Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:15, 27 Қыркүйек 2024

Тасмағамбетовтің қызы мен күйеу баласының компаниялары

Әсел Тасмағамбетова, Иманғали Тасмағамбетов, Кеңес Рақышев
Фото:Жас Алаш коллаж

Қыркүйекте Forbes Woman Kazakhstan алғаш рет еліміздегі ең ықпалды әйелдер тізімін жариялады.

Бұл рейтингте қайрымдылық, мемлекеттік қызмет, ғылым және т.б салаларда табысты қызмет етіп жүрген әйелдердің аты аталады. Тізімге бизнес саласындағы 3 әйел еніпті. Көш басында Халық банкі басқарма басшысы Үміт Шаяхметова тұр. Одан кейін Алматы әкімінің жұбайы Гүлнәр Досаева мен Иманғали Тасмағамбетовтің қызы Әсел Тасмағамбетова бар. Біз бұған дейін Үміт Шаяхметова мен Гүлнәр Досаевалардың отбасымен бірігіп, қандай компанияларға иелік ететінін жаздық. Енді кезек Әсел Тасмағамбетова мен оның күйеуі, олигарх Кеңес Рақышевқа келді.

Әсел Тасмағамбетова
Фото: ашық дереккөз

Әсел Тасмағамбетова кім?

Экс-президент Назарбаевтың сенімді серігі, премьерліктен бастап бірнеше лауазымды қызметтерді атқарған Иманғали Тасмағамбетовтің тұңғышы Әсел Тасмағамбетова 1979 жылы өмірге келген. 1999 жылы Қазақстан мемлекеттік заң университетін заңгер мамандығы бойынша, 2009 жылы Халықаралық тәуелсіз экология және саясаттану университетін экология және қоршаған ортаны басқару мамандығы бойынша аяқтаған. Лауазымды қызметтер атқарғаны туралы мәлімет жоқ. Тек 2002 жылы жолдасы Кеңес Рақышевпен бірге әлеуметтік қорғау, медицина, білім беру, шағын кәсіпкерлікті қолдау салаларындағы жобаларды жүзеге асыру мақсатында «Сәби» қайырымдылық қорын құрған. 2008 жылы ол табиғи ингредиенттер негізіндегі биокосметика өнімдерін әзірлейтін және сататын Telli компаниясын ашқан. 2012 жылы ол Орталық Азиялық экологиялық зерттеулер институтын құрды. Бұл орталық халықаралық экологиялық ұйымдармен бірлесе отырып, жойылып кету қаупі төнген сүтқоректілерді құтқару жұмыстарын жүргізеді. Балалар медицинасы жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін Әсел Тасмағамбетова мемлекеттік награда – «Құрмет» орденімен 2016 жылы марапатталған.

Әсел Тасмағамбетованың компаниялары

Бір қызығы, Тасмағамбетовтің қызы 20 жылдан астам қайырымдылықпен айналысып келе жатса да, Forbes Woman рейтингісіне ол қайырымдылық бойынша емес, бизнес саласы бойынша енген. Тасмағамбетова сұхбаттарында қайырымдылықтарының ақша әкелмейтінін қайталап айтқан. Мысалы, «Сәби» қайырымдылық қорын осыдан 22 жыл бұрын ерлі-зайыптылар Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова құрған. Бұл ұйымның негізгі қызметінің қатарында балалар мен жастарға арналған білім беру және денсаулық сақтау бағдарламалары бар. Қор жетім балалар мен дарынды жастарға және табиғатты сақтауға гранттар бөліп отырады. Тасмағамбетова бұл қордың өздерінің имиджіне жұмыс істемейтінін айтса да, Рақышев екеуінің есімі осы қор арқылы жиі аталады.

Сонымен, Әсел Тасмағамбетованың атына ресми алты компания тіркелген. Олардың басым бөлігі – қайырымдылық пен ғылым-білімге инвестиция салумен айналысады. Оның жалпы бизнесін екіге бөліп қарастыруға болады. Нақтылап айтқанда, Тасмағамбетованың үш компаниясы қайырымдылықпен, ал қалған үшеуі таза бизнеспен айналысады. Ендеше, олардың қандай компания, табысы қанша екенін кеңінен баяндап берейік.

Сәби

«СӘБИ» Жеке қайырымдылық қоры» коммерциялық емес ұйымы

Алматы қаласының Әділет департаментінде 2002 жылы, 22 сәуірде тіркеуден өткен. Директоры да, құрылтайшыса да – Әсел Тасмағамбетова. Қор қайырымдылықпен айналысады. 2023 жылғы қаржы айналымы – 400 млн-ға жуық. Бірақ қор өзінің ресми сайтында қазіргі бюджетін 14,2 млрд теңге деп көрсеткен. Былтырғы төлеген салығы – 8 млн теңгедей. Жалпы қазынаға аударған қаржысы – 100 млн теңгеден асады. Мемлекеттен алған тендерлері кездеспейді.

Осы қор арқылы Тасмағамбетова Каспий теңізінде зерттеу жүргізу және теңіздің итбалығын сақтау бойынша екі компанияға иелік етеді.

«Орталық Азиялық экологиялық зерттеулер институты» ЖШС

Алматы қаласында 2012 жылы, 28 маусымда тіркеуден өткен. Директоры –Әділхан Тауасаров. Құрылтайшысы жалғыз – Иманғали Тасмағамбетовтің қызы. Компания ғылым мен техникада әртүрлі зерттеулермен айналысады. Былтырғы қаржы айналымы – 3,6 млрд теңгеден асады, төлеген салығы – 70 млн теңгеге жуық. Осы уақытқа дейін қазынаға – 267 млн теңге аударған. Институт негізінен Каспий итбалығын зерттеу және оны сақтау бойынша әртүрлі жұмыстар атқарады. Мемлекеттен алған тендерлерінің саны – 29.

«Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы» қоры

Маңғыстау облысында 2020 жылы, 3 қарашада тіркеуден өткен. Директоры – Әділхан Тауасаров. Жалғыз құрылтайшысы – Әсел Тасмағамбетова. Қор негізінен Каспий теңізі жағалауында жарақат алған итбалықтарды құтқарумен және емдеумен айналысады. Компанияның 2023 жылғы қаржы айналымы – 120 млн теңгедей. Төлеген салығы – 2,5 млн теңгеге жуық. Мемлекеттен алған тендерлері кездеспейді.

Telli Kazakhstan

Telli Kazakhstan ЖШС

Алматы қаласында алғаш рет 2007 жылы, 22 мамырда тіркеуден өткен. Директоры – Жанар Аленова. Құрылтайшысы – Әсел Тасмағамбетова. Мекеме дүкендерде косметика мен гигиеналық бұйымдардың бөлшек саудасымен айналысады. 2023 жылғы қаржы айналымы – 4,5 млрд теңгеден асады. Былтырғы төлеген салығы – 86 млн теңгеге жуық. Осы уақытқа дейін қазынаға – 715 млн теңгеден аса қаржы аударған. Мемлекеттен алған тендерлері кездеспейді.

Компанияның Астанада бір филиалы бар. Оның былтырғы қаржы айналымы – 250 млн теңгеге жуық. Төлеген салығы – 5 млн теңгеден асады.

«Шоқан Уәлиханов атындағы Жекеменшiк мектеп» ЖШС

Алматы қаласында алғаш рет 2018 жылғы, 26 қыркүйекте тіркелген. Директоры – Әсел Тасмағамбетова. Құрылтай мүшесі – Кеңес Рақышев. Компанияның былтырғы қаржысы – 14 млрд теңгедей. Төлеген салығы – 287 млн теңгеден асады. Осы уақытқа дейін қазынаға 1 млрд теңгеге жуық ақша аударған. Мектеп – 1350 оқушыға арналған. Мектепте математика, қазақ, ағылшын тілдері тереңдетіп оқытылады. Былтырғы есеп бойынша, мектептегі оқушылар саны – 800-ге жуық. 2023 жылы компания 2 млрд теңгеге жуық табыс тапқан.

Telli Öndiris ЖШС

Алматы қаласында 2022 жылы, 14 маусымда тіркеуден өткен. Компанияның директоры да құрылтай мүшесі де – Әсел Тасмағамбетова. Кәсіпорын косметикалық және гигиеналық заттарды өндіреді. ЖШС-ның былтырғы қаржы айналымы – 500 млн теңгеге жуық. Төлеген салығы – 10 млн теңгедей. Мемлекеттен алған келісімшарттары жоқ.

