Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:54, 17 Қараша 2021

Тәуелсіздік: ұтқанымыз бен ұтылғанымыз

None
None

        Жақында республикалық бір газеттің журналисі маған «Дос аға, осы отыз жылда жеткен жетістіктерімізді   нақтылап атап   бере   аласыз   ба?

»   деген   сұрақ   жіберіпті.   «Қандай жетістіктерге жеткенімізді мен де ой елегінен өткізіп, есіме түсіре алмай отырмын» деп жазып жібердім. Журналист бауырым маған ренжіген де болар, бірақ оның сұрағы маған ой салды. Шынында да, қазір ресми ақпарат құралдарынан бастап, президентке дейін осы   отыз   жыл   азаттық   кезеңінде   қол   жеткен   жетістіктерді   санамалауға   көшкен сияқтымыз. Әрине, мерекелік қуанышқа сай келетін табыстар мен өзгерістерді халықтың алдына жайып салғанға не жетсін, бірақ отыз жылдық межелі кезеңнің азаттық үшін күрес   жылдарында   қандай   ұрандар көтеріліп еді, егемендік қолымызға тисе қандай мәселелерді   өзгертеміз   деп   едік, олардың қаншасын   жүзеге асырдық, ал қаншасына келгенде «әттеген-ай» деп санымызды ұрып, бармағымызды тістеп қалдық деп, өз-өзімізге өзіміз есеп беретін уақыт екенін де ұмытпайық.   

       Мойындаймын, «әттеген-ай» деген сөз бұл мақалаға сай келмейді. «Әттеген-айды» сол мәселені жүзеге асыруға ниет қылған, бірақ белгілі бір объективті себептермен жүзеге асыра алмағандар ғана айтады. Біздің қоғам, ең бастысы, біздің билік өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы Алаштың тұғырнамасын, одан  бергі 86-шы жылғы  Желтоқсан   көтерілісі кезіндегі  ұрандарды  немесе 90-жылдардағы «Азат» қозғалысының   бағдарламасындағы мақсат-мүдделерді жүзеге асыруға ұмтылыс жасады, сол бағытта жан-тәнімен жұмыс істеді деп айта аламыз ба? Жоқ. Өз басым сенбеймін. Егер «елу жылда – ел жаңа» болса, отыз жылда жартылай жаңалануы керек еді ғой. Бірақ басқаны былай қойғанда, біздің елде осы   отыз   жылдың   ішінде билік   басында   отырған   адамдардың   бет-бейнесі де жаңармағаны анық. Мәскеуге тәуелді болғанда билікте отырған адамдар тәуелсіздік алғанда да сол қалпында отыр. Құдайға шүкір, әйтеуір, президентімізді өзгертіп үлгердік (саяси бағыт жаңарған жоқ, адамның аты-жөні, бейнесі ғана өзгерді). Ал егер жаңаруға тиісті қоғамның билік иелерін алсақ, олар жүз жылдан артық шашау шықпай, сол қалпында отыр (біздің билік – сол бұрынғы Кеңес Одағындағы коммунистік билікте отырған, тәуелсіздік үшін саусақтарының ұшын да қимылдатпаған номенклатура немесе солардың тәрбиесін көріп, өздері айтқандай, «сабақтастық» деген ұранмен жұмыс істеп жүрген жандар).

       Қоғамның  сан  түрлі   саласы   бар.   Оның бәріне баға беріп,  осы   отыз   жылдың   ішіндегі жетістіктері   мен   кемшіліктерді   саралау  бір   адамның   қолынан   келмейтін   жұмыс. Сондықтан мен өзімнің қоғамдық-саяси бағытыма сай, демократиялық құрылымдар мен ұлттық, ұлтаралық   салаға   шолу   жасаумен   шектелуді жөн көрдім.   Отыз   жылдың   ішінде   осы салаларға қатысты қандай өзгерістер болды, олар қалай жүзеге асты, қандай мәселелер күн тәртібінен шығып қалды, ал қандай өзгерістерді біздің коммунистік номенклатурадан шыққан (қазір шапандарын   ауыстырған   кезеңнен   бастап,  «нұротандық   номенклатура» деуге болады, бірақ  шапан  ауыстыру олардың ой-пиғылын, мақсат-мүддесін, жұмыс тәсілін   ешқашан   өзгерте   алмайтыны   белгілі) билік иелері  жасағысы   келмеді   деген   сұрақтың төңірегінде әңгімемізді өрбітейік.

        Осы отыз жылда қандай мемлекет құрдық?

90-жылдардың   басында   Кеңес   Одағындағы   қозғалыс,   оның   ішінде  одақтас республикалардың ішіндегі іс-әрекет екі бағытты бірден қамтыды. Біріншісі – республиканың тәуелсіздігі, Кеңес Одағынан шығу, азаттық алу бағытындағы   ұлт-азаттық   қозғалысы  болса,   екіншісі – жеке мемлекет құрғанда коммунистік тоталитарлық жүйеден арылып, әділетті қоғам жасақтау бағытындағы демократиялық қозғалыстар. Кеңес Одағындағы сан түрлі ұлттарға орыстандыру саясатын жүргізіп отырған Ресей отаршылдығының нақты жалғасы болып табылатын орыс шовинизмі болса халық   пен   биліктің   арақатынасынан   тұратын   саяси-қоғамдық   жағдайымыз – тоталитарлық   жүйе   болатын.   Отаршылдықтың   езгісі   өтіп   кеткен,   ұлттық құндылықтарынан айырылуға шақ қалған, жартылай орыстанған қазақ халқының бірінші орынға   тәуелсіздік   мәселесін, нақтырақ айтсақ қазақтың ұлттық мәселесін,  қойғаны   да   түсінікті   болар.   Сондықтан қоғамда,   оның   ішінде   тәуелсіздік   ұранын   көтерген   жандарда   «ертең   қандай   мемлекет боламыз» деген сұрақ туған да жоқ, «азаттықты алсақ, басқасының бәрі өз орнына келеді» деген сенім ғана болды.

        Бірақ, өкінішке қарай, егемен ел болғаннан кейін де (отыз жыл бойы!) қандай мемлекет құратынымызды   анықтамаған   сияқтымыз.   Билікті   сақтап   қалу   үшін   өздерінің партияларын өздері жабуға дейін барған бұрынғы коммунистік номенклатура сол билікті қайткен   күнде   де,   қандай   мемлекет   болсын,   сақтап   қалуға   жандарын   салды, ал тәуелсіздіктің буына мас болған  қазақ   халқы   мемлекеттің   мазмұныннан   гөрі   сыртқы   формасына   көбірек көңіл   бөлді.   Қысқасы,   біз   әлі   күнге  дейін  мемлекетіміздің   сипатын  анықтай   алмай отырмыз.   Ғасырлар   бойы   аңсаған,   талай   ерлеріміз   өмірін   сарп   қылған   Қазақ мемлекетін тірілттік пе, әлде,  әйтеуір   бір   «байырғы   қазақ   жерінде, қазақтар тұрған жерде құрылған» бағыт-бағдарсыз мемлекет құрдық па...   Басқа республикалар   Кеңес   Одағының   шинелін   сыпырып   тастаған   күннен   бастап  ұлттық сипаттағы елге айналып, демократиялық құрылымдарын жасақтауға кірісті.  Кейбіреулері компартияны билікте қалдырмақ түгіл, оның бұрынғы басшыларын қызметке алмайтындай заңдар енгізді. Әрине, бұл мақсат асқан қиыншылықпен, жергілікті компартияның қалдықтары мен орыс шовинистерінің қарсылықтарын жеңе отырып, Ресейдің экономикалық,   идеологиялық қыспағына шыдас беріп жүзеге асты.

        Осы отыз жылда қандай мемлекеттік идеология жасақтадық?        

Мемлекеттің   қандай   екені   белгісіз   болған   дүбәра елде  ұлттық   (мемлекеттік)   идеологияның болмайтыны да түсінікті. Сондықтан болу керек, біздің қоғам отыз жыл бойы ұлттық идеологияны таба алмай келе жатыр. Әрине, осы отыз жылдың ішінде идеологиялық жұмыстар жүргізілді, президент аппаратында сол жұмыстардың бағытын анықтайтын, жоспарын жасап, қаржысын бөлетін басшылық та бар. Бірақ осы уақытқа дейін Қазақ еліндегі идеологиялық жұмыстар таптауырын болған үш бағыттан аса алмады. Біріншісі – биліктің жаманын жасырып, жақсысын асыру жұмысы. Мойындауымыз керек, соңғы жылдары ғана атқарушы биліктің іс-ірекеттері сынға ұшырай бастады. Ал парламент пен президент, оның ішінде елбасының жұмыстарын тек жақсы жағынан көрсету біздің мемлекеттік идеологияның негізгі жұмысына айналды. Сонымен қатар тағы да соңғы жылдары биліктің, оның ішінде жеке салалардың жұмысын позитивті жағынан көрсетуге мемлекет тарапынан қаржы да бөліне бастады. Бір сөзбен айтқанда, халықтың ақшасы арқылы биліктің беделін көтеру жұмысы жүзеге асырылып отыр.

         Идеологияның екінші бағыты «Қазақстан – әлем таныған, әлем мойындаған мықты ел» деген жобаға   бағытталған сияқты. Бұл «Біз ЕЫҚҰ-ға  төраға болдық», «Азия олимпиадасы бізде өтті»,   «Халықаралық   көрме   өткіземіз,   оған   әлемнен   осыншама   адам қатыспақшы» деген сияқты күпіну мен масайраудың белгісі болып қана қалды. Үшінші бағыт – ішкі саясаттағы нақты жұмыстың көрінісі – кез келген елдің алдында тұратын   негізгі   мәселелерді   кеңес   заманынан   қалған   ұран-идеологияға   айналдыру. Бұл – кеңес жүйесінің алғашқы күндерінен бастап келе жатқан, біздің коммунистік номенклатураның жақсы меңгерген тәсілдерінің бірі. Бұл идеологиялық жұмыстың нәтижесі көшелер мен алаңдардағы аяқ алып жүргісіз «Ұлттар достығы жасасын!», «Тұрақтылық жасасын!»,  «Қазақстан – ортақ еліміз!», «Жемқорлыққа жол жоқ!» деген сияқты аксиома болған жазбалар. Ең қызығы, оңтүстік жаққа «Туған тілің – бақытың», «Отан – оттан да ыстық», «Қос тіл – қос қанатың» деген сияқты жазбалар   ілінсе,   солтүстік, шығыс   аймақтарға   «Халықтар   достығы   жасасын!»   деген   жақсы   сөздерді желбіретіп қойды. (Ал орыс тілінде білім алатын мектептерден «Қос тіл – қос қанатың» деген сөзді ырымға таппайсың. Соған қарағанда олар бір қанатпен-ақ ешкімнен кем болмай жүре беретін сияқты).

        Халықты белгілі бір бағытқа жұмылдыру үшін «Әлемдегі 50 елдің (30 елдің) ішіне кіреміз» не болмаса «2030 жыл», «2050 жыл» деген сияқты меже-мақсаттар пайда болды. Бұлардың барлығы бұрынғы 60-жылдары Кеңес Одағын басқарған Н.Хрущевтің «Американы қуып  жетіп, басып  озамыз» немесе «Қазіргі балалар коммунизм   кезінде  өмір сүреді» деген   ұрандарына   ұқсас   болатын.   Кезінде   бейшара   компартия   да   арзан   ұрандармен бәрімізді   масайратып   қоятын.   Әрине,   халықтың   жігерін   оятпаса   да, жиналыстарда басшылар мен қосшылардың тілдеріне тиек болу үшін, халықтың көңілін аудару үшін ұрандар да керек  болған  шығар. Біз осы идеологиялық жұмыстың «нәтижесінде» өзімізді-өзіміз мақтап, шүкіршілік деп жүрсек, басқалар төраға болып, олимпиада өткізбей-ақ өздерінің тоталитарлық кезеңде орыстанып кете жаздаған ұлттық мәселесін шешіп, тіршіліктерін түзеп үлгеріпті. Одақта бізбен  бірге болған, азаттығын бізбен бірге жариялаған  алақандай  Эстонияның  (жерінде бір  уыс пайдалы  қазбасы  не мұнайы жоқ) ең төменгі жалақысы біздің төменгі жалақыдан үш есе көп болса, Латвия елінде мемлекеттік   тілді   білмейтін   тұрғындарға   азаматтық   берілмейтін  бап та қабылдап   үлгерсе (мұндай бап әлемдегі елдердің 90 пайызында бар шығар), Грузия мемлекеті осы отыз жылдың алғашқы жылында-ақ өздерінің ұлттық тілінің дамуына бөгет болатын орыс тілін мектептен толық алып тастапты.

        Идеологияның   бір   бағыты   ұлттық   мерекелер   болатын,   біздің идеологтар   бұған   да   бастарын   ауыртып   жатпады;   1 Мамыр   –   бұрын   Еңбекшілердің халықаралық ынтымақ күні болса, қазір Қазақстан халықтарының бірлігі күні, 22 қыркүйек – қазақ халқының қолы жеткен Мемлекеттік тілдің күні болса, қазір Қазақстан халықтары тілі күні болып шыға келді. Ең өкініштісі, осы отыз жылда Тәуелсіздік мерекесін жаңа жылды тойлауды былай қойғанда, Астана күнінің деңгейіне жеткізе алмадық. Қысқасы, біз осы   отыз   жылда   не   ұлттық   мемлекет   бола   алмадық,   не   компартияның   жасанды идеологиясынан, олардың сын көтермейтін жұмыс істеу тәсілінен құтыла  алмадық. Біз отыз жылда тоталитаризмнің «туған інісі» болып саналатын авторитарлық басқару  жүйесіндегі Қазақстан  мемлекетін  құрдық.

       Өзгермеген бағыт – идеология.

Қазақстанда  идеологиялық  бағыттың  өзгермегенін   қала, аудандардағы мұражайлардан-ақ байқауға болады. Соңғы он шақты жылдың ішінде мен көрген мұражайлардың барлығында Кеңес өкіметі кезіндегімен салыстырғанда екі ғана өзгеріс болған сияқты: оның бірі – Алаш арыстары туралы мәліметтің пайда болуы (барлық жерде емес),   екіншісі   –   елбасыға   арналған   арнайы   бөлмелердің   өмірге   келуі.   Егер   екіншісін авторитарлық   қоғамның  ажырамас  «серігі» – жеке басқа   табынушылықтың   көрсеткіші десек, отыз жылдағы барлық өзгеріс  Алаш арыстарының бейнелерімен шектеледі. Менің «осы ауданда, қалада Желтоқсан көтерілісіне қатысқан не болмаса «Азат» қозғалысының белсенді мүшесі болып, тәуелсіздік үшін іс-әрекеттерге белсене араласқан адамдар жоқ па?» деген  сұрағыма  әдетте   «бізге   ондай   нұсқау  түскен   жоқ»   деген   жауап   аламын. Айтпақшы,   кейбір   мұражайларда   Алаштың   орнына   тың   игерушілерге арналған жәдігерлерден аяқ алып жүре алмайсыз. Меніңше, біздің мемлекеттік идеология – билікте отырғандардың осы билікті әрі қарай ұстап отыруына бағытталған   идеология.   Билікке   тікелей   не  жартылай  (тендер   арқылы) бағынышты   ақпарат   құралдары мен  жер-жердегі   атқарушы   биліктің   негізгі   жұмысы – жақсылықты асыра көрсету мен кемшілікті жасыра беру. Біздің тамаша жағдайда өмір сүріп отырғанымыз биліктің арқасы екенін құлағымызға құю. Әрине, ақпарат алаңын тұмшалау мүмкін   емес заманда,  өзімізді   басқа   елдермен   салыстыру   мүмкіндігі   бар жағдайда бұл да оңай жұмыс емес. Сондықтан сан түрлі тәсілдер қолданылады: біресе өзімізді бізбен  салыстыруға  келмейтін Тәжікстан, Қырғызстанмен салыстыра көрсетеміз, бірде «бұл қиыншылық әлемдік деңгейдегі дағдарыс» деп ақталамыз, ал енді бірде «басқа жерде қырғын болып жатыр, ал бізде тыныштық» деп жұбатамыз.

        Осы отыз жылда демократияның қандай институттарын жасақтап, қоғам   өміріне енгіздік?

Кеңес   Одағының   «шинелінен»   шыққан   мемлекеттің   барлығы   өздерін   «демократиялық жолға   түстік»   деп   жариялады.   Оның   ішінде  біздің   ел   де   бар.   Ал   демократия деген – абстракты сөз емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға келетін, саяси өмірде өзінің орны бар, үздіксіз жұмыс істеп тұратын нақты институттардан тұрады. Адам құқығы мен еркіндігіне негізделген  осы институттар бізде құрылды ма және олардың саяси кеңістікте жұмыс істеуіне жағдай жасалды ма? Егер заңдық деңгейде сондай мүмкіндіктер берілсе, осы отыз жылдың ішінде Қазақ еліндегі демократиялық құрылымдар қандай деңгейге көтерілді? Осы сұраққа жауап беру үшін бірнеше негізгі деген демократия институттарына қысқаша талдау жасап көрейік.

   Жалғасы бар...

Тегтер: