Финансист Досаев пен әйелінің көрінбейтін миллиардтары
Өткен аптада Forbes Woman Kazakhstan журналы елдегі ең ықпалды әйелдер рейтингін жариялады.
Бұл тізімді Грекияға барып, арал өртеп жібергендер тізімінде бар делінетін Үміт Шаяхметова бастады. 25 әйелдің ішіне Гүлнәр Досаева да кірген. Досаева «Дара» қайырымдылық қорының негізін қалаушы және Lancaster Holding компаниясының тең құрылтайшысы екені айтылған. Гүлнәр Досаева қазіргі Алматы әкімінің жұбайы. Көпке жасырын емес, Ерболат Досаев та белгілі кәсіпкер. 2014 жылы оның байлығын қазақстандық Forbes 110 млн доллар деп көрсеткен. Jas Alash тілшісі ерлі-зайыпты Досаевтардың қандай компанияларға иелік ететінін анықтап көрді.
Гүлнәр Досаева кім?
Гүлнәр Досаева 1975 жылы қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген. 1991 жылы Алматыдағы №105 ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын мектепті алтын медальмен бітірген. 1995 жылы Нархоз университетінің халықаралық қатынастар факультетінде мұнай бизнесі мамандығы бойынша оқуын аяқтаған. 1995-1996 жылдары аралығында ҚазҰУ-дің халықаралық қатынастар кафедрасында оқытушы, 1996 жылдан 2001 жылға дейін Қазақстан Республикасындағы Финляндия Сауда Палатасында сауда кеңесшісінің көмекшісі болып жұмыс істеген. 2001 жылы G&G Glamour ЖШС бас директоры болып тағайындалған. 2007 жылдан қазіргі уақытқа дейін G&G Glamour компаниясының негізін қалаушы және вице-президенті, «Дара» қайырымдылық қорының негізін қалаушысы саналады. Ағылшын және италиян тілдерінде сөйлейді.
Гүлнәр Досаеваның компаниялары
Гүлнәр Досаеваның атында ресми 7 компания тіркелген. Оның төртеуін белгілі кәсіпкер Гауһар Қаппаровамен бірігіп басқарады. Қаппаровтар отбасы қазақстандық Forbes тізіміндегі ең бай адамдар рейтингінде 66-орында. Жалпы байлығы 86 млн доллар деп көрсетілген. Гауһар Қаппарова мен ұлы Нұрсұлтанның «Ер Сай Каспиан Контрактор» мұнай компаниясы, Tin One Mining тау-кен өндіру кәсіпорындары және т.б компанияларда үлесі бар. Ол – кәсіпкер, шенеунік Нұрлан Қаппаровтың жұбайы. Ал Нұрлан Қаппаров Досаевтың бизнес серіктесі, досы болған.
Гауһар Қаппарова мен Гүлнәр Досаева кейбір кәсіптерді бірге құрған, бірнеше жылдан бері бизнес серіктес. Енді Досаеваның қандай компанияларға иелік ететінін атап өтейік.
«G and G Гламур» ЖШС. Алматы қаласында алғаш рет 2009 жылы, 14 желтоқсанда тіркеуден өткен. Директоры және құрылтайшысы – Гауһар Қаппарова. Құрылтай құрамында Алматы әкімінің әйелі де бар. Компания киім саудасымен айналысады. 2023 жылғы қаржы айналымы – 41 215 535 631 теңге. Былтырғы төлеген салығы – 1 300 807 175 теңге. Компания құрылғалы бері осы уақытқа дейін 6 млрд-қа жуық салық төлеген. Мемлекеттен алған тендерлері кездеспейді.
Бұл компанияның G and G Management, KDK FASHION және MaxGlamour дейтін компанияларға қатысы бар. Аталған компаниялар да сауда қызметімен айналысады. Мысалы, MaxGlamour-дың табысы өте жоғары. Бұл компанияның құрылтайшысы – «G and G Гламур» мен Даниил Арон дейтін азамат. Ол G and G Management-тің де құрылтайшысы. 2023 жылғы қаржы айналымы – 7,5 млрд теңгеге жуық, сол жылы төлеген салығы – 250 млн теңгеге жуық. Ал жалпы салығы – 1 694 639 101 теңге.
Ggonline ЖШС. Компания Астана қаласында 2021 жылы, 14 қыркүйекте тіркеуден өткен. Директоры – Сания Сауранбаева. Құрылтайшылары – Гүлнәр Досаева мен Гауһар Қаппарова.
Бұл компания да негізінен киім саудасымен айналысады. 2023 жылғы қаржы айналымы – 1 млрд 211 млн теңгеден асады. Былтырғы төлеген салығы – 23 млн теңгеге жуық. Мемлекеттен алған тендерлері кездеспейді.
Lancaster Global Company ЖШС. Алматы қаласында 2016 жылы, 16 қарашада тіркеуден өткен. Директоры – Елена Чубко. Құрылтайшылар саны төртеу. Олар – Гүлнәр Досаева, Гауһар Қаппарова, Берік Қаниев және Юрий Пак. Компания құрылыс жобаларын әзірлеумен айналысады. 2023 жылғы қаржы айналымы 72 млн теңгеден асады. Былтырғы төлеген салығы – 1,5 млн теңгеге жуық. Мемлекеттен алған тендерлері кездеспейді.
Бірақ бұл компанияның жеке қызмет түрлерін көрсететін BK Gold және құрылыспен айналысатын «Жандиг-С» компанияларына қатысы бар. Бұл екі компанияның біріне, яғни құрылыспен айналысатын «Жандиг-С-ке» тоқталып өтейік.
Аталған кәсіпорын Алматы қаласында алғаш рет 1999 жылы, 20 қыркүйекте тіркеуден өткен. Директоры – Ғани Торғаутов. Құрылтайшысы жалғыз – Lancaster Global Company. Компания тұрғын-үй құрылысы және мұнай-газ саласында қызмет көрсетеді. 2023 жылғы қаржы айналымы 1 млрд 795 млн теңгеден асады. Сол жылы төлеген салығы – 23 264 336 теңге. Осы уақытқа дейін мемлекет қазынасына 11 млрд-тан аса қаржы аударған. Себебі қазір компанияның қаржы айналымы өте қатты төмендеген. Мысалы, 2019 жылдары оның қаржысы 217 млрд теңгеден асатын болған. Сол жылы 3 млрд 530 млн теңге салық төлеген.
Dos.Co жеке қоры. Астана қаласында 2022 жылы, 3 маусымда тіркеуден өткен. Директоры – Айнұр Аймурзина. Құрылтайшысы жалғыз – Алматы қаласы әкімінің жұбайы. Жеке қор әлеуметтік қызмет түрімен айналысады. 2023 жылғы қаржы айналымы 542 млн теңгеден асады. Былтырғы салығы – 11 млн теңге.
«Дара» жеке қоры. Астана қаласында 2005 жылы, 17 мамырда тіркелген. 2023 жылғы қаржы айналымы – 1 млрд 628 млн теңге. Төлеген салығын мемлекеттік кірістер комитеті – 24 339 072 теңге деп көрсеткен. Осы уақытқа мемлекет қазынасына аударған қаржысы – 140 млн теңгеге жуық. Жеке қор қоғамдық ұйымдардың қызметімен айналысады. Директоры да, құрылтайшысы да – Гүлнәр Досаева. Мемлекеттен алған келісімшарттары жоқ.
Бұдан бөлек, Гүлнәр Досаева мен Гауһар Қаппарова Mountain Breeze компаниясының және Нұрлан Қаппаров атындағы жеке қордың құрылтай мүшелері.
Ерболат Досаевтың компаниялары
Шенеуніктердің туыстарының атында жеке кәсібінің болуы таңғаларлық жағдай емес. «Жас Алаш» бұған дейін де бірнеше шенеуніктің туыстары атындағы бизнес көздерін жазды. Ал Ерболат Досаевты тәптіштеп таныстырып жатудың қажеті жоқ болса да, ол туралы кейбір мәліметтерді айтып өтпесек тағы болмайды. Қазіргі Алматы қаласы әкімі саяси карьерада Ертөстіктей өскен. Мысалы, небәрі 28 жасында энергетика, индустрия және сауда вице-министрі қызметін атқарған. 2000 жылы 30 жасында қаржы вице-министрі болған. Бұдан кейін де бірнеше салада министр қызметіне тағайындалды, ұлттық банкті басқарды. 2004-2006 жылдары денсаулық сақтау министрі болып тұрған кезде Шымкентте 150 бала ВИЧ жұқтырды (кей деректерде 220), оның 9-ы қайтыс болды. Сол кезде Досаев ешқандай жазаға тартылған жоқ, тек қызметінен босатылды. Жалпы Досаев саясатқа және мемлекеттік басқаруға бизнестен келген шенеунік деп айтылады. Бірақ оның қызметін жоғарыда жазып өттік. Ол вице-министр болғанға дейін «Тұран Әлем Банкі» ЖАҚ Басқарма Төрағасының орынбасары, «АТФ Банк» ЖАҚ Басқарма Төрағасы қызметтерін атқарған. Кей деректерде Досаевтың 2003 жылдары 3 досымен бірігіп Lancaster Group компаниясын құрғаны айтылады. Олар мемлекеттік қызметкер болған Нұрлан Қаппаров (2015 жылы Бейжіңде қайтыс болды), Forbes нұсқасы бойынша Қазақстанның ең бай 75 бизнесменінің қатарына кіретін миллионерлер Берік Қаниев пен Юрий Пак (73-орында).
Қазіргі күнде қала әкімінің атында ресми түрде 5 компания тіркелген. Олар: «РФММ түлектерінің қоры» қоғамдық қоры; ERC Holdings ЖШС, «Алтын Жусан» ЖШС; Lancaster Investments Company ЖШС; Fizmat Endowment Fund қоғамдық қоры.
Аталған компаниялардың ешқайсысы айтарлықтай табысты емес. Мысалы, Fizmat Endowment Fund қоғамдық қорының былтырғы қаржы айналымы – 128 110 892 теңге, төлеген салығы – 2,5 млн теңгеден асады. Сол сияқты ERC Holdings компаниясының былтырғы қаржы айналымы небәрі 57 млн теңге ғана. Бірақ 2018 жылдары оның қаржысы 28 млрд 993 млн теңгеден асатын болған.
Досаевтарға қатысы бар делінетін компаниялар
Біз жоғарыда тізіп өткен компаниялар – Алматы әкімінің әйеліне ресми тіркелгендері ғана. Былтыр оның «РТС Деко» акционерлік қоғамында 15 пайыз үлесі бары айтылған еді. Ал қала әкімі Досаев әйелінің бұл кәсіпорындағы үлесін 2022 жылдың соңында сатып жібергенін мәлімдеді. Бірақ egov порталы Досаевтың әйелінің сыртқы жарнамалық компаниядағы үлесін сатуы туралы сөзін растамайды.
«РТС Деко» АҚ. Бұл кәсіпорын жарнама қызметін көрсетеді. Былтырғы қаржы айналымы 60 млрд теңгеден асады. Компания акцияларының 50 пайызы JCDecaux Asie Holding-ке тиесілі. Гүлнәр Досаевадан бөлек, компания құрылтайшылары құрамында Гауһар Қаппарова, Дәурен Блиев және Арман Қағаров бар екені айтылған. Қазіргі уақытта құрылтайшылардың аты-жөні жасырылған. egov порталында олардың саны бесеу деп көрсетілген. Құрылтайшылар құрамының соңғы өзгерісі 2017 жылдың желтоқсанында болған. Жалпы компанияға қатысты құжаттарға өзгеріс кейінгі рет 2020 жылы қаңтарда енген.
Досаев былтыр журналистерге берген жауабында компанияларын коммерциялық емес деп атаған еді. Бірақ ол құрылтай құрамына Қаппарова Гауһар, Юрий Пак, Берік Қаниевтермен бірге кіретін Lancaster Investments Company кәсіпорны Lancaster Group-тың құрамында. Негізгі қызмет түрі –экономиканың әртүрлі салаларына инвестиция салу. Компания ірі халықаралық операторлармен бірлескен кәсіпорындар құрады және өнеркәсіптік инфрақұрылым, мұнай-газ қызметтері, жер қойнауын пайдалану және тау-кен өндіру және т.б. салаларда қызмет көрсетеді.
Сол сияқты ERC Holding-тің де құрылтай құрамында Lancaster Investments Company кәсіпорны мен жоғарыда атын атап кеткен азаматтар бар. Демек ол да Lancaster Group құрамына кіреді және сол арқылы Каспий аймағындағы мұнай өндіруші компанияларға мердігерлік қызмет көрсететін «Ерсай Каспиан Контрактор» ЖШС-ның 50 пайызына иелік етеді.
«Ерсай» компаниясының триллиондары
«Ерсай Каспиан Контрактор» Алматы қаласында алғаш рет 2003 жылы, 6 қазанда тіркеуден өткен. Директоры – Артур Пак. Құрылтайшысы жалғыз – ERC Holdings (Energy Resource Caspian Holdings) компаниясы. Аталған компанияның ресми сайтында құрылтайшылары етіп ERC Holding және франциялық Saipem International B.V. кәсіпорнын көрсеткен. Бұдан бөлек, оның қаржы және банк саласында жұмыс істейтін Lancaster Group Kazakhstan компаниясының да құрамына кіретіні жазылған. Кәсіпорын негізінен сауда, тау-кен және мұнай-газ салаларында қызмет көрсетеді. Ерсай компаниясының Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында кеңселері және Маңғыстау облысының Құрық ауылында өндірістік базасы бар. Компанияның былтырғы қаржы айналымы небәрі 7,5 млрд теңгеге жуық. Төлеген салығы – 140 млн теңгеден асады. Алайда бұл компанияның құлдыраған кезі. 2016 жылы оның қаржысы 3 трлн теңгеге жуық болған. Сол жылы мемлекет қазынасына 57 млрд-қа жуық қаржы аударған. Компания 2018 жылы 784 312 000 теңгеге бір, 2019 жылы 126 779 200 тағы бір келісімшарт алып орындаған.
Lancaster Group Kazakhstan АҚ. Компанияның ресми сайтында аталған кәсіпорынды халықаралық холдинг деп көрсеткен. Lancaster Groupэкономиканың әртүрлі салаларына инвестиция сала отырып, ірі халықаралық операторлармен бірлескен кәсіпорындар құрады және бүгінде инфрақұрылым, мұнай-газ, жер қойнауын пайдалану және тау-кен өндірісі, фармацевтика, логистика және білім беру салаларында қызмет көрсетеді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, акционерлік қоғамның негізін Ерболат Досаев, Нұрлан Қаппаров, Берік Қаниев пен Юрий Пак 2003 жылы қалаған. Президенті – Венера Барзамова. Құрылтайшысы жасырын. АҚ-ның 2023 жылғы қаржы айналымы 7 млрд теңгеден асады. Төлеген салығы – 140 млн теңгеге жуықтайды. Кейінгі жылдары АҚ-ның табысы айтарлықтай азайған. Мысалы, 2019 жылдары оның қаржысы 185 млрд теңгеден асқан.
Lancaster Group-тың қазіргі жобалары:
- «Ерсай»;
- Tin One Mining;
- «Жылтырбұлақ» АҚ;
- «Васильевское» тау-кен металлургиялық компаниясы» ЖШС;
- «Бөке» ЖШС;
- Жандиг-С ЖШС.
Бұл компаниялардың кейбіріне жоғарыда тоқталып өттік. Енді қалғандарының да қандай қызметпен айналысатынын айтып өтейік.
Tin One Mining. Аталған кәсіпорын 1998 жылы құрылған. Компанияның жалғыз акционері – Сингапурда тіркелген Lancaster Mining LTE компаниясына тиесілі Berkut Mining. PTD. Қаржылық есеп бойынша Tin One Mining компаниясының түпкілікті бенефициарлары Гауһар Қаппарова, Берік Қаниев, Алматы әкімінің әйелі Гүлнәр Досаева және Юрий Пак екені ашық дереккөздерде жазылған. Былтыр компанияның пайда таппағаны айтылады. 2023 жылғы қаржы айналымы 5 млрд-тан асады. Төлеген салығы – 100 млн теңгеге жуық.
Tin One Mining Солтүстік Қазақстан облысындағы Сырымбет қалайы кен орнында кен барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Жылтырбұлақ» АҚ. «Жылтырбұлақ» компаниясы бағалы металдар өндіретін компания. Қазақстан қор биржасының (KASE) сайты аталған кәсіпорынды былтыр 1,1 млрд теңге шығынға ұшырады деп мәлімет берген. Компанияның былтырғы қаржы айналымы 2 млрд теңге. Төлеген салығы – 42 млн теңгеден асады. Директоры –Әлімбек Сайдуллаев. Негізгі құрылтайшысын Әділет министрлігі алтау деп көрсеткен. Бірақ аты-жөндері жасырылған. Stasnet қызметі оның құрылтайшысы етіп AZALA Mining KZ компаниясын көрсеткен. Ал Қазақстан қор биржасының (KASE) мәліметінше, компания акциясының 25,67 пайызына Гүлнәр Досаева иелік етеді.
«Бөке». Аталған компания 2003 жылы, 27 тамызда тіркеуден өткен. Директоры – Әлімбек Сайдуллаев. Құрылтайшысы – «Жылтырбұлақ» АҚ. Компания геологиялық барлау және іздестіру қызметімен айналысады. 2023 жылғы қаржы айналымы – 43,5 млрд теңге. Төлеген салығы – 827 млн теңгеден асады.
«Васильевское» тау-кен металлургиялық компаниясы» ЖШС. Компания 2014 жылы, 28 қазанда тіркеуден өткен. Директоры – Әлімбек Саудуллаев. Құрылтайшысы – «Жылтырбұлақ» АҚ. 2023 жылғы қаржы айналымы 25 млрд теңгеге жуық. Төлеген салығы – 473 млн теңгеден асады.
Бұлардан бөлек, Lancaster Group құрамындаAbdi Ibrahim Global Pharm фармацевтикалық компаниясы, білім беру қызметімен айналысатын Quantum STEM School компания да бар.
Айтпақшы, Lancaster Group-тың – DATA Майнинг, Lancaster Infrastructure, BK Estate, Quantum Management Company, SUMMIT SCHOOLS дейтін компанияларға да қатысы бар.
Досаевтың Дубайдағы үйі
Мамыр айында «Власть» басылымы «Дубай Қазақстанның өзге астанасы» атты көлемді зерттеу жариялады. Бұл мақалада еліміздің шенеуніктері мен қалталы азаматтарының БАӘ еліндегі жылжымайтын мүліктерінің тізімі берілді. Оның ішінде қазіргі Алматы қаласы әкімінің үйі де көрсетілген. «Властьтің» жазуынша, Ерболат Досаев Дубайдағы Jumeirah Beach Residence аумағынан құны 750 мың доллардан асатын үш бөлмелі пәтер сатып алған.
P.S. 2022 жылы президент Қазақстан байлығының тең жартысына 162 адам иелік етеді деп айтты. Тоқаев «Гегельді Бабельмен шатастыратындар бар, арнайы білімі жоқ, бірақ олардың қолында орасан зор бизнес бар» дей келе, кәсіпкерлерді жағдайды өзгертуге шақырды. Cол 162 олигархтың құрамында Ерболат пен Гүлнәр Досавтар бар ма екен? Досаев былтыр өз атына тіркелген кәсіпорындарды коммерциялық емес деп атады. Қала әкімі компанияларының табыс табатынын не үшін жасырады екен? Табыс таппаса, ол Астана мен Алматының арасына жеке ұшақпен қатынамайтын еді ғой. Бұлай дейтініміз – былтыр желтоқсан соңында Досаевтың Астана мен Алматы арасына жеке ұшақпен ұшатыны белгілі болған еді. Кейіннен әкім жеке жұмысыма жеке ұшақпен бардым деп ақталды. Егер әкімнің компаниялары табыс таппаса, 980 мың теңгелік жалақысына ұшты ма екен, әлде, халық бюджетін пайдаланды ма?
Тұрсынбек БАШАР