«Таяқ жегіш баладан» – мінезді мырзаға дейін

Қазақстан құрамасы сырт алаңнан 6 ұпаймен оралды. Қазір Euro-2024 іріктеу кезеңінің Н тобында отандастарымыз Финляндиямен бірге көш бастап тұр.
Словения мен Дания 1:1 есебімен тең ойнап, қос үздіктен екі ұпай қалып қойды.
Не десек те, қыркүйекте Астанада өтетін қос матч аса шешуші болғалы тұр. Бұрыннан ыңғайсыз қарсылас Финляндия келеді, одан кейін Солтүстік Ирландия ат басын бұрады. Міне, осы матчтардан кейін ғана, яғни жолортадан өткеннен соң ғана Қазақстанның бұл іріктеудегі орны айқындала түседі. Дегенмен қазір жинаған 9 ұпайдың өзі тақиямызға тар келіп тұрған жоқ: Қазақстан құрамасы УЕФА қанатының астына кіргелі ешбір іріктеу кезеңінде (әлем чемпионаты, Еуропа чемпионы) 4 ойыннан кейін 9 ұпай жинап көрген емес. Иә, өткен жылы Ұлттар лигасында 4 ойыннан кейін 10 ұпайымыз болды. Бірақ Euro-ның аты – Euro, мұндағы ойындардың нарқы әлдеқайда жоғары! Ең бастысы, осы екі керемет нәтижеге де Қазақстан құрамасы бір бапкердің – ресейлік Магомед Әдиевтің жетекшілігімен жетіп отыр.
Сөз басы – әуелі Әдиев жайлы.
Сонымен, Әдиев кім, сиқыршы ма?
Өткен жылдың басында Қазақстан құрамасының тағдыры қыл үстінде тұрды. Қазақстан футбол федерациясының 2021 жылдың соңында сайланған жаңа басшылығы ең бірінші құрама бапкерін ауыстырды: Талғат Байсуфиновтың орнына жас маман Андрей Карпович құрама жаттықтырушысының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Карпович Молдовамен қос кездесу қорытындысында жеңіске жетіп, құраманың Ұлттар лигасының С дивизионында қалуына еңбек сіңірді. Әрі қарай федерация ешкім күтпеген жүріс жасады. Ұлттар лигасы қарсаңында Карпович бекімей қалды да, оның орнына Магомед Әдиев келді.
Қандай адамды көрсеңіз де, ең алдымен ол туралы алғаш қалыптасқан пікір жеңіп кетеді емес пе? Әдиев 2019 жылы Мақашқаланың (Ресей) «Анжи» командасын жаттықтырды. Ол кезде миллиардер Сүлеймен Керімов командадан кеткен, «Анжи» тұралаған бір сүркей уақыт еді. YouTube-арналар енді ғана күш ала бастаған шақ. Евгений Савиннің «Красава» жобасы осы Әдиевпен бірге жүріп, кедей команданың Мақашқаладан Мәскеу түбіне автобуспен қалай барғанын, жолда көліктің сынғанын, жастар командасының ойынға екі сағат қалғанда ғана діттеген нүктеге жеткенін, бәрібір қанша шаршап тұрса да Әдиев шәкірттері алаң иелеріне қарсы өте жақсы ойын көрсеткенін тізбелеп шығып еді. Сол кезде қолынан келер еш қайраны жоқ Әдиевтің жігіттерді қалай ширықтырғаны, жоқтан бар жасаған, жоқ үміттің шоғын үрлей білгені есімізде қалыпты. Өз басыма сонда Магомед өте жанкешті, тәуекелшіл, солай бола тұра, тым әпенді жан болып көрініп еді. Иә, ол «Анжидің» құрдымға батып бара жатқанын көрді. Иығына алты қанат байласа да Дағыстанның бас командасын тұңғиықтан шығара алмайтын еді. Бірақ сонда да ертең бәрі керемет болатындай, қиындықтың бәрі сол сынған автобуспен бітетіндей жаныққанын айтамын дағы!
Міне, сол Әдиев Қазақстанға 2003 жылы бір келіп кетіпті. Астананың «Жеңіс» командасында доп тепкен жартылай қорғаушы көп ешкімнің есінде қалмаған болуға тиіс. Содан кейін Ә.Бәрменқұлов тізгінін қағып тұрғанда, 2021 жылы Қарағандының «Шахтерін» баптады. Сол жылы кеншілер Конференция лигасының іріктеу кезеңінде даңқты «Стяуаны» (Румыния) жолда қалдырды, Украинаның «Колос» командасын ойын соңындағы пенальтиден жеңді, тек «Маккаби» (Тель-Авив, Израиль) ғана Әдиев шәкірттеріне тосқауыл қойды. Міне, сол Магомед арада бір жыл өткенде Қазақстан құрамасының тізгінін ұстады! Күтпеген жерден!
Күтпеген жерден Әдиев басшылығымен біздің құрама өз тарихындағы ең зор жеңісіне жетті: Ұлттар лигасында С лигасын жеңіп, бір саты жоғарылады. Тіпті енді келесі жылы көктемде Грузиямен қосымша матч өткізіп, Euro-2024 жолдамасын иеленуге тырысады. Бірақ тіл-аузымыз тасқа, құраманың қазіргі қарқыны сол қосымша матчтарды қажетсінбей-ақ құрлық біріншілігіне қадам басуға жеткілікті көрінеді. Әзірше.
Әдиев не істеді?
Әдиев ең бірінші құраманың негізгі қақпашысын анықтап алды. Игорь Шацкий! Иә, Шацкийдің құрамадағы бағын Карпович ашқаны рас. 30 жасқа таяғанда ғана жарқырай көрінген қарағандылық жігіт Молдовамен ойын соңындағы пенальтиде қаһарман атанбап па еді? Біздің ойымызша, Әдиев Шацкийдің бар мүмкіндігін Карповичтен де жақсы білді. Өйткені бір жыл «Шахтерді» жаттықтырғанда, Игорьдің мінезін, ұстанымын, өмірге көзқарасын, көшбасшылық қырын, психологиялық салмақтылығын – бәрін-бәрін шамалап үлгерді ғой. Әдиев құрамаға келді де, Шацкийге қатты сенетінін көрсетті. Тіпті неліктен Стас Покатилов, Бекхан Шайзада, Мұхамеджан Сейсен, Данил Устименко сияқты, тәжірибелісі бар, жасы бар, қақпашыларға Шацкийге сенгендей сенбейтіні де ашық айтты. Ештеңе бүккен жоқ. «Покатилов алаңға шыққысы келеді, бірақ мен оның негізгі құрамда өнер көрсететініне сөз бере алмаймын. Өйткені бізде Шацкий бар» деді ол. Осындай сенімнен кейін Шацкий қазір 7 метрлік қақпаны қаһарманша қорғап жүр. Оның Словакия, Беларусь, Дания құрамаларына қарсы ойынын көріңіздерші, қақпада құдды қара қабылан тұрған сияқты. Демек, әзірше Шайзада, Устименко, Сейсендер Игорьдің қанын қыздырушылар ғана.
Әдиевтің екінші қадамы – тактикадағы тұрақтылық. Сіздің қарсыласыңыз Дания ма, Сан-Марино ма, бәрібір Әдиев өз көздеген жолынан танбайды. Орталық үш қорғаушы, қапталдағы екі латераль, артқы екі жартылай қорғаушы, екі шығармашылық адамы және жалғыз шабуылшы. Орталық қорғаушылардың тобы осы екі жылда толық қалыптасып болды: Сергей Малый, Нұрәлі Әліп, Александр Марочкин, Марат Быстров, Темірлан Ерланов және Әлібек Қасым. Осының ішінде Ерланов пен Қасым ғана тым аз ойнап жүр, бірақ оларға бапкер бір нәрсені анық ұқтырды: олар құрамаға қандай жағдайда да қажет! Қапталдағы қорғаушылар да сайдың тасындай: Михаил Габышев, Ян Вороговский, Лев Скворцов, Тимур Досмағамбетов. Бұлдардың қатарына Ғафуржан Сүйімбаев, Еркін Тапалов, Абзал Бейсебековтер еркін қосыла алады. Тіпті Еркін мен Абзал Солтүстік Ирландияға қарсы артқы жартылай қорғаныста ойнады. Демек, Әдиев футболшыны ең керек нүктеге қоя алады!
Магомед мырза бағын ашқан екі ойыншы бар біздің құрамада – Рамазан Оразов пен Максим Самородов. Оразовсыз қазір құраманы елестету қиын, ал Самородов осы іріктеу кезеңінде негізгі шабуылшы жүгін көтеріп жүр. Сан-Мариноға қарсы кездесуде Әдиев «ақтөбелік» Арман Кеңесовті алаңға шығарды. Елхан Астановты Словакияға қарсы ойынға қосып, таңдай қақтырғаны кеше. Демек, Асқат Тағыберген, Исламбек Қуат, Абат Әйімбетов сияқты серкелеріміздің ізбасарлары қазірден-ақ құрама жүгін көтеріп жүр деуге болады!
Ал Бақтияр Зайнутдиновтың, Әйімбетовтің «джокерлік» голдары құрама тағдырына тікелей әсер етіп жүр. Әйімбетов екі ойында алаңға соңғы минуттарда шығып, жеңіс добын соқты. Зайнутдинов Даниямен ойындағы пенальтиі арқылы құраманы жігерлендірді, Сан-Мариноның қақпасына үшінші добымызды соғып, УЕФА-да сырт алаңдағы ең ірі жеңісімізді тіркеді. Ал Бейсебеков, Тағыберген, Қуат, Аслан Дарабаев сияқты мықтылар ешқашан майданнан бой тартқан емес.
