Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:46, 13 Қазан 2022

Тақ таластық пен бақталастық кімге керек?

None
None

Сонымен Президент сайлауына 12 кандидат құжат тапсырды. Бұл Қазақстанның тарихында болмаған жағдай.

Бұл әрекет нені білдіреді? Атаққұмарлық па, жоқ әлде, шын мәнінде ел жағдайын серпілтуге ұмтылған адамдардың жанашыр әрекеті ме?

Меніңше, бұл көрініс айдында қалқып, бірақ қайда бара жатқанын білмейтін ескексіз қайықтың әрекетін көз алдымызға әкеледі.12 кандидат! Бірақ олардың барлығын да халық біледі деу қиын. Мұның астарында «атың шықпаса, жер өрте» деген жайт жатыр. Тіпті кандидаттардың бірі Орталық сайлау комиссиясына құжатын өткізіп тұрып, «Президент болу мақсатым емес», – деді. Жалпы бұл адам таңғалатын емес-ау, пенде шошитын іс қой. Бұл көрініске журналист-жазушы Сәкен Сыбанбайдың кекесінге толы бір пікірімен жауап беруге тура келеді.

–«Онда Қазақстан кім көрінген (мәселен, осыған дейін бірде-бір саяси мәселеге араласпаған) Жигули сияқты біреу басқара беруге (мысал үшін болса да) лайық ел ме? Ар, ұят деген ұғымдар өз мәнін жойды ма? Шығыс Тимор, Чад, Никарагуа деген секілді артта қалған елдер туралы есіп әңгіме айтамыз. Мына тірлігіміз ең артта қалған сорлы ел екеніміздің нақты дәлелі ғой! Кешір, Шығыс Тимор, Чад,һәм Никарагуа! «Назарбаев заманы (ескі Қазақстан) өтті» депті біреу атасының басы! Бұл ескі Қазақстанның одан сайын ескіре түскен нұсқасы! Ұяттан жұрдай кандидаттардың табақтай бетіне қараған сайын жер боламын. Ұят-ай… Сорлы-ай! Бейшара-ай! Әй, Тоқаев-ау, ең болмаса, өзіңе лайық бірер қарсылас тапсайшы! Инсценировка жасасайшы! Көтерем көксау шалмен, бір қолы жоқ шолақпен және орнынан тұра алмайтын мешел баламен (мысал үшін) таласу абырой ма?! Не деген масқара? Мына бүкіл халықты топас санау назарбаевщинаның наглый варианты ғой!Ештеңе жоқ өзгерген...».

Міне сөйтіп, үміткерлердің құжатын тапсыратын ең соңғы күні Қазақстан айды аспанға бір-ақ шығарды. Сонымен президент болғысы келетіндер кімдер? Мақұл, Тоқаевты айтпай-ақ қояйық. Ол елге, әлемге танымал адам. Қалғандары ше? Енді халық «кемеңгерлерді біле берсін» деп, аты-жөнімен тағы бір таныстырайық. Олар –Жигули Дайрабаев – «Ауыл» партиясы, Мейрам Қажыкен – «Аманат» кәсіподақтар достастығы, Нұрлан Әуесбаев –  Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Қарақат Әбден – «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлердің ұлттық альянсы», Нұржан Әлтаев – «Мұқалмас» қоғамдық бірлестігі, Жұматай Әлиев – «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі, Талғат Ерғалиев – «Қазақстан құрылысшылар одағы», Салтанат Тұрсынбекова – «Қазақ аналары – дәстүрге жол» бірлестігі, Хайролла Ғабжалилов – «Оралмандардың «Асар» бірлестігі», Бақыт Жаңабаев –  «Қазақстандық Футбол Әуескерлері Лигасы» қоғамдық бірлестігі», Фатима Бизақова – «Тәжірибелік психология» республикалық қоғамдық бірлестігі. Енді олардың құжаты толыққанды тексеріледі. Содан кейін бәрі дұрыс болса, мемлекеттік тілден емтиханнан өтеді. Лингвистикалық комиссиядан олар сүрінбесе, алдағы он күннің ішінде әр кандидат 118 273 сайлаушының қолын жинауы тиіс. Мұншама адамды жинау оларға оңайға түспейді. Енді мына қызықты қараңыз, кандидаттардың тағы бірі «не үшін президенттікке түсіп жатқанын да» білмейтін болып шықты. Өйткені бұл – Қазақстан. Ал мұндай мемлекетте неше түрлі қызық оқиғалар бола береді. Мұнан шығатын қорытынды не? Шамасы келе ме, келмей ме, кім көрінген президент болғысы келеді. Сонда президент болу ойыншық па? Біз сонда мемлекеттің тағдырын «Президент болуды мақсат емес» немесе «не үшін сайлауға түсетінін білмейтін адамдарға тапсырамыз ба? Жалпы Президент сайлауында бәсекеге түсетін адам ең алдымен жөнін білу керек қой.

