Таразда көп балалы әйелдер әкімдікке барып, талаптарын айтты
19 тамызда күндіз Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында 40-50 шақты ана әлеуметтік мәселелеріне шағымданып, облыс әкімдігіне барды.
Олардың басым бөлігі – көп балалы аналар.
Карантин кезінде табыссыз қалғандарын айтқан әйелдер оқу жылына аз қалса да оған дайын еместігін жеткізіп, биліктен көмек сұрады.
/> Әкімдік өкілдерімен кездесуге бара жатқан аналар. Тараз қаласы, 19 тамыз 2020 жыл.– Біз ешқандай митингіге шығып жатқан жоқпыз. Бұл жаққа талаппен келдік. Оқу жылы басталайын деп жатыр. Бірақ компьютер жоқ. Беріп жатқан ноутбуктері жөнді істемейді. Шаршап қалған ноутбук береді. "Атамекенге" планшетке өтініш бердік. Олар әлі қарастырылып жатыр дейді. Оқу басталса, балалар қалай оқиды? – дейді төрт баланың анасы Тұрсынай Сүлейменова.
Жиналған аналардың бір тобы қашықтан оқу кезінде берілетін компьютер мен ноутбуктерді сол күйінде әр отбасының меншігінде қалдыруды сұрады.
– Мектептегілер компьютер бұзылса, 180-200 мың теңгеге жөндетіп беруіміз керек деді. Менің үш балам бар. Біреуі – балабақшада, екеуі мектепте. Техниканың бұзылмайтынына кепілдік бере алмаймын және оны жөндеп те бере алмаймын, шамам жетпейді. Беретін болса өзіміз де қалсын, – дейді Гүлдана Қаламбаева.
Ал кейбір аналар мектептен көп балалы, аз қамтылған отбасыларға берілетін мектеп формасы, дәптер-қалам және балаларға берілетін ыстық тамақтың орнына ақшалай көмек берулерін сұрады. Сол қаржыға балаға керек киімін, мектеп құралдарын өздері алатындарын айтты.
– Біздің балаларымыз жыл бойы ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Мектептен дәптер-қалам мен форма беріледі. Бәрін есептесек, бір жылда 105-110 мың теңге шығады екен. Соны сол қалпында ақша күйінде шотымызға аударсын. Оны балалардың керек-жарағын алуға жұмсаймыз. Кейбір отбасылар сол ақшаны жинап, ноутбук сатып алады. Содан кейін аудан ба, облыс па кез келген комиссия келе берсін, – деді көп балалы ана Айжамал Әбиір.
Бес баланың анасы Перизат Ұзақбаева акция кезінде мектептен берілетін аяқ киім, жейделердің "сапасыз" екеніне шағымданды.
Ғимарат алдына келген елу шақты көп балалы ананы әкімдік қызметкерлері ішке кіргізіп алып кетті. Шамамен бір жарым сағаттан соң аналар қайта шықты. Олар облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесе алмағанын, әкімнің орынбасарының жауаптарына қанағаттанбағанын жеткізді.
Ғимарат алдында тосып тұрған журналистерге облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев шығып, аналардың талабына қатысты пікірін білдірді.
– Біз формаға кеткен ақшаны, ыстық тамаққа кеткен ақшаны барлығын үнемдеп осы компьютерге жұмсаймыз, – дейді ол.
Ержан Жылқыбаевтың айтуынша, Жамбыл облысында 234 мыңнан астам оқушы бар, оның 42 пайызы немесе 99 852 оқушыға компьютер жетіспейді. Биыл республикалық бюджеттен 4 млрд 100 млн теңге бөлініп, оған 26 мың компьютер алу жоспарланған.
– Қазір конкурстық рәсімдер жүріп жатыр. Зауыттарға тапсырыс береміз, дайын тұрған компьютер жоқ. Өз кестесі бойынша қыркүйектің ортасына дейін тапсырамыз. Тамыздың 21-не дейін 25 мың ноутбук үлестіріледі, – деді ол.
Ал ноутбуктер мемлекет меншігінде болғандықтан қайтарымсыз берілмейтінін айтты.
Ресми мәлімет бойынша, биыл облыста 1-қыркүйектен бастап 275 мектеп – қашықтан, шалғай ауылдағы 167 мектеп дәстүрлі форматта оқи бастайды.
Тамыз айының басында білім және ғылым министрлігі Қазақстан оқушылары мен мұғалімдері арасында құрылғы өте тапшы деп мәлімдеген. Ресми мәлімет бойынша, елде 24 мыңнан астам мұғалімде — компьютер, 185 мыңнан астам оқушыда — құрылғы жоқ. Министрлік жаңа оқу жылында жарты миллион компьютер мен ноутбук тұрмысы нашар отбасыларға таратылып беріледі деген еді.
Оқи отырыңыз: 482 мыңнан астам оқушы интернетке қосылмаған, 185 мыңнан астам балада құрылғы жоқ
Биыл көктемде коронавирус індетіне байланысты қазақстандық оқушылар мен студенттер оқу жылының соңғы бөлігін қашықтан оқып, аяқтаған еді. Осы уақыт аралығында интернет жылдамдығының төмен болуы, мектептердің техникалық тұрғыда жабдықталмауы, мұғалімдер мен оқушылардың қашықтан оқуға дайын еместігі сияқты түрлі мәселелер туындаған. Көптеген ата-аналар балаларының онлайн оқуға мүмкіндігі жоқ екенін айтып шағымданған еді.