Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:46, 08 Қараша 2021

Татарстан тәуелсіз ел бола ма?

None
None

Таяуда Татарстан Ресейдің федералды орталығына ашық түрде қарсы шықты. Мәселенің түйіні – «Татар Республикасының президенті» деген мансаптың алынып тасталып, орнына басшы (глава) аталуын көздеген ұсыныс.

88 депутаттан тұратын жергілікті парламент бірауыздан аталған заң жобасымен келіспейтінін мәлімдеді. Өз кезегінде орын алған текетірес Ресейдің ықтимал ыдырауы мен Татар елінің оның құрамынан шығуы жайлы әңгімелерді үдетіп жіберді. Ендеше осындай жорамалдың іске асу-аспауы, оның алғышарттарына біз де үңіліп көрейік.

        Айта кету керек, Татарстан формалды түрде қазірдің өзінде егеменді мемлекет болып табылады. 1991 жылы Совет Одағы күйреп, оның орнында 15 ел, ішінде Қазақстан да бар, тәуелсіздігін жариялағанда дербестікке ұмтылыс Ресей Федерациясына мүше республикаларда да етек жайды. Ол кезде қарамағындағы халықтарды күшпен бағындырып келген Мәскеу әлсіреген еді. «Қанша егемендік қаласаңдар – соншасын алыңдар» деген сол кезеңдегі Ресей президенті Борис Ельциннің атақты ұраны керемет демократ болғанының емес, жаңағыдай қауқарсыздық пен амалсыздықтың белгісі болды. Осы ретте Татарстан, Башқұртстан, Дағыстан, Шешенстан, Якутия және басқалары орталықтан бөлініп шығуға ұмтылды. Жер-жерде ұлттық мүддені алға тартқан қозғалыстар бой көтеріп, саяси-қоғамдық өмірдің маңызды бөлігіне айналды. Федерация құрамында орталық пен ұлттық республикалардың арасында билікті бөлісу жайында күрделі келіссөздер жүрді.

         Мұның арты аталмыш елдердің өз президенті, парламенті, үкіметі, мемлекеттік жалауы мен әнұраны, сырт әлеммен тікелей ықпалдастық ету құзыреті сынды тәуелсіздіктің нышандары пайда болды. Нақты Татарстанды алатын болсақ, ол мемлекеттік егемендік жайлы декларацияны 1990 жылғы 30 тамызда қабылдады. Әлгі республикалардың бақылаудан шығуы Кремльді қатты шошындырды. Сондықтан шамамен 1994 жылдан бастап президент Борис Ельцин федерация субъектілерімен байланыстарда ашық қысым көрсетуге көшті. Бұл ұстаным ақырында Шешенстан мен Дағыстанда соғыс әрекеттеріне алып келді. Федерациядан бір кірпіш ажырайтын болса, бүкіл ғимараттың құлағаны деп білген Мәскеу бұны ең шешуші айқас ретінде қабылдады.     

      2000 жылы Ресейде билік басына Владимир Путин келгенде бұл үрдіс еселенген қарқынмен жүрді. Ол кезде 1990 жылдардың дағдарысынан соң, ес пен әл жинап үлгерген Мәскеу мәселені өзіне оңтайлы жолмен шешуге мұрсат алды. Кейбір жерде қару кезеніп, енді бірде экономикалық, қаржылық, басқа да тұрғыдан сес көрсетіп, екі ортада жергілікті ұлт зиялыларын бір-бірімен шағыстырып, тіпті керек болса көзін құртып, өзінің билігін қайта орнатуға күш салды. Жүре-бара субъектілердің лауазымдары күрт шектелді, олардың экономикасы негізінен Мәскеудің ықпалына өтті, ұлттық болмыстан гөрі орыстың тілі мен мәдениетіне басымдық берілді, жергілікті басшылар президент болып аталудан қалуы өз алдына, ендігәрі оларды Путин тағайындайтын болды.

        Осындай ұмтылыстың алдыңғы шебінде Татарстан тұрды. Себебі Ресей Федерациясының басқа субъектілерімен салыстырғанда оның экономикалық әлеуеті айтарлықтай зор болды. Тиісінше Ресей экономикасының доноры, яғни демеушісі сипатында татарлардың тәуелдігі өзгелерден әлдеқайда төмен еді. Ментемір Шаймиев пен Рүстем Мииниханов жетекшілік еткен элиталар да көп уақыт қол жеткізген егеменді лауазымдарды барынша сақтап қалуға тырысты.

        Десе де, уақыт өте бұл текетіресте Қазан көбіне шегінумен келеді. Соның тек бірнеше тармақтарын атап өтсек. 1992 жылғы келісімге сәйкес, федералды орталық пен Татарстан арасында табыстың бөлісі 50/50 қағидаты бойынша жүреді деп шешілген болатын. Басқаша айтқанда, республика өзі тапқан ақшаның жартысын өзіне қалдырып, екінші жартысын Мәскеуге жіберіп тұрды. Содан бері аталған арасалмақ сан мәрте өзгертіліп, қазірде ол 80/20 үлесте Мәскеу пайдасына жеткен. Сонда-ақ осы мерзімде «Камаз», «Татнефть» сынды Татарстанның ең ірі де бәсеке қабілетті өндірістері Қазаннан Мәскеудің тікелей басқаруына өткен. Бұл жайт республиканың экономикалық қабілетін едәуір әлсіретті.

