Енді тамақ таситын курьерлер медициналық тексеруден өтеді
Қазақстанның сауда және интеграция министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитеті тамақ жеткізу қызметіне байланысты жаңа талаптар құжатын бекітті.
Аталған талаптар 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді.
Енді жаңа құжатқа сәйкес, курьерлерде медициналық тексеруден өткені туралы белгісі бар жеке медициналық кітапша болуы тиіс. Бұдан бөлек курьер кәсіби гигиеналық дайындықтан өтуі керек.
Бұдан басқа, қоғамдық тамақтандыру өнімдерін тапсырыста көрсетілген орын бойынша тұтынушыларға жеткізу кезінде және тапсырыстарды беру пункттерінде қаптаманың тасымалдау барысында сыртқы зақымдануын анықтау үшін тапсырыстағы өнімді тексеру мүмкіндігі берілуге тиіс.
Стандартты ҚР СИМ Сауда Комитетінің бастамасы бойынша Қазақстан стандарттау және метрология институты әзірлген.
«Осы стандартты қолданудан қоғамдық тамақтандыру өнімдерін жеткізу нарығындағы талаптардың ашықтығы мен бірізділігі қамтамасыз етіледі, тұтынушылардың көрсетілетін қызметтерге деген сенім деңгейі артады және Қазақстан Республикасында азық-түлік қауіпсіздігі жүйесінің нығаюына ықпал етеді», - дейді техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Жанна Есенбекова.
Қабылданған стандарт мейрамханалардың, кафелердің, логистикалық компаниялардың және курьерлердің тамақ жеткізу қызметінің сапасын арттыруға арналған.