Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:12

Ташиев кеткеннен кейін Қырғызстанда резонансты істер қайта қозғала бастады

Қамчыбек Ташиев
Фото: ашық дереккөз

Қырғызстанда Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ГКНБ) бұрынғы басшысы Қамчыбек Ташиев қызметтен кеткеннен кейін резонансты істердің фигуранттары белсенділік таныта бастады.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, 2026 жылғы ақпандағы кадрлық өзгерістерден кейін бұрын қылмыстық істерге тартылған кәсіпкерлер мен экс-шенеуніктер ашық мәлімдемелер жасап, істерін қайта қарауды талап етіп жатыр.

Атап айтқанда, «Аю» холдингінің негізін қалаушы, іздеу жарияланған Шаршенбек Абдыкеримов бұрынғы арнайы қызмет өкілдерін айыптап, бизнесіне қысым жасалғанын мәлімдеді. Ол 2025 жылы қылмыстық топтарды қаржыландыру бабы бойынша күдікке ілініп, активтерінің бір бөлігі мемлекетке өткен болатын.

Сондай-ақ, «Кумтор Голд Компани» компаниясының бұрынғы сыртқы басқарушысы Теңгиз Болтурук та ісін қайта қарауды талап етті. Бұған дейін ол мемлекетке 1 млрд сомнан астам шығын келтірді деп айыпталып, қызметінен босатылған еді. Қазір ол керісінше, кәсіпорындағы қаржылық заңбұзушылықтардың алдын алуға тырысқанын айтып отыр.

Бұдан бөлек, кәсіпкер Имамидин Ташовқа қатысты іс бойынша да қозғалыс байқалады. БАҚ мәліметінше, сот материалдарында процессуалдық заңбұзушылықтар анықталған.

Сарапшылар мұндай белсенділікті күштік құрылымдардағы өзгерістермен және бірқатар резонансты істердің қайта қаралу ықтималдығымен байланыстырады.

Қамчыбек Ташиев 2020 жылдың 16 қазанында Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған еді.

Айта кетейік, 10 ақпанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өзінің досы әрі серіктесі Камчыбек Ташиевті барлық қызметінен босатқан болатын. Президенттің баспасөз қызметі бұл қадам «мемлекеттің бірлігін нығайту және қоғамдағы, соның ішінде мемлекеттік құрылымдар арасындағы жікшілдіктің алдын алу мақсатында» жасалғанын хабарлаған.

 

Ташиевтің отставкасынан кейін күштік блокта қайта құрылымдау жүргізілді: оның орынбасарлары қызметтен кетті, Шекара қызметі ҰҚМК құрамынан шығарылды, сондай-ақ президентке тікелей бағынатын жаңа Мемлекеттік күзет қызметі құрылды. Парламент спикері Нурланбек Тургунбек уулу өкілеттігін тапсырды. Ташиевтің жиені Нургазы Матисаков көлік прокуратурасы басшысы қызметінен босатылды. Сонымен қатар ҰҚМК-ның Бішкек қаласы бойынша басқармасының экс-басшысы Эльдар Жакыпбеков ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұдан бөлек, Ташиевке жақын деп саналатын Вазелин де қамауға алынғаны хабарланды.

Ташиев пен Жапаров
Фото: ашық дереккөз

24.kg басылымының жазуынша, Қамчыбек Ташиев пен президент Садыр Жапаров арасындағы көпжылдық қарым-қатынас елдегі ең тұрақты әрі ықпалды саяси одақтардың бірі ретінде бағаланып келген. Олардың серіктестігі билікке келуден әлдеқайда бұрын басталған: 2010 жылдардың басында олар бірнеше мәрте саяси процестерде бірге әрекет еткен, ал 2012 жылы бір эпизод бойынша бірге сотталған. Бұл жағдай олардың жеке байланысын одан әрі нығайтқан.

2020 жылғы қазан оқиғаларынан кейін президенттікке келген Садыр Жапаров Қамчыбек Ташиевті Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің басшысы етіп тағайындап, ол күштік блоктың негізгі тіректерінің біріне айналды.

Елдегі ең резонансты істер дәл осы Ташиевтің бақылауында болды. Ол күштік саясатты қалыптастырып, іс жүзінде президент командасындағы ең жақын әрі сенімді тұлғалардың бірі саналды.

Сарапшылар бұл одақты Қырғызстандағы ең ықпалды саяси дуэт деп атап келді. Ал Қамчыбек Ташиевке қатысты кез келген кадрлық өзгеріс билік конфигурациясындағы елеулі өзгерістердің белгісі ретінде қабылданатын.

Соңғы уақытта саяси ортада арнайы қызмет басшысы алдағы президент сайлауына қатысуы мүмкін деген қауесет тараған еді. Алайда Қамчыбек Ташиевтің өзі бірнеше рет президенттік додаға қатысу ойы жоқ екенін және Садыр Жапаровты қолдайтынын мәлімдеген.