       2000 жылдан бастап Владимир Путин федерация субъектілерін Мәскеуге босап кетпейтіндей байлап тастау мақсатында федералды округтерді құра бастады. Бұл науқанның дені – Татарстан, Башқұртстан сияқты ұлттық сипаттағы республикаларды көршілес орыстілді аймақтармен біріктіріп жіберіп, ақырындап ұлттық болмысын шайып, географиялық өлшеммен алмастыру. Мәселен, Татарстан осылайша Приволжск федералды орталығына енгізіліп, енді бірқатар маңызды лауазымдар Қазанның қолынан 14 субъектінің басын қосқан әкімшілік орталығы Нижний Новгородтағы округке тапсырылды. Ең қызығы – осындай огругтер басшылығын сайлауға жергілікті тұрғындардың еш қатысы жоқ, оларды жеке-дара Путин тағайындайды.        

       1990 жылдары Татарстан қол жеткізген тағы бір алғышарт – республиканың оқу орындарында татар тілін оқытуды міндеттеу болатын. Өткен жылы бұл уағдаластық та күшін жойды. Бұдан былай татар тілін оқу міндеттелмейді, тек оқушының ықтиярына ғана байланысты. Сол сияқты кезінде Совет Одағының тәжірибесі – ұлттық республикада бірінші басшы сол ұлт өкілі болса, ықпалы бойынша екінші тұлға – премьер-министр этникалық орыс болуы дәстүрге айналған.

      Осылайша сөз жүзіндегі егемендіктен іс жүзінде бүгінгі Татарстан көп нәрседен айырылып қалды. Енді, міне, Ресей Федерациясында тек бір президент болу керек деген желеумен Татарстан жаңадан қыспаққа алынуда. Бұған дейін өзін осылай кемсітуші және кіріптар етуші шешімге Шешенстандағы Рамзан Қадыровты қосқанда, қалған ұлттық республикалардың барлығы бас иген болатын. Алайда федерацияның орнына тек импершіл Мәскеудегі орталыққа бағынышты унитарлы мемлекет құруда Путиннің дәмесі бұнымен шектелмейді. Мәселен, ол ұсынған жаңа заңға сәйкес, Ресей президенті субъект басшысын, мәселен, Татарстанда, ешбір негізсіз орнынан алып тастау хақына ие болмақ – ол үшін «сенімнен шықты» деген желеу жеткілікті.      

       Ал енді осындай жағдайда Татарстанның Ресейден шығып кетуі қаншалықты ықтимал деген сұраққа оралсақ. Рас, сөз етілген көптеген әттеген-айларға қарамастан, республика әлі де қолында бірталай лауазымдарды сақтап қалған. Рас, орыстандыру арқылы ұлттық сиптынан айырылуға қарсы патриоттық топтар белсенділік танытып отыр. Рас, түбінде Ресей әлсіреп жатса, егемендігін жариялап қойған әрі дербес президенті бар ел ретінде шынайы тәуелсіздікке қол жеткізуді, тапқан-таянғанын айдаладағы Мәскеуге бермей, өз кәдесіне жаратуды мұрат еткен топтар да аз емес. Дегенмен бұл арман-тілектің іс жүзіне асырылуынан гөрі оған кедергілер көптеу.

        Біріншіден, құрамындағы ұлттық республикалардың басым бөлігі Ресей аумағының тереңінде орналасқан. Солардың ішінде Татарстан ертең бөлініп жатқан күннің өзінде, Ресейдің қоршауында қала беретінін ескерген жөн. Кезінде еркіндікті аңсағаны үшін Шешенстанды жермен-жексен еткен, өз аумағын аздық көріп, көршілес Украина, Грузия, Молдоваға жармасқан Кремльден не күтуге болады? Екіншіден, Татарстан халқының ұлттық құрамында этникалық орыстардың үлесі 40 пайыз. Бұған ұлты татар болғанмен, XVI ғасырдан (1552 жылы орыс патшасы Иван Грозный Қазан хандығын басып алған) бері жүргізілген отарлау саясаты нәтижесінде орыстанған ортаны қосса болады. Үшіншіден, қаншама ауыр жағдайда болса да, Ресей басқыншылығына қарсы тұруда бүгінгі Украина, Молдова, Грузия, Әзірбайжан бірі Еуропа мен АҚШ-қа, бірі Түркияға арқа сүйей алады. Жан-жағынан байланып тасталған Татарстанда ондай балама жоқтың қасы. Бесіншіден, Ресейдің өзінде және оның құрамдас бөлігі – Татарстанда орныққан клептократиялық-жемқорлық жүйе қандай да тәуелсіздікке ұмтылысты жоққа шығарады. Себебі жемқор билік алдыңғы ретте халықтың емес, өз қара басының қамын, байлығы мен қауіпсіздігін ойлайды. Және тиісті таңдау пайда болғанда ұлттық мүддені сатқан саясаткерлердің мысалдары тарихта баршылық.

       Олай болса Татарстанның тәуелсіздікке жетуі көбіне Ресейдегі ішкі ахуалға байланысты. Соңғы жылдары бұл елдегі дағдарыс күшейіп, шыңырау шегіне жетіп жатса әлгіндей мүмкіндік әбден пісіп-жетілуі ықтимал. Ал әзірше Мәскеу Қазанды өз дегеніне көндіріп, тізе бүктіру амалдарын жалғастыра бермек. Онысы сол баяғы және талай тәжірибеден өткен ұлттық ортаны іштен ірітіп-шірітуге, асыра белсенділерді сатып алып иә болмаса қысым көрсетіп үнін өшіруге, азаттық пен ұлт намысы үшін күрескерлерді халық жауы, террорист не сепаратист деп жариялауға келіп саяды.     

Тегтер: