Тасылмаған қоқыс, төленбеген қарыз
Тараз қаласында «Залини» аталып кеткен аудандағы, Николай Галунчик көшесінде біраз жылдардан бері үйдегі қоқыстар шығарылмай келеді.
«Ақшасы мердігер компанияға уақтылы төленсе де, ешкім қоқысты келіп әкеткен емес», – деп қала тұрғындары шағымдануда.
Осы ауданға екі ай бұрын көшіп келген осы көшедегі №11 үйдің иесі Мұрат Молдашбекұлы бізге өз шағымын былай деп жеткізді.
– Өзім зейнеткермін. Жасым 70-тен асқан. Осы үйді шәт-шәлекей болып, екі ай бұрын ғана сатып алдым. Қыздарыммен бірге үйге жөндеу жұмыстарын жабылып жүріп бітірдік. Бұрынғы иесінен қалған қоқыстарға да арнайы жүк машинасын жалдап шығарттым. Оның өзіне 20 000 теңгем кетті. Үйді сатып алған иесі де 2500 теңге қарыз екен. Олар біздің көшеден қоқыс алып кетпеген соң төлемедік, – дейді.
Қазіргі кезде қоқыстарды қайда шығарасыз деген сауалымызға: «Қайта-қайта жүк машинасын жалдауға шамам жоқ. Өзімнің қол арбаммен теміржолға жақын Ахмет Байтұрсынұлы атындағы көшеге апарып тастаймын. Ол көшеден қоқыстарды алып кетеді екен. Біздікіне кіруге еріне ме, білмедім. Бірақ ақшасын төлеуді талап етеді. Бұлары қызық. Учаскелік полиция қызметкерлері келіп, сіздерді сотқа шақырады деген. Біз оларға жағдайды толықтай түсіндіріп айттық. Енді қажет болса әкімге барамыз», – деп отыр тұрғын.
Ал, осы көшедегі №9 үйдің тұрғыны Жолдасова Әсем үйден шыққан қоқыстарын ауласында өртеуге мәжбүр. Бұл туралы: «Басында қоқысқа төледік. Кейінгі кезде төлемейміз. Осы көшеде қоқысты алып кететін арнайы көлікті мүлдем көрмеймін. Күйеуім жалақысын алатын кезде үй мен жердің салығын, сосын қоқыс төленбеді деген соң ғана айлығын алу үшін төледі. Өзім ІІ топтағы мүгедекпін. Жауаптылар бізге мүлдем келмейді ғой. Біз осы үйде тұрғалы бері келмеген. Қателеспесем, 1997 жылы осы үйге көшіп келдік. Сол кезде 150-200 теңге еді. Қазіргі қоқыстың бағасы – 500 теңге. Біз ешкімді шақырмай, өзіміздің ауламызда қоқысты өртейміз. Бұдан басқа амалымыз жоқ», – деп наразылығын білдірді.
Ал №7 үйдің тұрғыны Сәбекова Шынар кейбірі қоқыстарын моншасына жағуға мәжбүр екендігін жеткізді. Айтуынша, күл-қоқысты төгуге жауаптылар барлығын реттейміз деп уәде берген. «Өзім зейнеткермін. Қатты ескертіп айтқанмын. Қажет болса, бейнероликке түсіріп WhatsApp-тан таратамын деп те айттым. Жанымыздағы көршіміз қоқыстарын моншасына жағады. Басқалары өз күшімен шығарып жүр. Балам жеке кәсіпкер болғаны үшін әкетпеген қоқыстарға 12000 теңге төлеуге мәжбүр болды. Жаздың күні елдер қауын-қарбызды жегенде көшемізге шыбын-шіркей қаптап кеткен. Ол кезде ауру-сырқаудың тарап кетуінің де қаупі бар ғой. Қазір қайта қоқыстар азайды. Үйден әкетіп тұрса жақсы болатын еді. Біз келісімшартқа да қол қоймаған сияқтымыз. Бірақ өздері төлеуді талап етеді», – дейді.
Осы көшедегі №14 үйдің тұрғыны Қалмұрат Құралов та жеке кәсіпкер. Ол қоқыс шығарушы мекемеге арнайы хабарласып, шағым түсіретіндігін білдірген соң мекеме қызметкері телефон тұтқасын қоя салған.
– Мен өзім оларға арнайы хабарластым. Біз сіздерді тізімге қосып қойдық дейді. Барлық қала бойынша осындай ғой деп. Бізден неге рұқсат сұрамайды? Сонда өздері қалай қосады? Көшемізге келіп бірде-бір қоқысты алғанын өз басым көрмедім. Қаладағы ықшам аудандардағыдай жинаймыз ғой дейді. Біздікі ықшам аудандардағы тұрғынжай емес, жеке үйлер ғой. Алты айдан бері есептеп жатыр. Қазіргі қарыз бағамыз 3000 теңгеден асқан. Қоқыстардың жартысын өртеп жіберемін. Қалғанын үйдегі тауықтарымыз жейді. Енді болмаса прокуратураға арыз түсіремін, – деген шағымын айтты.
Мәселенің анық-қанығына жету мақсатында қоқыс шығаруға жауапты мекеме «Султанказы» ЖШС-не хабарласып көріп едік, бізге мекеменің диспетчері Айсұлу Ниетқұлова: «Бұл жалған. Біз өзіміздің бағытымыз бойынша алдыңғы бейсенбіде тұрғындардан жиналған қоқыстарды алып кеткенбіз. Егер де жүк көлігіне сыймай қалса, келесі күні арнайы келіп әкетеміз. Тұрғындардың көбі 500 теңгені төлегісі келмейді. Олар да соған үйреніп қалған. Қаладағы ықшам аудандарға апарып тастайды. Сіздерге нақты қай уақытта жүріп өткенімізге дейін көрсете аламыз», – деп жауап берді.
Шағым түскен Николай Галунчик көшесіне қай күндері келетінін сұрағанымызда: «Бейсенбі күні. Бірақ екі аптада бір реттен ғана барамыз. Көп тұрғындар апта сайын келеді деп шатастырса керек. Енді қазір төлемеген тұрғындардың қоқыстарын алмаймыз. Ал біздің көліктер осыған дейін барлық қоқыстарды тасыған. Кейін қарасақ, тұрғындардың көбісі төлемепті. Ақшасын төлемей жатып, адамдардың шағым жасайтындарын түсінбеймін», – деп ақталуда.
Бұл көше – теміржолға жақын Ахмет Байтұрсынұлы мен Космонавт көшелерінің арасында орналасқан қысқа көше. Алайда жүк көліктері жүре алмайтындай жолдары тар емес. Кейбір көше тұрғындары өз аулаларына қоқыстарын шығарып қояды немесе өз аулаларында өртеген. Бірақ қалдық қоқыстарды түн ауа қаңғыбас иттердің де шашып кететіндігі байқалады.