Танакөз Толқынқызы: «Президенттің көзіне түссең, мансапқа жетесің»
Танакөз Толқынқызы ақын ретінде ерте танылды. Біз ескі Алматының елеусіздеу кафесінде кездестік.
– Сіз кейінгі уақытта әлеуметтік желіде саяси-әлеуметтік жағдайға байланысты ойларыңызбен көрініп жүрсіз ғой, сондықтан кездескім келген, – деп бастадым.
– Адам ақын болғаннан соң үндемей қала алмайды екен. Сондықтан Лена мен Фарида сынды адамдарды жаздым. «Кеше олар Арон Атабекті өлтірген. Аронды қалай өлтіргеніне үнсіз қарап отырдық. Бүгін — Әйгерім Тілеужанова!» деп, журналиске ара түстім. Қазақстанда билік қана емес, қоғам да адамдарды тонап жатыр...
Біздің алғашқы диалогымыз еліміздегі әлеуметтік мәселелер, адам құқығы жайында басталды.
***
Ешкімге ұқсамайтын адамдарға қашан да буллинг жасалады
Біздің қоғамда мен жазған Лена сынды адамдар сирек. Олар басқаларға таңсық көрінеді. Олар топтың ұстанымдарымен өмір сүрмейді. Мұндай ұстаныммен өмір сүру қиын. Сені орта қабылдамауы, таңырқап қарауы мүмкін. Өзіңді басқа планетадан келген сияқты ұстауыңа тура келеді. Ленаның ауырып қалуына да сондай нәрселер себеп болды деп ойлаймын. Себебі оны адамдар ренжітеді ғой. Ол әр ренішке жауап қайтармайды. Іште қалған өкпе кейіннен дертке айналады. Анығында, үнемі күліп өмір сүру қиын. Себебі адам бірқалыпта ешқашан тұра алмайды. Көңіл күйіңді өзгертетін келеңсіз жағдайлар болады. Жалпы қоғам қалыптастырған стереотиптермен өмір сүрмейтін адамға қашан да қиын. Өйткені сен қоғамға ұқсамайсың. Ондай адамдарға қашан да буллинг жасалады.
Тұтас Қазақстан ұры мемлекетке айналды. Мен француз елшілігінде жұмыс істедім. Сол кезде маған бір француз: «жемқорлық қазақ ұлтының менталитеті екен» деді. Бұндай айыптау ауыр ғой. Ол жай ғана ойын айтты. Меніңше, осы сөз ұлтқа дәл қойылған диагноз. Мойындағың келсе де, келмесе де адым сайын сол процеспен кездесеміз. Мен сол мақсатта Фариданы жаздым. Еңбегімен табыс тауып жатқандарды билік қана емес, халық та тонап жатыр. Қарапайым халықтың өзі жемқор. Әрине, бұл айыптау ауыр. Әр адам өзінен бастау керек. Біреуді өзгерту қиын. Өзгеріске әр адам жеке келуі керек. Оған қалай келуді білмеймін. Оны әр адам өзі шешеді. Білетінім – әр адам өзгеріске жеке келеді. Өзгеріс Құдайдан. Қазақстанда көп адам кетуді ойлайды. Себебі өзгеріске сенбейді. Сен түзу жүресің. Бірақ балаларыңның қадымын аштырмайды. Оқуын тәмамдап, жақсы жерге жұмысқа орналастырайын десе бүкіл жер жабық.
Біздің елде өсу категориясы жағымпаздықтың шкаласымен өлшенеді. Неғұрлым жағымпаздық шкаласы жоғарылаған сайын сіздің өсу баспалдағыңызда жоғарылай түседі. Сондықтан амалы құрыған адам, өмір бір-ақ рет берілетін болғандықтан, өзіне сұрау салып, кеткісі келеді. Ұрпағын ойлайды. Кез келген кезде оқ атыла салатын, кез келген уақытта экстремизм деп түрмеге қамай салатын елде тұрғысы келмейді. Мысалы, Қаңтар оқиғасы кезінде бәрі саналы түрде шыққан жоқ қой. Арасында дүкенге, дәрі алуға шыққандары да бар. Тіпті интернетті өшіріп тастады. Кейбір адамдарға ақпарат жетпеген. Көшеде бейхабар ән тыңдап бара жатқандар да оққа ұшты. Сонда біз осындай мемлекетте өмір сүреміз, кез келген уақытта сені атып тастайды және оған ешкім жауап бермейді. Бұл – қорқынышты ғой. Адамзат Марсқа көшуді ойлап жатқан кезде мұндай жабайы мемлекетте өмір сүру қауіпті. Сондықтан кез келген адам «маған бұл мемлекетте тұру керек пе? Мен бірнәрсені өзгерте алам ба?» деп өзінен сұрайды. Сондықтан кету жолын таңдайды. Ондай адамдарды түсінем. Өйткені айналамда көп адам кетіп қалды. Оларды кінәлай алмаймын. Мен де түбі кететін шығармын деп жүрмін. Екінші жағынан, біз кететін болсақ, жоғалған ұрпақ атанамыз. Себебі балаларың қазақ болмайды, бұл тілде сөйлемейді. Кімге үйленеді... Басқа менталитетте өмір сүреді. Сондай аумалы-төкпелі, күрделі таңдау заманда өмір сүріп жатырмыз.
Ұлт несие құлдығының күйзелісінде
Қазір психологиялық әдебиеттің астын сызып оқиды. Неге? Себебі ұлт депрессияда, ұлт несие құлдығының күйзелісінде. Олар өзіне қажеттісін оқиды. Қажетті кітап қазір психология болып тұр. Көркем әдебиеттің астын сызып оқитын адамдар сирек шығар, бірақ бар. Олар қашан да болған. Пессимистік ойлармен келіспеймін. Әдебиет қашан да жүректің сыйы, адам ешқашан робот бола алмайды. Сондықтан жүрек бар жерде, сезім бар жерде әдебиет жоғалмайды, стилі, форматы өзгеруі мүмкін, бірақ ол адамзатпен бірге өмір сүреді.
Журналистика о бастан қауіпті жұмыс. Бірақ бізде журналистер жоқ. Өзінің шекарасын білетін, айтуға болмайтын нәрселерді айтпайтын, сызып берген аумақта жүретіндер көп. Ол аумақтан шыққандар қай жерде отырғанын өзіңіз білесіз. Олар түрмеде отырады, белгісіз себептермен атып кетеді, апатқа ұшырайды. Жалпы, Қазақстанда шындықты айту өте қауіпті. Ешкім сізге есеп бермейді, жауап бермейді. Ал сіз ештеңе істей алмайсыз. Ата заңдағы сөздер, адам құқығы қағаз жүзінде қалады.
Біздің ұрпақ өткеннен қалған ұрпақ сияқты сезіледі. Себебі біздің элитамыз атылды, қырылды-жойылды. Олардан кейін кімдер қалады? Элитаны ұстап бергендер мен сатып бергендер. Одан бөлек үреймен өмір сүретіндер мен өз пікірін айта алмайтындар, диктатураға көнгендер қалды. Міне, қазіргі ұрпақ қорқыныштан, үрейден, білімсіздіктен өсіп шыққан ұрпақ. Бұл да үлкен айыптау шығар. Бірақ жеке ойым сондай. Сапасыз ұрпақ десек те болады. Қазір уақыт өлтіру ойыны жүріп жатыр. Уақыт деген өте шектеулі һәм қымбат қой. Бірақ соны біз tik tok-тағы ойын-сауыққа жұмсаймыз. Бұл енді өте аянышты. Ол да сол геннен, оқымайтын әке-шешеден оқымайтын ұрпақ туады.
Францияда президенттің көзіне түсіп қалғаның үшін саған ешкім мансап пен тендер бермейді
Францияда білім алып келдім ғой. Сол жақпен салыстырып айтайын. Оларда мектеп бітірген кезде кез келген жоғары оқу орны тегін болады. Емтихан тапсырмай да қалаған оқуыңа түсе аласың. Бірақ содан кейін іріктеледі. Кім оқиды, кім кетеді белгілі болады. Бұл өте әділетті шешім деп ойлаймын. Бізде, керісінше, алдымен түсіп алады. Сосын оны ақша беріп бітіруге тырысады. Сосын одан кісі өлтіретін білімсіз дәрігерлер шығады. Біз оның жемісін жеп жатырмыз. Ал Францияда тең дәрежеде қарайды, адал мүмкіндік береді. Мен оқыған жылдары оқуға түсу 100 доллар болатын. Соны төлейсің де, оқуға түсе бересің. Бірақ бұл мамандыққа не үшін келгеніңді 4-5 курсқа дейін дәлелдейсің. Бірінші курста жақсы оқып, кейін 3-4 жыл бойы соның арқасында оқи беремін деу жоқ. Екінші курста шығарып жіберуі мүмкін. Сондықтан соңына дейін дәлелдеуіңе тура келеді. Одан кейін жұмыс табу үлкен стресс, себебі жұмыс күші қымбат, жалақысы жақсы. Жұмыс таба алмағандарға төленетін минимум ақша бар. Сонымен өмір сүре бересің. Бірақ француздар соны алуға арланады. Бізде керісінше ғой. Таласып тұрып алуға тырысады.
Еуропа қоғамы күліп жүруге тырысады. Ол – мәдениет. Артыңда келе жатқан адамға есікті ашып тұру сияқты қарапайым ілтипаттар. Танымаған адамыңа да күліп сөйлеу. Сосын ол жақта жемқорлық туралы түсінік жоқ. Мысалы, мектепке Макрон кірсе, мұғалім шаруасын істеп отыра береді. Бізде бірнеше күн бұрын ескертіледі. Мұғалім дәл сол күні қоян сияқты есік алдында тұруы керек. Не айтатыны – 45 рет тексеріледі. Бәрі реттеледі. Былайша айтқанда, бәрі өтірік қойылым. Ал Францияда президент жай ғана менеджер. Себебі ол жақта президенттің көзіне түсіп қалғаныңыз үшін жұмысқа алмайды. Тендер бермейді. Сондықтан президент келсе өзінің жұмысын істей береді. Конституцияны сақтайтын, заңға бағынатын, ешкім ешкімнен артық, не кем емес.
Мен алғаш келгенде заң жұмыс істейтіні қатты таңғалдырды. Себебі мен заң жұмыс істемейтін мемлекеттен келіп тұрмын. Бізде байдың айтқаны ғана заң, кедей қанша жерден ақ болса да қара болып шығады. Еуропада ол мүмкін емес. Заң қатты жұмыс істейді, халқы ояу. Екі күннің бірінде митинг болып жатады. Ол жақта профсоюз деген бар. Профсоюздер халықтың үнін билікке жеткізетіндер. Мысалы, ұшақ қызметкерлері жалақыны өсірсін дейді, барлық ұшақ ұшпай қояды. Сосын билік адамдары мен профсоюз келісімге отырады. Ол үшін ұшақ қызметкерлерін қудаламайды, атпайды. Электрошокпен ұрмайды. Олар не үшін дамыған, біз дамушы елміз десек, кәрі құрлықта сана өскен, сана биігінде сөйлеседі. Заңдарына бағынады, жемқорлық жоқ десе де болады. Бір жерге пара беріп кіру дегенді түсінбейді.
Әрине, әр қоғамның өз минусы болады. Мысалы, Францияда көп адам депрессиямен ауырады. Өйткені олар жеке дамыған. Бір-бірімен тығыз қарым-қатынас жоқ. Ол жақта өз бизнесің жақсы қорғалады. Білім деңгейі жоғары. Бізде бәрі керісінше. Мысалы, Астанада депутаттар, министрлер, министрлердің тоқалдарынан артылған орын талантты адамға тиюі мүмкін, тимесе солар оқиды. Оны айтқан себебім, менің балам ғарыш саласында 129 балл жинады. Сол мамандыққа Назарбаевты бітіргендер, жалпы физика-математикада оқығандар барды. Солар қайда, неге олар тізімнің басында тұрмайды? Оларға қандай жағдай жасады?! Жай мектеппен оларды салыстыруға келмейді. Қайда енді? Бұл дегеніміз – жағдайы жақсы жерлерде «звонокпен» шешетіндердің балалары оқиды деген сөз. Бізде деколонизация жүруі керек деп есептеймін.
LRT -ға ақша бөлінсе қуанбаймыз, ол ақша жеудің схемасы екенін білеміз
Қазақ ұлтында қарапайым кезекке тұру мәдениеті қалыптаспаған. Бұл ұяттың кетіп бара жатқанының белгісі. Кезекке тұрмаудың өзі ұяттың көрінісі. Сен мысалы, емханаға бірнеше күн бұрын жазылғасың, енді келіп кезегіңді күтіп тұрсың. Алдыңнан келеді де бір адам сұрамай кіре береді. Сен сол жердегі кезегіңді қорғау үшін жанжал, төбелеске дейін барасың. Және бұл бір рет емес, әр барған сайын қайталанатын шаруа. Неге олай? Себебі оны қабылдап отырған дәрігер де, кезексіз кіріп кеткен адам да ұялмайды. Ұятсыздық бізде нормаға айналып бара жатыр. Ар-ұят Құдайдың бір аты, сол өліп қалғаннан кейін адам кез келген нәрсеге бара береді. Ал кезекте тұра алмау соның ең төменгі бір сатысы. Бізде мемлекеттен бір жоба, мысалы, LRT-ға ақша бөлінсе қуанбаймыз. Себебі ол ақша бөлдіріп, оны талан-таражға салып, құйрығын ұстатпай кететіндердің схемасы екенін білеміз.
Бұрын телеарналар, газет-журналдар халықпен тікелей байланыста болатын. Менің жас кезімде мысалы, «Қазақ әдебиетіне» бір рет шықсаң сені халық танитын. Қазір оның орнын әлеуметтік желі басты. Өз оқырманыңды табу оңай. Сенің аудиторияң сол жерде отыр. Қазір жазсаң бірден оқиды, оның үстіне қанша адам оқып отырғанын бақылай аласың. Кері байланыс бар. Сол тұрғыдан келгенде қолайлы. Бәрібір «сен жазған дүние жүректерге жете ме?» деген сұрақ қызық. Сондықтан әлеуметтік желіні пайдаланатыным рас. Әрбір адам әлеуметтік желіні пайдаланып, бір телеарнаның рөлін атқара алады. Қазір болып жатқан оқиғаларды дәл сол жерде тұрып ақпарат тарата алады. Сондықтан қолайлылық жағынан әлеуметтік желіні таңдадым.
P.S. Танакөзбен әңгімеден кейін кешкі Алматының жалт-жұлт еткен көшесінде кетіп бара жатырмын. Алдымнан полиция қызметкері шықты. Француз жазушысы Ремарктың «Лиссабон түніндегі» романында «полициядан қорқу эмигранттарда қалмайтын әдет. Оның үрейленетін ештеңесі болмаса да, тіпті түсінде де қорқады» деген сөзі есіме түсті. Өзімді өз елімде эмигранттай сезінеді екем. Себебі әр қызыл жағалыны көрген сайын шала бүлінемін. Бұл жолы да біресе қалтамды қарманып, біресе телефонымды алып, абдырап қасынан өте шықтым...
Жазып алған – Тұрсынбек БАШАР