Тарихқа қажетті айталық

«Жас Алаштың» биылғы 17 мамыр күнгі санында «Қонаев кімнен кем еді, кімнен артық еді.
..» деп аталған мақалам шықты. Ол оның алдындағы «Қонаев кімнен кем еді...» деген, Жазушылар одағына, маған сүйкенген мақалаға жауабым болды. Онда, сөз ыңғайына қарай, бір естеліктер жинағынан Д.Қонаевтың тегі татар екенін оқығанымды айтқанмын. Сол-ақ екен, марқұм Димекеңнің тегі татар емес, қазақ екенін дәлелдеген мақалалар газеттерде бет-бет болып шыға бастады. Солардың бірі – «Қонаев ата-тегінің ақиқаты» («Жас Алаш», 02.02.2023 ж.).
Сөздің қысқасы: Мен Димекеңе «… тең таба алмай қиналып» жүргендердің: «ғұлама… жүз жылда бір туатын тұлға… мың жылда бір туатын кемеңгер… Қазақстанды гүлдендірді… теңдессіз әулие» деп мақала, өлең-дастан, хикаят-роман жазғандардың, енді тегі кім екенін іздеп әуре болушылардың түйсіктерін түсіне алмадым. Қайсы халықтың болсын тарихына сол елді басқарған: императордың, корольдің, князьдің, патшаның, президенттің… ата-тегі маңызды болған жоқ, болмайды да. Тарихқа қажеті – оның ел үшін, халық үшін кім болғаны. Аталған мақаламда соны ескердім. Қонаев татар ма, қазақ па, қырғыз ба, ұйғыр ма… маған бәрібір, мен кім болғанына назар аудармадым. Қазақтың шын мәніндегі Тарихи тұлғалары: Қаныш Сәтбаевты, Шафик Шөкинді, Шахмардан Есеновті, Евней Бүкетовті, Өзбекәлі Жәнібековті, Әнуар Әлімжановты қудалағанын, Сәкен Сейфуллиннің аруағынан аттап кеткенін, Сәбит Мұқановты кемсіткенін дерек тілімен баяндадым. Әсіресе, өзіне әділдік тілеп барған құрметті ғалым, Лениндік сыйлықтың иегері Шахмарданды қорлағанына, тірідей өлтіргеніне күйіндім. Ал ата-текшілдерге бұл марқасқаларымыз керек емес екен, тым болмаса біреуі: – Ойпыр-ау, Димеңнің: «Жезқазғанды Сәтбаев ашқан жоқ, ол геолог Сейфуллиннің еңбектерін пайдаланып кеткен!» дегені қалай? – демеді де. Е, мейілдері. Ондайлармен «пікір алмасуға» зауқым жоқ.