұмысымнан айырылғым келмейді. Мен жалпы өтірікке жақын адам емеспін. Және бастыққа айта қоятындай өтірігім де жоқ. Баяғыда ішімдікке әуестігім жоқ деп айтып қалған өтірігім ашылып қалмаса болды. Әуестігімнің жоғы жоқ қой, енді аптасына бір мәрте шаршау басып, шөл қандыратыным бар. Сол жағына аса сақтықпен қарап, күнімді кешіп-ақ жүргем. Бейсенбі күнгі демалысымда «аттың басын жіберіп алып», жұма күні моншаға барып терлеп, екі-үш саптыаяқ сыра тартып, сенбі күні қаққан қазықтай болып алатынмын.
Сондай бір жұма күні еді. Кешегі уды термен шығарып тастап, бір саптыяқ сыраны алдыма енді қоя қойғаным сол еді, бастығым кіріп келмесі бар ма. Немересін ертіп алған. Жанымдағы бос орынға жайғасып жатып: – Сен де осы моншаға келетін бе едің? – деді.
– Жоқ, үйіме жақын жердегі моншаға баратынмын. Ол монша жөндеуге жабылып қалыпты. Сол себепті бүгін осында келе салған едім. Оның үстіне бассейні де кең екен, – дедім.
– Иә, бұл жердің бу бөлмесі де жақсы. Мен өзің білетіндей сенбі күндері келуші едім. Оған ертең жолға шығып барамыз. Бүгін жұмысқа барып, тыныш болғаннан кейін шығып кеткенмін. Сосын мына бұзықты ертіп алдым, – деді.
Деді де алдымда тұрған мөлдір сары сусын толы күрежкеме қарады. Біткен жерім осы шығар деп ойладым.
– Мына ішіп отырғаның не деп сұрады?
– Лимонад қой, – дедім міз бақпай.
Баяғы өтірігім аздай, тағы бір өтірікті қосып жібердім. Шындығында, осы өтірік дегеніңіз балалайды. Бір өтірік айттыңыз ба, біттіңіз. Соны жабу үшін екіншісін, оны жасыру үшін үшіншісін, одан ақталу үшін төртіншісін айтасыз. Міне, менің өтірігім балалап үлгерді. «Осыдан құтылсам болды, енді өтірікке де, сыраға да жоламаспын» деп ойлап үлгердім. Ашылып қалмаса екен деп қылпылдап отырмын. Басекеңді байыпты, салмақты адам деп едім ғой, сонысымен қатар бұл кісінің аңғалдығы да бар еді. Менің «лимонад қой» деген өтірігіме сенді. Мынау лимонадқа ұқсамайды ғой, одан көрі сарғыштау емес пе деп күдіктенбеді де. Құтылған шығармын деп отырғанымда бар бәлені ана бұзық немересі бүлдірді.
– Ата, мен де лимонад ішейінші, – деді.
– Кішкене құйып берші, – деді сусын ішетін кішкене бокалды беріп.
Құрыған жерім осы болды. Енді мойындамасқа лаж жоқ. Мойындасам құрыйын деп отырмын.
– Басқасын әперейін, – деп орнымнан тұра ұмтылдым.
Осылай құтылмасам, басқа жол көріп тұрғаным жоқ. Барға барып, нағыз лимонад әкеліп бермек болдым. Басекем иығымнан басып отырғызды.
– Алмай-ақ қой, көп керек емес, тамағы ұстап қалып жүрер, өзіңдікінен құйып бере бер, – деді.
Амалсыз құйып бердім. Құттай балақан сіміріп алды. Көзім тас төбеме шықты. Жиіркенер, шашалар, құсар дегем. Жоқ, мүлде олай етпеді. Керісінше, жерік асын ішкендей рахаттанды. Тамсанып қойды. «Ух» дедім, жаным қалғандай. Балақан стақанын маған қарай ысырып:
– Тағы ішемін, – деді.
– Дәмді ме екен? – деді атасы.
Балақан басбармағын қайқайтып тұрып:
– Иә, өте дәмді екен, – деді.
Балабақшасына апарып, әкеліп жүргесін мені өзімсінген түрі. Айттым ғой, мен осы үйдің бір мүшесіндей болып кеткенмін. Балақан маған ағасына еркелегендей еркелеп отыр. Мен басекемнің бетіне қарадым. Мейлің дегендей ишарат білдірді. Мен тағы құйып бердім. Балақан бірден тартып салды. Сосын сәл отырды да кекірді. Ойпыр-май, лимонад пен сыраның кекірігі екеуі екі түрлі болады екен-ау, енді байқадым. Сыранікі сүйкімсіздеу, жуандау болып келеді екен. Балақанның кеңірдегін жыртып жіберердей адуынды күшпен шықты. Атасы немересіне назар аудармады. Әңгімесін жалғап отыр.
– Саған ризамын. Дұрыс, ішімдікке жолама. Анау үстелдердегі жігіттерге қарашы, сыраны да арақты да ішіп отыр. Басқа-басқа жұма күні солары дұрыс па енді? Арттарынан бір теуіп, қаңғытып жіберетін-ақ адамдар. Өзін-өзі қор қылып жүрістерін қарашы. Мен балаларыма «ішімдікке жоламаңдар» деп ескерткенмін. Бірде-біреуінің бұған әуестігі жоқ, шүкір. Мына немерелерімнің қаны тап-таза деп айта аламын, – деді.
Ойпыр-май қаны тап-таза дейді. Менікі жөн болмады. Өзімнің бүлінгеніммен қоймай, сондай бір пәк, таза бүлдіршінді былғап үлгердім. Бір кезде ана балақан қалғып бара жатты. Атасы оны бассейн маңына қатар-қатар қойылған пластмасса төсектердің біріне апарып жатқызып, үстіне орамал жапты.
– Күнде балабақшада ұйықтап жүрген бала емес пе, режимі қалыптасып қалған, – деді.
Мен үндемедім. Басекем маған ұлт болашағына әркімнің жауапты екенін, ол үшін әркім өз ұрпағына жақсы тәлім-тәрбие, сапалы білім беруге міндетті екендігі туралы ұзақ-сонар лекциясын оқыды. Екеуміз арасында бу бөлмесіне кіріп, шылқылдап терлейміз. Одан шыққасын салқын себезгінің астына тұрып салқындап аламыз. Қайыра келіп, арнайы бөлмедегі дастарқанға жайғасамыз. Мен «лимонадты» тоқтатқанмын. Басекеммен бірге шай ішіп отырдым. Бір кезде бала оянды. Атасы оны жуындырды. Балақан «басым ауырып кетті» деді. Атасы «шаршаған шығарсың, онда үйімізге қайтайық» деп киінетін бөлмеге қарай беттеді. Екеуі киініп шығып кеткеннен кейін барып «ух» дедім. Жаным қалды-ау әйтеуір. Байғұс балапанның басы ауырып бара жатқан шығар. Мейлі, тағы бір ұйықтап алса басылар. Ең бастысы, өзімнің өтірігім шығып қалмады. Енді қоймасам болмас… Өтірігім жалғаса берсе бір күні тірлігім оңбас. «Лимонадтың дәмдісі дәмді» ғой. Шөліңді қандырғаннан кейінгі ауыртпалығы да жоқ емес, ауыртатыны тағы бар. «Лимонадтан» ауырған жаман.