Таразыға ар мен ақша түскенде: тілші қауымға Әдеп кодексі керек пе?
Марк Твен: «Шындық шапанын кигенше, өтірік жарты әлемді шарлап шығады» деп айтқан екен. Әсіресе қазіргідей интернет дамыған, әлеуметтік желілердің «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып тұрған дәуірде жалған ақпаратпен күресу оңай шаруа емес.
Осындай кезеңде Шер-ағаң, Шерхан Мұртаза айтпақшы, «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» журналист қауымға үлкен күш түседі. Ақпарат айдынында жүрген әріптестеріміздің сыналар тұсы да осы кез. Дегенмен қазір кімнің бақшасы піссе, соның сөзін сөйлейтіндер қаптап келеді. Яғни журналистің басты міндеті – ақпаратты бейтарап, шынайы түрде беру деген қағидатты қаперіне де ілмейді. Соның салдарынан мәлімет бұрмаланып, қоғамға теріс әсер етіп жататын сәті аз емес. Не істемек керек?
Ақпаратты бұрмалайтындар көп
Кейінгі жылдары елімізде журналистика этикасы жиі көтеріле бастады. Бұған себеп жетерлік. Ғаламтордың дамуы саржағал бұқаралық ақпарат құралдарының да көбеюіне әкеліп отыр. Атын атап, түсін түстемей-ақ қоялық. «Жаға ұстатты», «жұртты шошытты» деген тақырыппен түрлі алыпқашпа жаңалықтарды таратып, танымал тұлғалардың әр басқан қадамын аңдып, жаңылдыруға тырысатындар жетерлік.
Журналистика этикасына сай келмейтін тағы бір мәселе – зорлық-зомбылық көрген адамдардың, әсіресе балалардың бет-жүзін ашық көрсету, аты-жөнін жариялау белең алған. Тіпті жол апаттары кезінде қаза тапқандардың фотосын сол күйінде көрсететін сайттардан көз сүрінеді. Статистикаға сүйенсек, интернетті негізінен жастар қолданады. Мектептегі әр баланың қолында смартфон бар. Демек, ғаламторды қолдана алатын әрбір жасөспірім осындай саржағал басылымдардың қойыртпағымен сусындауы әбден мүмкін.
Бірнеше жыл бұрын еліміздегі беделді арналардың бірінде телегония тақырыбында сюжет көрсетілді. Тілші аталған бағдарламасын телегонияға қатысты интернетте тараған қаңқу сөзге сүйеніп отырып жасағаны кейінірек белгілі болды. Сондай-ақ папиломмаға қарсы екпе салуға қатысты шу шыққанда сайттардың бірі аталған вакцина АҚШ-та салынбайтынын келтіріп, оны зиян деген сыңайдағы мақала жариялаған. Расында, америкалық қыздарға папиломма екпесі міндетті емес. Мұның себебі – АҚШ-тағы қоғамдық иммунитет әлдеқашан қатерлі дертті жеңіп үлгерген. Соған байланысты мұхиттың арғы бетінде осы вакцинаға қажеттілік жоқ.
Ақпаратты осылай бұрмалаудың салдарынан елімізде осы екпеге қарсылар саны артып, денсаулық саласына жауапты мекемелер бағдарламаны тоқтата тұруға мәжбүр болды. Ал Қазақстанда папиломма инфекциясы қауіпті аурулардың қатарында. Статистикаға сүйенсек, аталған вирустың тырнағына ілінетіндер қатерлі ісікке шалдыққандар арасында төртінші орында тұр. Айта берсеңіз, мұндай мысалдар өте көп.
Ақысын берсе, ібілісті де ақтайды
Соңғы уақыттары тағы бір жағымсыз үрдіс белең алып барады. Блогерлер мен журналистер ақысын төлесе, кез келген тарапты мақтауға дайын. Сорақысы, адам өлтірді деп күдікке ілінгенді де ақтап алудан тайынбайтынын аңғардық. Алысқа ұзамай-ақ қоялық. Кезінде лауазымды қызметтер атқарған, кейіннен жемқорлыққа қатысы бар деп сотталған бұрынғы министрдің әйелін ұрып өлтіруі жұртшылықтың төбе шашын тік тұрғызды. Естеріңізде болса, 2023 жылғы 9 қарашада Астанадағы мейрамханалардың бірінде бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев адам өлтірді деген күдікпен қамауға алынған еді. Қайғылы оқиғаның қалай өрбігені, күдіктіге қандай айып тағылғаны бұқаралық ақпарат құралдарында талай жазылды. Уақыты келгенде сот үкімі шығып, мәселенің анық-қанығы айтыла жатар. Бізді мазалайтыны басқа мәселе. Кейбір блогер мен журналистердің әлеуметтік желілерге Қуандық Бишімбаевты ақтаған сарында пост жазып, қоғамдық пікірді бұрмалауға талпынғаны аңғарылады.
Ағылшында victim-blaming деген термин бар. Кейінгі кезде бұл ұғыммен Қазақстан халқы біртіндеп таныса бастады. Психологтардың пайымдауынша, мәдени, діни, қоғамдық көзқарасқа байланысты адамдар зардап шегушінің өзін кінәлайды. Осылайша, залал көрген адамның көрген қысымына өзі кінәлі деп санайды. Жоғарыда аталған жағдайда марқұм С.Нүкеноваға қатысты мәселе victim-blaming ұғымының классикалық үлгісіне айналып отыр.
Бәлкім, бұл қайғылы оқиғаның бізге беймәлім тұстары жетерлік шығар. Оның туыстары таратқан мәліметтерде ерлі-зайыптылардың жанжалдасқанын көрдік, оқыдық, білдік. Яғни қандай жағдай болсын, жәбірленуші зардап шегіп, соның салдарынан өмірімен қоштасты. Қайғылы сәтте марқұмның артынан түрлі сөз айтып, күдіктіні ақтауға тырысу ақылға қонбайды. Қылмысты ақтаудың өзі – қылмыс.
Қазақстанға да қажет құжат
Осы орайда, журналистің этикасы туралы мәселе туындайды. Жоғарыда баяндалған оқиғада басты күдіктіні жақтағандар қаншалықты журналист этикасын сақтап отыр? Олардың жәбірленуші тарапты кінәлі етіп көрсетуге талпынуының астарында не жатыр? Зардап тартқан адамды айыпты ету арқылы қаржылай пайда таба ма? Бұлай болса, мұның өзі қылмыстық әрекет емес пе? Сұрақ көп.
Журналист этикасы туралы университет қабырғасында оқытса да, кейінгі жағдайлар оның ережелерін сақтайтындар аз екенін көрсетеді. Елімізде журналистика этикасы жөніндегі тәртіп кодексін қабылдау керек шығар деген ой келеді. Егер қажет болса, бұл құжаттың әлемдік баламалары аз емес, соларды негізге алып, жасауға болады. Оған сай жұмыс істеу әрбір журналистің басты бағдарына айналуы керек. Заң ретінде бекітіп, міндетті талап есебінде емес, қызметте басшылыққа алатын көмекші құрал, ерікті қағидат саналуы қажет.
Ақпарат саласына жауапты министрлік бұл мәселені ескеріп, журналистер қауымымен ақылдаса отырып, қажет құжат әзірлеуге тиіс. Біз өз тарапымыздан бұл мәселе дүниежүзінде қалай жүзеге асып жатқанын, әсіресе демократиялық елдерде қай деңгейде екеніне көз жүгіртіп көрген едік.
Әлемде 400-ге жуық тәртіп кодексі бар
Қазіргі таңда әлемде журналистің этикасына арналған 400-ге жуық кодекс қабылданыпты. Мемлекеттің ұстанымына, салт-дәстүріне байланысты өзгешеліктер бар. Алайда бәріне ортақ тұстары жетерлік. Мәселен, журналист этикасының басты қағидаттары мыналар: шынайылық және нақтылық, объективті болу, баспасөз еркіндігі және адамзат құндылықтарына қарсы келмеу.
Бұған қатысты соңғы құжаттардың бірі – International Federation of Journalists ұйымының 2019 жылы Тунисте қабылдаған «Журналист этикасы жөніндегі жаһандық қарар». Аталған құжатта 16 ереже жазылған. Соның тоғызыншы тармағында «Журналист өзі таратқан ақпарат не көзқарас өшпенділік пен теріс пікір туғызбауын қадағалауы, сондай-ақ географиялық, әлеуметтік, этностық, нәсілдік, жыныстық, тілдік, мүгедектік, саяси, діни және басқа көзқарасына қатысты кемсітуге әкеліп соқпауына барын салуға тиіс» деп көрсетілген. Сонымен қатар аталған қарардың 13-тармағында журналист ақпаратты бұрмалау арқылы жеке бас пайдасын көздемеуі, қандай да бір артықшылық иеленбеуі қажет екені жазылған.
Ал National Union of Journalists – Ұлыбритания мен Ирландиядағы медиа саласының өкілдеріне бағыт-бағдар көрсету мақсатында 1936 жылы құрылған. Содан бері қанаты кеңге жайылып, жер-жаһандағы беделді ұйымға айналып отыр. Қазіргі таңда оған BBC, The Guardian секілді Англияның мүйізі қарағайдай бұқаралық ақпарат құралдары мүше. NUJ 1936 жылы бекіткен, 2011 жылы жаңартқан тәртіп кодексінде де журналистің этикасы нақты көрсетілген. Бұдан бөлек, ақпарат тарату арқылы қандай да бір материалдық не жеке бас пайдасын көрмеуі керектігіне де басымдық берілген.
«Левессон тергеуі»
Ұлыбританиядағы журналистика этикасының басталу тарихы тереңде жатыр. Тұманды Альбион тұрғындары алғашқылардың бірі болып ақпарат айдынының майталмандарына арнап тәртіп кодексін әзірлеген. Атап айтқанда, Журналистердің ұлттық одағы (National Union of Journalists) 1936 жылы осы бағыттағы алғашқы құжатты қабылдады. Дегенмен уақыт өте оған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұған бірнеше жағдай әсер етті.
Мәселен, 1977 жылы басылым жөніндегі корольдік комиссияның талабы бойынша журналистика этикасы қабылдануға тиіс еді. Бұл құжат Британия басылым кеңесінің (British Press Council) негізгі кодексіне айналуға тиіс-тұғын. Бірақ медиа саласында жүрген баспасөз өкілдері ұсынысқа қарсы шықты. Сөйтіп, 1991 жылы Кеңес жеке тәртіп кодексін әзірледі. Осылайша, Ұлыбритания баспасөзін реттейтін жаңа құжат қабылданды.
Кейінірек, Диана ханшайымның өлімінен кейін ақпарат таратудағы кемшіліктерге байланысты этика мәселесі көтерілген. Әйтсе де, саладағы негізгі өзгеріс 2011 жылы болды. Бұл мәселе News International басылымының түрлі деңгейдегі тұлғалардың телефондарын заңсыз тыңдауынан басталған. Олардың қатарында танымал жұлдыздар мен спортшылар, корольдің отбасы, сондай-ақ қылмыстан зәбір көргендер де бар. Әсіресе жоғалып кеткен Милли Доулер есімді 13 жастағы қыздың телефонын тыңдап, ондағы мәліметтерді жариялауы қоғам тарапынан сынға ұшырады.
Осының нәтижесінде, 2011 жылы сол кездегі премьер-министр Дэвид Кэмеронның бастамасымен полиция тексеріс жүргізіп, News International газетінің заң бұзғанын анықтады. Сонымен қатар Ұлыбританиядағы бірқатар басылым да жіті қадағаланды. «Левессон тергеуі» деп аталатын осы оқиғаның нәтижесінде 168 жыл бойы ақпарат таратып келген News International газеті жабылды. Ал істі жүргізген судья сир Брайан Левессон жаңа реттеуші орган құруды ұсынды. Соның нәтижесінде, 2014 жылы Тәуелсіз басылым комиссиясы (IPSO) ұйымы құрылды. Дегенмен The Guardian секілді Тұманды Альбионның бірқатар газеті оның құрамына кіруден бас тартқан. Іле-шала баспасөзді тәуелсіз бақылау (IMPRESS) одағының іргетасы қаланды.
Міндетіне адал америкалықтар
АҚШ-та да журналист этикасы, журналистика кодексінің іргетасы XX ғасырдың басында қаланды. Канзас редакторлық ассоциациясы әзірлеген «Журналистика канондары» біраз уақыт тілші қауымының басты әліппесі саналды. Кейінірек, Америкалық редакторлар қоғамы (American Society of News Editors) мен Кәсіби журналистер одағы (Society of Professional Journalists) «Журналистика канондарын» бейімдеп, жеке этика кодексін әзірледі.
Мәселен, Кәсіби журналистер одағы дайындаған Этика кодексінде төрт негізгі мәселе қарастырылған. Олар: шындықты іздеу және соны тарату, залалды төмендету, дербес әрекет ету және сенімді болу. Яғни журналист тек шындықты таратуға тиіс. Әрі кез келген мәліметті бірнеше мәрте тексеруге міндетті. Сондай-ақ қоғамға аса маңызды болмаса, әрі ашық дереккөзден алуға мүмкіндік бар кезде ақпаратты құпия, жасырын жолмен жинауға тыйым салынған.
Бұдан бөлек, мүдделер қайшылығын туғызбауы, дербестігі мен ашықтығына кедергі келтіретін сыйлықтар алуы, құрмет иеленуі, тегін сапарларға шықпауы керек. Эксклюзивті мәліметке қол жеткізу үшін қаржы төлеуге де рұқсат етілмейді. Әрине, ол барлық кезде сақтала бермейді. Мәселен, АҚШ жұлдыздары үйленсе, отбасында сәби дүниеге келсе, алғашқы фотоларды медиаға үлкен ақшаға сату қалыпты жағдай болып қалды. Өз кезегінде жергілікті БАҚ эксклюзив материал үшін бірнеше миллион доллар төлеуге даяр.
Мұхиттың арғы бетіндегі елдің бұқаралық ақпарат құралдарының бәрі журналистика этикасын қатаң сақтайды деп кесіп айта алмаспыз. Десек те, басым бөлігі өз міндетіне адал. Соның нәтижесінде шығар, Watergate дауы секілді мемлекеттік мәселелер кезінде де АҚШ-тың медиасы білгенінен жаңылған емес.
Осы жайттарды ескере келе, Қазақстанда да журналистерге арналған арнайы этика кодексі қажет шығар деген ой келеді. Күрделі тақырыптарға қалам тербегенде тілші қауым сол әдеп ережелерін ұмытпаса болғаны. Арзан атақ, ақылы тапсырыс үшін журналист деген атқа кір келтірмесе екен дейміз.
Айша ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