Бұдан бөлек, Тасмағамбетованың көтерме саудамен айналысатын Veless компаниясының капиталына ие екендігі ашық дереккөздерде жазылған. Кәсіпорын Қарағанды ​​облысындағы «Балқаштүстімет» өндірістік бірлестігінің Балқаш байыту зауытының қалдық қоймаларындағы мысты барлау жұмыстарын бақылайды. «Балқаштүстімет» бірлестігінің 2023 жылғы қаржы айналымы – 363 млрд 223 млн теңгеден асады. Төлеген салығы – 7,5 млрд теңгеге жуық. Өндірістік бірлестіктің құрылтай мүшелері кім екені жасырылған. Бірақ бұл кәсіпорын «Қазақмысқа» қарайтыны белгілі. Ал әділет министрлігі Veless компаниясының қазіргі күнде қызметі тоқтаған деген мәлімет берді. Аты аталған компаниялар ресми түрде Тасмағамбетоваға тиесілі болмағандықтан, олар туралы тәптіштеп жазуды жөн көрмедік. Бірақ бұған дейін «Қазақмыс» корпорациясы туралы көлемді зерттеуімізді жариялаған едік.

Кеңес Рақышев
Фото: ашық дереккөз

Кеңес Рақышевтың компаниялары

«Долларовый» миллионер Кеңес Рақышев Қазақстанның сауда-өнеркәсіп палатасын 14 жыл басқарған Хамит Рақышевтың ұлы. Forbes Kazakhstan-ның мәліметінше, кәсіпкер Fincraft Group компаниясына иелік етеді, сол арқылы Fincraft Resources АҚ және «БТА Банк» АҚ-ның 78,85 пайызын бақылайды. Бұдан бөлек, ол – Fincraft Resources АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. Оның қысқаша өмірбаянына тоқталсақ, алғашқы миллион долларын қалай, қай салада тапқаны туралы нақты мәлімет жоқ. Рақышев 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясында заңгер, экономист мамандығын бітірген. Осыдан кейін Oxford Saïd Business School мен London Business School бизнес мектептерінде оқыған. Бірнеше жыл ішінде кәсіпкер бизнес-ассоциациялардың мүшесі, банктер басқармасының төрағасы болды, өндірістік және коммерциялық кәсіпорындарды басқарған. Елдегі көптеген ірі қаржы ұйымдарында қомақты үлеске иелік етеді. Рақышевтың атына ресми он бес компания тіркелген. Оның ішіндегі кейбір ірі компанияларға тоқтала кетейік.

Fincraft Group ЖШС

Алматы қаласында 2014 жылы, 23 мамырда тіркелген. Директоры да, құрылтайшысы да – Кеңес Рақышев. Кәсіпорын негізінен холдингтік компаниялардың қызметімен айналысады. 2023 жылғы қаржы айналымы – 3,2 млрд теңгеден асады. Төлеген салығы – 66 млн теңгеге жуық. Мемлекеттен алған тендерлері кездеспейді. Бұл кәсіпорынның білім саласындағы Shoqan Academy, «Шоқан Уәлиханов атындағы Жекеменшiк мектеп» және газ-мұнай саласындағы Beineu Petroleum Limited Жеке компанияларына қатысы бар.

Шұбаркөл Премиум

«Шұбаркөл Премиум» АҚ

Бір апта бұрын Тимур Құлыбаевқа тиесілі «Шұбаркөл Премиум» акционерлік қоғамының акцияларын Кеңес Рақышев пен Шухрат Ибрагимов сатып алғаны белгілі болды. Шұбаркөл – еліміздің барлық аймағына бренд ретінде танылған көмір. «Шұбаркөл Премиум» Қарағанды қаласында 2017 жылы, 24 сәуірде тіркелген. Директоры – Бауыржан Орынғалиев. Құрылтайшылары – Шухрат Ибрагимов пен Кеңес Рақышев. Кәсіпорынның 2023 жылғы қаржы айналымы – 458 млрд-қа жуық. Төлеген салығы – 8 млрд 700 млн теңгеден асады. Алайда бұл компанияның 3 есеге құлдыраған кезі. Мысалы, былтыр компания 24 млрд теңгеден аса салық төлеген. Сол жылғы қаржы айналымы – 1 трлн 303 млрд 412 млн теңгеден асатын болған.

Бұл компания Karagandy CCI, Baltic Terminals, Shubarkol logistic, «Темір кокс» сынды компаниялардың құрылтай мүшелігінде бар.

ISKRA Security

ISKRA Security ЖШС

Алматы қаласында 2015 жылы, 11 қарашада тіркеуден өткен. Директоры –Ерсін Әліқұл. Құрылтайшылары – Дархан Баянов пен Тасмағамбетовтің күйеу баласы. Компания жеке күзет қызметін көрсетеді. 2023 жылғы қаржы айналымы – 9 млрд теңгеге жуық, төлеген салығы – 166 млн теңгеден асады. Осы уақытқа дейін жарты млрд теңгеге жуық қаржыны мемлекет қазынасына аударған.

«BMT 2023» ЖШС

Алматы қаласында 2021 жылы, 7 қыркүйекте тіркеуден өткен. Директоры – Дулат Байкүшіков. Құрылтайшысы – Кеңес Рақышев. Компания бизнес және менеджмент бойынша кеңес беру қызметін көрсетеді. Бұл компания енді өсіп келе жатыр. Осыдан екі жыл бұрын қызметкерлері 5 адам айналасында болса, қазір 100-ге жуықтады. 2023 жылғы қаржы айналымы – 3,6 млрд теңге, сол жылы 73 млн теңгеден астам салық төлеген.

«Кульсай-1» ЖШС

Алматы қаласында 2021 жылғы, 12 тамызда тіркелген. Директоры – Сергей Федосков. Құрылтайшысы – Кеңес Рақышев. Компания жылжымайтын мүлікті жалға алу және басқарумен айналысады. 2023 жылғы қаржы айналымы – 1,5 млрд теңгеге жуық. Былтыр 30 млн салық төлеген.

SDB Group ЖШС

Алматы қаласында алғаш рет 2010 жылы, 10 маусымда тіркелген. Директоры – Тимур Бегішев. Құрылтайшысы – Кеңес Рақышев. Компания мүлікті жалға берумен айналысады. 2023 жылғы қаржы айналымы – 541 млн теңгеден асады. Төлеген салығы – 11 млн теңге.

Бұдан бөлек, Тасмағамбетовтің күйеу баласының атында мына компаниялар тіркеуде тұр:

  1. «Балкия плюс» ЖШС;
  2. KZ Towers;
  3. Fincraft Investments;
  4. Oil Project 1;
  5. FG Energy Investment;
  6. byb production;
  7. Shoqan Academy;
  8. Fatum Limited Жеке компаниясы;
  9. Шоқан Уәлиханов атындағы Жекеменшiк мектеп.

Әрине, Кеңес Рақышевтың компаниялары мұнымен бітіп қалмайды. Заңды тұлғаны заңды тұлғаға тіркеу арқылы компаниялар желісі жалғасып кете береді. Мысалы, жоғарыда Fincraft Group компаниясының мұнай-газ саласындағы Beineu Petroleum Limited Жеке компаниясына қатысы барын жаздық. Ал оның шикі мұнай мен газ өндіретін Varro Operating Group, Petro Energy Group, Nobilis Corp сынды компанияларға қатысы бар. Бұдан бөлек, олигархтың «Казникель» кәсіпорнына да қатысы бар. Бұл компания пайдалы қазбалар өндіреді. 2023 жылғы қаржы айналымы – 1,2 млрд теңге. Құрылтайшылары – BMT NiCo Ltd мен MINING TECHNOLOGIES COMPANY кәсіпорындары. Биыл шілдеде АҚШ баспасөзі Рақышевтың пайдалы қазбалар бизнесіне инвестиция салып жатқанын жазған. Ол электромобильдер өндірісінде және экологиялық таза энергетикалық технологияларда қолданылатын «Казникель» арқылы никель өндіруге ондаған миллион доллар қаржы құйған. Бұл өнімдерді Қытай сатып алады.

Кеңес Рақышевтың табысы жыл өткен сайын қысқарып бара жатқанға ұқсайды. Мысалы, биылғы қаржысын Forbes Kazakhstan 435 млн доллар деп көрсеткен. Былтыр қаржысы – 570 млн доллар болса, 2022 жылғы қаржысы 1 млрд долларға жуық болған. Тамыз айында кәсіпкердің Fincraft Resources тобына тиесілі компанияларды сата бастағаны БАҚ беттерінде жазылды. Fincraft Resources АҚ 2023 жылды 655,3 миллион теңге шығынмен қорытындылаған. Рақышев БТА банкінің Беларуссиядағы филиалын да сатып жіберген. «Казникел» компаниясы да сатылып жатқандығы туралы хабарлар тарады.

Тұрсынбек БАШАР