Тасмағамбетовтің ең сенімді серігі кім?

Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі халықаралық ұйымның мүшесі, Transparency International ұйымының өкілі Әсел Темірова, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) қазіргі төрағасы Иманғали Тасмағамбетовке қатысты жаңа әрі маңызды мәліметпен бөлісті.
Саяси сарапшылардың пікірінше, Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткеннен кейін де, оның ең сенімді серіктерінің бірі саналатын Иманғали Тасмағамбетов пен оның айналасы ел ішіндегі саяси ықпалын жоғалтпаған.
Қазіргі билік құрылымдарында, атап айтқанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасында, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, Мәжіліс қабырғасында және бұқаралық ақпарат құралдарында Тасмағамбетовтің көзқарасын қолдайтын тұлғалар аз емес. Бұл оның саяси салмақтағы орнын әлі де жоғары деңгейде ұстап отырғанын көрсетеді.
Сарапшы атап өткендей, Иманғали Нұрғалиұлы Ресей Федерациясындағы беделді тұлғалармен, соның ішінде "Ростех" мемлекеттік корпорациясының басшысы, генерал Сергей Чемезовпен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Бұл байланыстар оның сыртқы саяси ықпалына да жол ашып отырған болуы мүмкін.
«Ростех» корпорациясының құрамына «АвтоВАЗ», «КАМАЗ», «Ресей тікұшағы» секілді Ресейдің қорғаныс және технологиялық әлеуетін қамтамасыз ететін ірі кәсіпорындар кіреді. Темірова атап өткендей, Иманғали Тасмағамбетов «КАМАЗ» директорлар кеңесінің мүшесі ретінде Ресейдің стратегиялық салаларымен тығыз байланыста. Бұл оның тек бизнес мүддесін емес, сонымен қатар Ресейдің геосаяси ықпалын күшейтуге атсалысуы мүмкін екенін көрсетеді.
Сарапшының айтуынша, соңғы жылдары Тасмағамбетов пен Чемезов арасындағы байланыс іскерлік қарым-қатынастан жеке достық деңгейге дейін ұласып кеткен.
Сергей Чемезов – Ресей президенті Владимир Путиннің жақын серігі әрі КГБ-дағы бұрынғы әріптесі. Ол 2007 жылдан бері «Ростех» мемкорпорациясын басқарып келеді және Ресейдің қорғаныс өнеркәсібі мен жоғары технологияларын дамытуға жауапты тұлғалардың бірі.
Халықаралық OCCRP және Pandora Papers тергеу жобаларының мәліметінше, Чемезов отбасы жүздеген миллион долларлық активтерге ие, соның ішінде көптеген офшорлық компанияларды бақылайды. Әсел Темірова бұл схеманың Тасмағамбетов пен оның күйеу баласы Кеңес Рақышевтің бизнес-моделімен ұқсастығын атап өтеді.
«Бұл ұқсастық кездейсоқ емес. Қаржылық байланыстар мен офшорлық құрылымдар арқылы ықпал ету тетіктері қалыптасқан болуы мүмкін. Тасмағамбетовтың Чемезовпен тығыз байланысы Қазақстан элитасына, елдің қаржы институттарына, қорғаныс секторына, тіпті сыртқы саясатына Кремль тарапынан ықпал ету арнасы болуы мүмкін», - деп топшылайды сарапшы.
Темірова бұған бей-жай қарамай, арнайы органдар тарапынан тексеріс жасалу қажеттігін ескертеді. Оның сөзінше, лауазымды тұлғалардың ресейлік ықпалды топтармен отбасылық әрі іскерлік байланыста болуы ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді.
«ТАС Чемезовтің ешбір өтінішін жерге тастамайды. Екеуі арасынан қыл өтпес дос. Отан мүддесі ешқандай жеке немесе достық қарым-қатынастың тасасында қалмауы керек. Тасмағамбетовтың Мәскеудегі байланыстарын мұқият зерттеп, шұғыл баға беруіміз қажет. Мұның соңы елді сатуға дейін апарып соғуы әбден мүмкін», - деп қорытындылады сарапшы.