Енді 30 жылда территориясы алып мемлекетті бір адам басқарғаннан кейін халық «тар бұғаудан босанғысы» келетін шығар. Бірақ бұл таңғалатын нәрсе емес. Бір шенеуніктің журналистерге айтқанындай, оларға «жынымды келтірмеші» дегің келеді.

Жалпы артыңа бұрылып, сайлау тарихымызды қарасақ, көз тоятындай нәрсе жоқ. Сайланған бір-ақ адам. Ол – Назарбаев. Осы уақытқа дейін Қазақстанда жалпыхалықтық президент сайлауы 5 рет өткен. 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015 жылы. Бәрін де Назарбаев жүйесі уақытына жетпей, мерзімінен бұрын өткізіп отырған. Әрине, тағынан айырылып қалмау үшін істелінген бұл әрекеттің бәрінде де «Тұңғыш Президент» басым дауысқа ие болған. Дауыс алудың ең рекордты көрсеткіші 1991 жылдың 1 желтоқсанында орын алды. Нұрсұлтан Назарбаев сол кезде халықтың  98,78 пайызының дауысын жинаған. Дұрыс-ақ шығар. Жалғыз үміткер. Еліміз тәуелсіз алған жылғы халықтың бұл таңдауын да түсінуге болар. Ал 1995 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылдың 1 желтоқсанына дейін ұзарту үшін референдум өткізіліп, бұл шешімді сайлаушылардың 95,46 пайызы қолдаған. Бәрі де халық үшін емес, Назарбаевтың билігі үшін жасалынған. 1999 жылдың 10 қаңтарында Қазақстанда екінші жалпыхалықтық сайлауы өтті. 2005 жылдың 4 желтоқсанында Қазақстан президент Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың 91,15 пайыз дауысын жинады. 2010 жылдың маусымында Назарбаев «Тұңғыш Президент – Ұлт көшбасшысы» мәртебесіне ие болды. 2011 жылдың 3 сәуірінде кезектен тыс сайлауда Назарбаев 95,55 пайыз дауыс алды. 2015 жылдың 26 сәуіріндегі президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың тағы да 97,75 пайыз дауысын иемденді. Бәрінде де кезектен тыс. Ақорданың маңайындағылар елбасына жағынудың сан түрлі айлы шарғысын жасағаны осыдан-ақ көзге көрініп тұр емес пе? Үнемі Назарбаев 100 пайызға жақын дауыс алып отырған. Ал 2019 жылдың 19 наурызынан бастап, «Тұңғыштың» өкілеттілігі тоқтатылып, билікке  Қасым-Жомарт Тоқаевтың келгені белгілі.  

Енді, міне, тағы да кезектен тыс Президент сайлауы. Бұл жолы таққа 12 адам таласып жатыр. Тақ оларға бақ секілді көрініп тұр. Тақ таластық пен басталастық кімге керек? Қаңтар қырғыны көп нәрсені көрсетіп кетті.

… Тақтың да бақ болмайтынын кандидаттар қайдан білсін?!

Тегтер: