Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:59, 09 Ақпан 2024

Тартымсыз спектакльдің бас кейіпкері – Бектенов

премьер-министр
Фото: из открытых источников

Осы апта елдің саяси сахнасында әрі үлкен, әрі кішігірім өзгеріс болды. Үлкен дейтініміз – премьер-министр ауысып, жаңа үкімет жұмысқа кірісті. Кішігірім дейтініміз – Қазақстанда үкіметтің рөлі төмен, мың жерден министр ауыстырсаң да, үлкен өзгеріс бола қоюы қиын. Тіпті кей жұрт «қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен, қосынды өзгермейді» деп қолын бір-ақ сілтеген, аса қызығушылық танытпайтын тартымсыз спектакль.

Бірақ елдегі саяси науқан ескерусіз қалған жоқ. Көпшілік жаңа үкіметтен үлкен үміт күтпесе де, кім премьер, кім министр болатынына құлақ түріп отырады. Ел үкіметін екі жыл басқарып, ештеңені өзгерте алмаған Әлихан Смайыловтың орнына кім келеді дегенге әркім болжам жасағаны рас. Әркімнің өз кандидаты бар еді, бірі мәжіліс төрағасын, бірі Алматы әкімін, тағы бірі Смайыловтың орынбасарларын ұсынған. Тіпті кейбір романтиктер үкімет басына Мұхтар Жәкішев келсе деп те желпінді.

Сол мың болжам, мың долбардың ешбірі орындалған жоқ. Халықтың үкімет басына үздік менеджер келе ме деген үкілі үміті де ақталмады. Қазақ жұрты осындай болымсыз үміт құшағында өмір сүріп жатқанына отыз жылдан асты. «Бәлкім, осы жолы әділ өтер» деген ойымен сайлауға қатысады – бәрі бұрынғыдай аяқталады. «Бәлкім, осы жолы шын мықты келер» деп әр тағайындау сайын Ақорда жаққа елеңдейді – тағы сол «аппастың орнына жаппас». «Баяғы жартас – сол жартас» деген ескі сөзді өткен отыз жылда ең көп қолданған шығармыз.

Антикор – Ақорда – Үкімет

Бұл жолы ешкім күтпеген Олжас Бектенов премьер-министр атанды. Оны парламент сайлауында көп дауыс жинаған «Аманат» партиясы ұсынып, мәжіліс мүшелері мақұлдады, президент тағайындады. Олжас Абайұлы үкімет басына президент әкімшілігінің жетекшісі қызметінен келіп отыр. Оған дейін 5 жыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде жұмыс істеген. 2022 жылы ақпаннан, 2023 жылы сәуірге дейін сол мекемені басқарды.

44 жастағы шенеуніктің саяси салмағын арттырып тұрған дәл осы қызметі. Сарапшылардың көбі Бектеновтің антикорда жұмыс істегенін айтады. Желіде жемқорлық жайлаған Қазақстанға коррупциямен күресетін адам керек деген пікір өріп жүр. Бектенов антикорды басқарып тұрғанда экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды, Дариға Назарбаеваның бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев ұсталды. Кейін Сатыбалды сотталып, Боранбаев босап шықты. Қос Қайрат биліктің ескі Қазақстанның еркелерімен күресіп жатқанын дәлелдейтін басты көзірі. Демек, соларды құрықтаған Бектеновті бетке ұстағаны түсінікті жағдай сияқты.

Екіншіден, билік заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтарамыз дегелі біраз уақыт өтті. Қазірдің өзінде бюджеттің бүйірін толтырудың бірден-бір жақсы жолы осы деп ода айтып жатқандар да бар. Қанша тыраштансақ та, өндірістің өркендеп кетпейтіні түсінікті бола бастады. Әзірге он премьер ауыстырсаң да оңалып кете қоймайтын бұл шаруаның жауапкершілігінен жаңа премьерді ертерек босатып алайық деді ме екен, әйтеуір, оның «ақша қайтарғыштық» қырын келмей жатып жалаулатып жатыр. Оның үстіне бұл Бектенов бұған дейін көзге көп түспеген, президенттің алдына түсіп кете қоятындай атақты емес. Және ең жақсысы – «жағымсыз кейіпкерлер» тізімінде жоқ. Жаңақазақстандық ұстанымға сәйкес, жаңа «лицоны» көбейту саясатына келіп-ақ тұр. Көпшілік оның премьер-министр болғанын қолдамаса да, қарсы шыға қоймайды деген есеп те бар болуы мүмкін.

«Аз сөйлеп, көп жұмыс істейміз»

Су жаңа үкімет басшысы жұмысқа кірісіп кетті. 6 ақпанда тағайындалған жаңа министрлерді таныстырып, шабытқа толы сөз сөйледі. «Формализмсіз, бюрократиясыз, қажетсіз жиындарсыз белсенді жұмыс істейміз. Аз сөйлеп, көп іс тындыру керек» деді ол. Сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыру үшін үкімет батыл әрі тиімді қадамдар жасайды деп уәде берді. Бұдан бөлек, отандық бизнесті қолдап, отандық өнімдердің үлесін арттырамыз, елде заң үстемдігін орнатамыз деген құлақ үйренген жоспарларын айтты.

Әрине, есікті ішінен іліп алатын жабық үкіметтің аз сөйлейтініне күмән жоқ, бірақ көп жұмыс істейтініне көз жетпейді. Қазақстан парламенттік республика емес, көп жағдайда үкіметтің «қолы байлаулы» болады. Тіпті еркіндік берілген күннің өзінде Бектенов бастаған ақ жағалылар аса үлкен реформа жасайтынына сенім аз. Ол ұзақ уақыт биліктің күштік құрылымында жұмыс істеген адам, алда экономика мен әлеуметтік мәселені қайырып қойып, азаматтарды қудалау және жазалауға әуес болып кете ме деген де қауіп айтылып жатыр.

Мамандар «математиктің» орнына келген заңгер премьерге сенімсіздік танытып отыр. Олар «үкіметті экономикадан хабары мол кадр басқарса жарасар еді, ал заңгер әлеуметтік-экономикалық реформа жүргізеді дегенге сену қиын» дейді. Экономикалық стратегия құрып, оны өз деңгейінде жүзеге асыру сол саланың «жілігін шағып, майын алған» нағыз маманның ғана қолынан келмек. Ал антикорда «адам аңдумен» ғана айналысқан Бектенов мұндай ауыр жүкті арқалай алар ма екен? Саясаттанушы Жазира Жайлаубекқызы үкіметке жаңа басшы келгенін қолдайды.

«Кейінгі екі жылдағы әділетті Қазақстан құру жұмысында үкіметтің тиімді әрекетін көре алмадық. Өздерін көрсете алмады. Қоғамда әлеуметтік шиеленістер болды, халық әлеуметтік жағдайының жақсарғанын көре алмады. Үкіметтің жұмысын оңтайландыру мақсатында жаңа екпін керек екені көрініп тұрды. Біріншіден, үкіметті жаңарту – саяси технология. Яғни жаңағыдай кемшіліктерден кейін мемлекетке жаңа экономикалық модель мен жаңаша жұмыс істеу қажет болады. Ал екінші жағынан, үкіметті тарату әлеуметтік шиеленіс пен қозғалысты басу үшін қажет. Саяси технологияда танымал адамдарға көбірек көңіл бөледі, оларға халық та көбірек сенеді. Бірақ жаңа есім бұрынғы стереотиптерден таза болатынын естен шығармау керек. Бұрынғы премьер-министрлерден ертеден келе жатқан сабақтастықты байқаймыз, олар үнемі қалыптасқан тәсілмен жұмыс істейді. Ал жаңа адам үкімет жұмысын жаңа ырғаққа түсіруі мүмкін. Елді дағдарыстан шығару үшін жаңа көзқарас қажет деп есептеймін», – дейді сарапшы.

Жаңармаған министрлер кабинеті

Премьер-министр ауысқанымен, министрлер кабинеті көп өзгеріске түскен жоқ. Небәрі 4 министр жаңадан келді. Атап айтқанда, Нұрлан Байбазаров экономика министрлігін, Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау министрлігін басқарады. Ал төтенше жағдайлар министрлігіне Шыңғыс Арынов, қаржы министрлігіне Мәди Тәкиев жетекшілік етеді. Басқа 17 министр өз орнын сақтап қалды.

