Тарих қысымға ұшыраса, қайталану ықтималдылығы да жоғары болады

Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге отыз жылдан астам уақыт өтсе де, тарих беттерінде ашылмай жатқан ақиқат көп. Соның бірі – 1986 жылы болған «Желтоқсан» оқиғасы. Бұл оқиғаның ақиқаты қаншалықты ашылды? Әлі зерттелуі тиіс тұстары бар ма? Осы сұрақтар турасында публицист-жазушы Талғат Айтбайұлы, публицист-ғалым Бейбіт Қойшыбаев, тарих ғылымының кандидаты Эльмира Десебайқызы ой толғайды.
Талғат Айтбайұлы: Біздің қоғам үрейден әлі күнге арыла алмай келеді
Тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алдымызға дербес, тәуелсіз елміз дейміз. Солай бола тұра «Желтоқсан» оқиғасы қазақ жастарының жасаған ұлы ерлігі, көтеріліс екенін мемлекеттік дәрежеде айта алмай аузымыз буылуының өзі-ақ жайдан-мәселенің тамыры тереңге тартатынын аңғартса керек. Сондықтан күні бүгінге дейін билігіміз оған толық саяси бағасын беруге талпыныс білдірген жоқ. Әу бастан ақиқатын ашуға іштей ширығып ұмтылған ынталы кісілер ғана алған бағыттарынан айнымай, ышқынумен келеді. Солар Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиуымының Алматы қаласында 1986 жылғы Желтоқсанның 17-18-інде болған оқиғаларға байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі комиссиясының құрылуына, жұмысын жүргізіп, тұжырым мен ұсыныстар жасауына ерекше ықпал етті. Әйгілі ақындар М.Шаханов пен Қ.Мырзалиев тең төрағалық еткен комиссия қандай қарсылық көріп, қалай қыспақты жағдайда жұмыс істегенін бәріміз білеміз. Күллі қазақ халқын ұлтшыл деп қаралап, күйе жаққан жаман, күрделі саяси ахуалда қайғы-қасірет шеккен ел ашылып айтудан жасқанды. Оның сан түрлі себеп-сырлары бар еді. Біздің қоғам ол үрей мен сақтанудан әлі күнге дейін арыла алмай келеді.
Бұл – біздің айтуға ауыр қасіретіміз. Бүкіл әлемдік геосаясатқа ықпал еткен, социалистік жүйенің жойылып, КСРО дейтін алып елдің ыдырап, оның құрамындағы 15 республиканың 15 ел болуына жол ашқан Желтоқсан көтерілісін өз деңгей, биігінде атап өтіп, мақтаныш ете алмай сорлап келеміз. Бәрі мына жүйенің, мемлекеттік билігіміздегі отырғандардың кесірі... Қай нәрсе де өз-өзінен жасалмайды. Желтоқсан көтерілісі де дәл солай жүзеге асырылды. Горбачевтік демократияға алғаусыз иланған қазақ жастары КПСС Орталық комитетінің көзсіздікпен жасаған шешіміне жаппай қарсылық көрсетсек, әкелген Колбиндерін қайта әкетеді. Қазақ елін өз ұлтымыздың бір өкілі немесе Қазақстанда туып-өскен, ұлтымыздың дәстүр-салтын, республикамыздың жер, ел жағдайын жетік білетін ұлты басқа адам басқарады деп ойлады. Сондай мақсаттағы кісілер Алматыдағы жатақханалар мен қазақ жастары көбірек жиналатын жерлерді түні бойы аралап, солардың асқан ұйымшылдықпен шығуына ықпал етіп, саяси сауатты ұрандар көтеріп жүруіне жағдай жасады. Бұл туралы өзім көп жылдар бойы жалғастырып, шығарып келе жатқан «Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кітаптарында көптеген нақты материалдар бар. Алайда анадай мемлекеттік жазалау машинасы дес бермей тұрған уақытта басын өлімге байлап, жүрек жұтқан біреу болмаса, кім мен сөйтіп едім дейді? Сөз жоқ, көтерілісші жастардың көшеге шығуын ұйымдастырушылар болды. Бірақ ұйымдастыру штабы болған жоқ.
Қалай дегенде де Желтоқсан – қазақты намысты, рухты, өршіл халық ретінде дүние әлемге танытқан ұлы оқиға болғанымен, тәуелсіздік күнінің тасасында қалғанын мойындауымыз керек. Бұған кінәлі дейміз бе, әлде себепші дейміз бе, ол адам, ашығын айтқанда, республика тізгініне отыз жыл бойы тас кенеше жабысып, жеке-дара уысында ұстаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың нақ өзі! Бүкіл алып ел республикаларына, «сендерге қанша тонна тәуелсіздік керек, алыңдар!» деген Ресей Федерациясының президенті Борис Ельциннің сөзінен кейін де уақытты сағызша созды. Бұл жөнінде сол уақытта Қазақ КСР Жоғарғы Советін басқарған Серікболсын Әбділдиннің естеліктерінде жан-жақты жазылды. Сондай-ақ басқа да саясаткерлер мен зерттеуші ғалымдардың, қаламгерлердің топшылауынша Назарбаев Желтоқсанды жұрт жадынан сейілтетіндей жағдай жасау үшін де әдейі тәуелсіздігімізді жариялауды сырғыта-сырғыта 16-шы желтоқсанға әкелді. Халқымыздың аңсап, сарылып күткен қуанышы болғандықтан дәл сол уақытта оған тереңдеп мән бермедік. Енді ол күн шартты нәрсе ғой. Солай болғандықтан тәуелсіздік мерекесін бұдан былай өз дәрежесінде тойлап, атап өтетін басқа күнге ауыстыру керектігін айтушылар көбейді. Мысалы, 25-ші қазанға неге ауыстырмасқа дейді олар. Көкейге қонымды осы ойды мен де қуана құптаймын. Түбі дәл солай болатынына күмәнсіз сенемін.
Бейбіт Қойшыбаев: Желтоқсан көтерілісінің тууына биліктің өзі себепші болды
Еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағанына отыз екі жыл болды. Ал өзіңіз «Желтоқсан» оқиғасы деп еске алып отырған тарихи дүрбелең одан бес жыл бұрын орын алған. Яғни «оқиғадан» бері отыз жеті жыл өтті. Бүгінде жұртшылық оны Желтоқсан көтерілісі дейді, бірақ билік тарапынан ресми түрде әлі күнге дейін «1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасы» деп аталады. Оқиға шындығының қаншалықты ашылғаны осы екі атаудан-ақ аңғарылып тұрса керек. Бұл өкіметтің ақиқатты білмейтіндігін емес, соны жан-жақты ашуға құлықсыздығын, төтесінен айтқанда, шындықтан қорқатындығын көрсетеді ғой деп ойлаймын. Мәселеге тым тереңдемей-ақ, Алматыдағы жағдайды еске түсірейікші: бейбіт демонстрацияға шыққан жастарды, өрімдей он жеті-жиырма жастағы қыз-жігіттерді билік құдды қазақтардың орыс халқына қарсы шыққандай етіп көрсетуге тырысты. Іс жүзінде ұлттық белгілеріне қарай бірімен-бірін араздастыру әрекетін өкіметтің өзі жүзеге асырды: кәсіпорындар мен ұйымдардың орыс және орыстілді жұмыскерлерінен жасақтар шығарып, оларды темір таяқтармен, кабель кесінділерімен қаруландырды, сөйтіп, турасын айтқанда, демонстранттарды аяусыз ұрып-соғуға, тіпті өлтіре салуға бата бергендей болды. Олар шерушілерді тек орталық алаңға келгендерінде ғана емес, соған бара жатқан жолда – көше-көшелерде де соққыға жықты. Ал алаңда бейбіт жұртқа арнайы әкелінген арақ таратылды, басқа да қилы арандату әрекеттері орын алды, өрт сөндіргіш машиналардан суық су шашты, солдаттар, әскери училище курсанттары, милиция және жасақшылар дөрекі түрде жазалау, жуасыту шараларын жасады. Талайы тәни жарақат алды, қаза тапқандар да ресми мойындалғаннан әлдеқайда көп болды. Ұстағандарын автобустарға, жүк машиналарына тиеп әкетіп жатты. Милиция бөлімдеріне, түрмелерге тықты, қала сыртына тасып, құдды қоқыс төккендей, орларға түсіріп кетті. Қысқасы, билеуші партия өзі жария еткен демократиялық жаңаруға сеніп, партияның олар үшін түсініксіз шешімінің себебін сұрап-білуге шыққан жастар қозғалысына отардағы құлдарының бүлік жасағанындай кейіпте қарады. Бұл тарих сахнасынан кеткен империя тұсындағы жағдай еді, енді, тәуелсіз ел болған кезеңде, неге мұның ақ-қарасын ажыратып, дұрыс қорытынды жасамай жүрміз? Мәселен, Қырғыз республикасынан тасымалданған әскери бөлімнің солдаты Ылаев Талайбек Молдобекұлы (Ылайтегин Таалайбек Молдобекуулу) көтерілісті басу кезіндегі «ержүректігі мен жанқиярлық іс-қимылы үшін» Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі төралқасының грамотасымен марапатталған болатын. Ол әскерден босап, еліне барғаннан кейін грамотаны Алматыға қайтарып жіберді. Бетіне: «Мен бұл дүниені қайтарамын, себептері менің хатымда көрсетілген. Бұл зат менде сақталуға лайық емес. Мен фашист емеспін, оның үстіне – мәңгүрт емеспін» деп қол қойған. Ал хатында сол кезде өзі куә болған оқиға жайын хабарлай отырып, «Жазықсыз жандардың қаны жағылған бұл лас затты мен кері қайтарамын» деп жазған екен. Көтеріліс басып-жаншылғаннан кейін, «ерліктері үшін» республиканың ең биік наградалары – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және Жоғарғы Кеңес төралқасының грамотасымен, тіпті Мәскеудің орден-медальдарымен жазалаушылар мен жуасытушылар қатарында тұрған жүздеген солдат, жасақшы және солардың «ерлік жасауын» ұйымдастырушылар марапатталды, алайда осы күнге шейін араларынан Талайбектен өзге опынған ешкім шыға қоймады-ау деймін. Неге осы мәселенің себеп-салдарын ашып көрсетпеске? Бізге өз кемшілігімізді мойындаған жөн. Зерттелуге, ашылуға тиіс, өз қолымызда тұрған жәйт бұл.
Желтоқсан көтерілісінің тууына биліктің өзі себепші болғаны рас. Бас хатшы Горбачевтің ұлт мәселесіне терең ой жүгіртіп көрмегені сол шақта аныққа айналды. Ол бұрынғы Ресей империясының іс жүзінде жалғасы боп шыққан советтік империяның императоры екенін көрсетті.
Желтоқсан көтерілісі ХХ ғасырдың басында дүниеге келіп, қилы кезеңдерді бастан кешкен жаңа тұрпатты қазақ ұлт-азаттық қозғалысына жаңа серпін берді. Бұл – жарты әлемді билеп тұрған советтік жүйені дүр сілкіндірген ұлы оқиға. Соған қарамастан, әлі саяси бағасын алған жоқ. Егер қазіргі таңдағы Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан құру ұранына сай ойласақ, мерекені де, қаралы күнді де өз орнымен атап тұруға әбден болады. Бұл үшін Желтоқсанға қатысты жол берілген әсіре сақтықтан арылған жөн. Барша жұрт, әсіресе мемлекеттік қызметшілер бұрынғы метрополияның көне империяшылдық көзқарасынан қаймықпай, Желтоқсанды өз мәнінде мақтаныш ету керек. Әркімге өз бойынан құлдық сана қалдықтарын шығарып тастауды, өзін және айналасын шыншыл тарихпен тәрбиелеуді мақсат ету ләзім. Желтоқсан тарихын оқулықтарға енгізу, қалың жұртшылыққа барынша насихаттау өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеп, еліміздің тәуелсіздігін баянды етуге кепіл болады.
Эльмира Десебайқызы: Тарихқа қысым жасалған сайын, қайталану ықтималдығы арта береді
Әр халықтың тарихында өзінің ұлттық ар-намысын, құқықтары мен мүддесін қорғап қалуға, өзіндік бет-бейнесін анықтауға, өз алдына ел болып, тәуелсіз дәулет құруға лайық екендігін көрсететін сын сағаттар болады. Егер сол бір сын сағатта уақыт талабына лайық үн қата алмаса, қарсы тұра алмаса, сынып кетсе, онда ол ұлттың болашағы бұлыңғыр. Ал егер басына түскен мұндай қилы сынақтан сүрінбей өтсе, бұл сәт осы халықтың тағдырында тарихи оқиға ретінде мәңгілікке қалады. Қазақ халқының тағдырында қалған сондай оқиғаның бірі – 1986 жылғы Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі. Қазіргі қоғамда «желтоқсан» оқиғасын әр қырынан қарастырып, баға беруде. Тарихшылар да, публицистер де өз естеліктерімен бөлісіп, ойларын ашық айтады. Десек те, ақиқатты ашып көрсететін күш уақыттың ғана еншісінде. Бұл оқиға туралы туған ағам Жомарт Десебайұлымен қатысты естеліктері бар, ағам Алматыға оқуға тапсыруға кеткенде мен небәрі ол 2-сыныпты бітірген оқушы едім. Жомарт ағам алғашқыда ҚазМУ-дың «қолданбалы математика» факультетіне оқуға тапсырып, конкурстан өте алмай қалды, сол кездерді емтиханнан өткен студенттерді университет шешімімен басқа факультеттерге қабылдауға шешім қабылданып ағамды заң факультетінің кешкі бөлім студенті атанды, қазіргі ҚазҰУ-нің ғимаратын салуға жұмысқа алды. Осында 1 курстан кейін әскер қатарында болып, қайта оралғанда күндізгі бөлімге ауысуға арыз жазып, ауысқан еді. Ағам студенттік өмірде ортасына сыйлы, өте көпшіл, батыл, спорт бойынша жетістіктері де бар студент болатын. Отбасында дәстүрлі қазақы тәрбиені көріп өскен ағамды сыртта досқа адал, әлсізге қамқор, ақиқатқа жаны жақын деп курстастары маған талай айтқан. Білім алуға ұмтылған студенттік өмір бір мезетте өзгерді. Ағам 1987 жылы 7 қаңтар күні №4-6 бұйрық бойынша оқудан шығарылды.
Оның студенттік өмірі бүкіл КСРО-ны дүр сілкіндірген «Желтоқсан оқиғасының» уақытымен тұспа-тұс келеді. Бұл оқиғаны мен бір отбасы тарихы тұрғысынан айтып бергім келіп отыр. Ол кезде қазіргідей тез хабар алатын жағдай жоқ, ағамыздан хабар келмеген соң, анамыз сары уайымға салынып кетті. Қаладағы бейберекетсіздіктің кесірінен, Алматы 25 желтоқсан күні бір-ақ ашылды. Анам ауылдан қалаға келсе, ағам жолдастарымен бірге «қазақ жастарының антиқоғамдық іс-әрекеті мен бейберекетсіздік тудырды» деген айыппен, сол кездегі Калинин ауданы (қазіргі бостандық ауданының) уақытша қамағына тоғытылған екен. Жастар арасында іріткі түсіп, қатысқан студенттер өз басын сауғалап қалу үшін басқа студентің фамилясын атауы керек болды. Сол кездің заңы бойынша алаңға шыққан жастарды азаматтық сотқа (гражданский суд) салып, сотқа анам да қатысады. Жазықсыз жастар әбден соққыға жығылып, аяусыз зардап шеккен. Ағам 21 жастағы қазақтың қара баласы, азаматтық талқылау мәжілісіне қатысып отырған комиссия ағамды көре сала, ағамды душман (ол кезде ауған соғысы болып жатқандықтан «душман» деген сөз жиі қолданылатын), сатқын, ұлтшыл деп кемсіте сынға алғанына анам шыдай алмай: «Ол сатқын емес, сіздер неге оны сатқын деп айыптайсыздар? Сатқындар қай халықтың арасында да болған. Сонау Ұлы Отан соғысы кезінде Павловтың полкі жау жағына шығып кеткені неге айтпайсыз?», - деп қарсы шыққан. Сол кезде мәжіліс төрағасы: «Вы - коммунист?», - деп сұрақ қойғанда, анам: «Нет», - дейді, комиссия мүшелерінің: «Иә, бәрі түсінікті, алма ағашынан алысқа түспейді деген осы. Жастайынан берілген тәрбиенің көрінісі», - деп, мәжіліс шешімі бойынша ағамды комсомол қатаран, оқудан шығарып, жұмыс істеу, қайта оқуға тапсыру құқығынан айырады. Әдеттегі қазақ отбасысы секілді біздің отбасымыз да бала тәрбиесінде ер жігітке қазақтың эпостық жырларындағы батыр бейнесі мен ұлттық құндылықтар дәріптеп, оларды елім дейтін ер болуға баулыйтын. 1987 жылы анам 25 рет Алматы қаласына барып қайтты. Соңында ағам отбасымызға оралды. Ағам анам сияқты ақын, өлең блакноттары болатын, бәрі жайына қалды. Енді ағам ауылға мал шаруашылығында немесе құрылыс саласында ғана жұмысқа жарамды болды. Ағамның болашағы үшін барлық есік жабылды десе де болады.
Ағаммен бірге заң факультетінен айыпталған студенттердің бірі маскүнемдікке салынса, бірі өзіне қол жұмсаған жәйттер де орын алды. Психологиялық тұрғыдан да ең мықты оқу орнында оқып жүріп, бір сәтте өмірің өзгеріп шыға келді. Бұл жылдар бір емес, мыңдаған жастың кеудесіндегі жалынды өшіріп, тағдырына балта шапты. Бұл сол кездегі сойқан саясаттың тірлігі еді. Тек Жомарт ағам ғана емес, мен де, ата-анам да қоғам тарапынан қысымға ұшырадық. Мектепте оқып жүрген кезімде сыныптастарым тарапынан «бұларға сол керек» деген қаңқу сөздер болатын. Кішкентай балалар саясатты қайдан ұқсын, бұл – отбасындағы тәрбиенің, «шай үстіндегі әңгіменің» салдары. Дәл осындай қысым мен ағайын-туыстың сөзі отбасымызды үлкен уайым мен күйзеліске түсірді. Менің ашынғаным сонша, әділет жолында ҚазМУ-дың заң факультетіне оқуға тапсырмақшы болдым, алайда, сол оқиғаның әсерінен мені қабылдамай, тарих факультетінде оқуға тура келді. 1989 жылы «желтоқсандықтарды» реаблитация жасады, бұл біз үшін керемет жаңалық болды. Әрине, шектеулер болды, тіптен өзім студент кезімде «желтоқсандықтардың» отбасынан болғандықтан ішкі бақылауда болғанымды қазір жасырмай айта аламын. Тіптен сол кезде бір студенттің қолынан біздің фамилиямыз жазылған папканы көріп, іштей тынғаным бар. Сонымен мен 3 сыныпқа барғанда оқуға кеткен ағам, қайтпас қайсарлығының арқасында оқуын қайта 1989 жылы қайта жалғастырды. Ағам ер азаматқа тән өте мейірімді, атына заты сай жомарт мінезімен, шыдамдылығын арқасында сынып кетпей, ортасына оралып, қызмет жасап, көздеген мақсатына жетті, ал, басқа да қанша жастың ғұмыры тәлкекке түсіп, тағдыры астан-кестен болды. Ең алдымен кеңестік дәуірдің қасымына қарамастан қазақ отбасылық құндылықтар арқылы барлық тарихи қысымдарға қарсы тұра алды дегім келеді.
Әрине бұл бас көтеру Кеңес Одағындағы жоғарыдан төмен қарай басқару жүйесіне қарсы бағытталды. Яғни біреулер айтып жүргендей бір ұлттың екінші бір ұлтқа қарсы немесе белгілі бір ұлтшылдардың ұйымдастыруымен болған көтеріліс емес, желкесінен ызғырық жел үре бастаған кеңестік жүйенің КСРО халқы мүддесі үшін деген сылтаумен жүргізген саясатына қарсы бас көтеру, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін болған серпіліс еді. Бұл оқиғаның ақиқаты ашылып, объективті бағаға ие болу үшін кем дегенде 50-80 жыл уақытты талап етеді. Бұл - тарихи заңдылық. Себебі, мұрағат толық ашылған жоқ. Біздің қоғамның тарих туралы пікір айтуда ең үлкен кемшілігі – жеке бас мүддесі үшін құрғақ уәделер беріп, фактілерді бұрмалайды, демагогияға салынады. Ал, кез-келген оқиғаға тарихи тұрғыда объективті баға беру үшін жарты ғасырлық уақыт керек. Мысалы, ХХ ғасыр басындағы аштық пен саяси-қуғын сүргіннің ақиқаты 90-жылдары ғана ашыла бастады. Мұрағаттардың құпиялылығы ашылмайынша, ғылымда да нақты ақиқат айтылмайды. Бүгінгі күні желтоқсан туралы пікір білдіріп жүрген жандардың барлығы ашық қордағы тізім арқылы көтеріліске қатысушылардың естелігін жинап, зерттеу жасап жүргені анық. Ал, нағыз ақиқат уақыт еншісінде. Тарихи кезеңнің сынағындағы шақыруға дұрыс жауап бере алған ұлттың тарихы ғана ары қарай жалғаспақ! Мысалы, қазақ тарихындағы 1822-1824 жж хандық биліктің жойылуына қарсы хан тұқымынан шыққан Кенесары көтерілісі дұрыс жауап болып табылады. Желтоқсан оқиғасы да Ксро-ның ұлттық саясатындағы қысым, жоғарыдан төмен басқару жүйесінің шақыруына дұрыс жауап ретінде қарауға болады.
Адамзат тарихынан байқағанымыздай, тарих неғұрлым қысымға ұшыраса, қайталану ықтималдылығы да соғұрлым жоғары болады. Ең алдымен еске салатын нәрсе, Желтоқсан өзінен өзі кездейсоқ болған оқиға емес, ол қазақ халқының көп жылғы іште тұншыққан запыраны, жүректе қайнаған көз жасы, жан айқайы. Бұл оқиғаның болу себебін ешкім дөп басып айта алмасы анық, себебі халық бұл кезде ұлттық бірегейліктен, ауызбіршілігінен айырылды. Тіпті, алаңға шыққан қазақтарды басқалардың «калбиттер» деп айыптағаны жағаны ұстататын жағдай болғанымен, шындық екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сонымен қатар, бұл біздің ғана емес, бүкіл КСРО-ны, оның ішінде Балтық, Кавказ елдерінде еледірінде ерекше көрініс тапты. Бүгінгі негізгі мәселе Желтоқсан көтерілісіне барлық халықаралық стандарттарға сай шыншылдықпен, сондай-ақ қазіргі тәуелсіз ел мүддесі тұрғысынан жаңаша объективті баға беру болып отыр. Бұл құбылысқа тарихшылар тарапынан дәл баға айтылу үшін кем дегенде елу жыл уақыт қажет болар.
Ақгүлім Ерболқызы