Елде инфляция деңгейі артып, халық тұрмысы төмендеген, ол аздай, өңірдегі геосаяси жағдай ушығып тұрған қиын сәтте үкіметті жаңарту жұртқа белгілі бір үміт сыйлайтыны анық. Жоқ дегенде, азаматтар жаңа үкіметке бірер жыл беріп, өзгерісті күтуге іштей келіседі. Бірақ биылғы үкімет отставкасы жұрт күткендей болмады. Көп көңіліндегі премьер келмегені өз алдына, үкімет құрамы да бәз-баяғы күйінде қалып отыр.

Біздің елде билік мінберіне бір жеткен адамды зейнетке шыққанша сүйрейтін әдет қалыптасқан. Бір адам бірде министр, бірде әкім болып билікте ұзақ жыл жүреді. Тіпті бір өзі бірнеше министрлікті немесе бірнеше облысты басқарған кісілер аз емес. Мысал ретінде Қырымбек Көшербаев пен Бердібек Сапарбаевты айтсақ жетеді. Орта буын өкілінен 4 министрлік пен ұлттық банкті басқарып, қазір Алматыда әкім болып отырған Ерболат Досаевты атауға болады. Осы әдеттен қазірше құтыла алмайтын сияқтымыз. Жаһанға жар салып, үкіметті таратып жібереміз де, кабинетке «қамап» ұстап отырған 10-15 адамды бір-бірінің орнына қайта қойып шығамыз. Биыл да сол әдеттен жаңылған жоқпыз.

Олжас Бектенов кім?

Қазақстанда премьер-министр шешуші рөл атқармайтын, саяси тұрғыда еркіндігі аз тұлға. Тіпті премьерлікке кім келсе де жапырып жұмыс істей қоюы екіталай. Өйткені ол өзінің көзқарасын, экономикалық-әлеуметтік бағдарламасын өз бетінше енгізе алмайды. Одан да маңыздысы – үкімет басшысы халық алдында ешбір жауапкершілік арқаламайды. Бар ойы – жұмысынан нәтиже шығару емес, президентке ұнау ғана. Мысалы, ендігі экс-премьер атанған, ерінбеген екінің бірі сыртынан көк есекке мінгізген Әлихан Смайылов «қоштасу хатында» сенім артқаны үшін президентке алғыс айтумен шектелді. Халық тұрмысын оңдай алмадым деп қымсынып қоймайтын сияқты.

Олжас Бектеновті де осы сценарий күтіп тұр. Ол бұл сынақтан абыроймен өте ала ма, әлде бұрынғы премьерлер сияқты биліктің барлық қателігін мойнына алып, бірер жылда қызметімен қоштаса ма, ол жағы әзірге белгісіз. Оған дейін біз жаңа үкімет басының еңбек жолына көз жүгіртіп көрейік. Олжас Бектенов 1980 жылы Алматыда дүниеге келген, Смайыловтың жерлесі. Экс-премьермен бұдан өзге де ұқсас тұстары бар. Екеуі де қызмет баспалдағында аса жылдам көтерілген буынның өкілі. Екеуі де «белгісіз жүріп, би болған» премьер-министр.

Бектенов антикорға дейін Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдігінде қызмет еткен. Ал еңбек жолын 2002 жылы Алматы қалалық әділет басқармасының бас маманы болып бастаған. Бұдан бөлек премьер-министр кеңсесі мен президент әкімшілігінде ғана жұмыс істеді. Демек, әр шөптің басын бір шалмай, биліктің биік мінберіне тіке тартқан кадр. Жүріп өткен жолында бір бұралаңы жоқ, мансабы садақтан атылған жебедей жоғарылап отырған.

Жаңа премьердің Әлихан Смайыловпен ұқсастығын біз айттық. Ал айырмашылығы қандай болатынын Бектенов өзі айтсын. Смайылов сияқты үндемей жүріп, үкіметке келіп, момақан күйде қызметінен кете ме, әлде аникордағы тегеурінін танытып, тыңнан түрен сала ма, көреміз. Әлихан Смайылов премьер болғанда есіміне сүйсініп, Бөкейхановпен шендестіріп жіберген қазақпыз ғой...

Қуаныш Қаппас