Солтүстіктен ескен леп
Шынын айту керек, Сан-Мариномен кездесуден жақсы нәтиже күтсек те, Солтүстік Ирландиядан жеңіспен қайтуды тіпті жанкүйерлік жүрекпен күтпеген де сияқтымыз. Өйткені Солтүстік Ирландия кейінгі екі кездесуде жеңіліп (Финляндия – 0:1, Дания – 0:1), бізге қарсы жаралы арыстандай жанығып шығып еді. Әдиев жігіттерге алғашқы 20 минутта барынша төтеп беруді тапсырды. Шынында да осы кезеңде «жасыл-ақ түсті армия» біздің қақпаның кілтін тапса, тіпті бой бермей кетуі мүмкін еді. Нәтижеде нені көріп тұрмыз: Солтүстік Ирландия бүкіл матч бойы біздің қақпаға жалғыз ғана тура соққы жасады. Оның өзін екінші таймда алаңға шыққан Конор Макминамин ғана бағыттай алды, бірақ Шацкий ұшып барып қағып жіберді.
Мұндай ойындарда гол мүмкіндігі өте аз болады. Сол аздың өзін саз жасау да – шеберлік. Ойынның 88-минутында Әйімбетов ортадан пас алып, алға қарай құстай ұшқанда, оның айналасында жасыл жейделі қарсыластардан басқа ешкім жоқ еді. Орталық қорғаушы Крейг Кеткарт алаңның ортасында тактикалық фол жасады, яғни біздің шабуылшыны көпе-көрінеу шалды. Оның ойы белгілі: асып кетсе сары қағаз алады, есесіне шабуылды тұжырады. Абат бұл қитұрқы ойды оқып қойғандай арындады: қарсылас шалмас бұрын допты оның алдынан өткізіп жіберді де, өзі еңкейіп барып түзелді. Бұл кезде Браун да, Макнейр де Кеткартқа қарайлап қалды да, кеш ұмтылды. Бәрібір Макнейр сол жақтан кедергі жасап үлгерді. Абаттың бағы сол, ол допты солға ысырмақ болғанда Макнейрдің аяғына тиді де, ашық кеңістікте қала берді. Абат қақпашымен бетпе-бет қалып, бір қадам оңға жасады. Міне, осы қадам қақпашы Пикок-Фаррелді састырды. Әйтпесе, ол тура соққыны қайтара алатын еді. Гол!
Мұны команданың мінезі деуге болады! Шебер команда соңына дейін шыдайды! Футболдың ақиқаты – осы. Қорғаныста шыдаған команда шабуылдан әйтеуір бір мүмкіндік туындатуы ықтимал. Әйімбетов осы мүмкіндікті өзі туындатты, өзі үлкен тәуекелге барды және жеңіс добын соқты!
Ойынның керек дерегі
- Қазақстан құрамасы УЕФА-ға енгелі алғаш рет үш ойында қатар жеңіске жетіп отыр. Бұған дейін 20 жылда біздің құрама мұндай жетістікке жетіп көрген емес. 1997 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңінде Пәкістан мен Иракты өз алаңымызда және сыртта жеңіп, 4 ойын қатар мерейіміз үстем болғаны есте.
- Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңдерінде алғаш рет 4 ойыннан кейін 9 ұпай жинап отыр. Өткен жылы Ұлттар лигасында 4 кездесуден кейін 10 ұпайымыз болды. Демек, құрама нәтижесі тұрақтанып келе жатыр деуімізге болады.
- Қазақстан құрамасында мергендер мен джокерлер ерекше көзге түсе бастады. Б.Зайнутдинов Сан-Марино қақпасын дәл көздеп, құрамадағы гол санын 12-ге жеткізді. Бұл көрсеткіш бойынша ол Виктор Зубаревпен теңесті. Құрама рекордшысы Руслан Балтиевті қуып жетуге енді бір гол жеткілікті. Ал Әйімбетов сегізінші добын соғып отыр. Ол Сергей Хижниченко мен Дмитрий Бяковты қуып жетті. Алдында біз атаған үш мерген ғана тұр.
- И.Шацкий құрамадағы бесінші «құрғақ» матчын өткізді, яғни өз қақпасына доп дарытпады. 19 кездесудің бесеуінде қақпа кілтін мықты ұстауы – ерекше нәтиже. Дегенмен құрама ардагерлеріне жету үшін (Лория – 11 матч, Воскобойников – 10, Покатилов пен Сидельников – 8, Новиков – 7) әлі біраз еңбектенуге тиіс.
Қандай мүмкіндік бар?
Қазақстан құрамасы қыркүйек, қазан және қараша айларында 6 кездесу өткізеді. Көп нәрсе алдағы екі кездесуге байланысты: 7 қыркүйекте отандастарымыз Астанада – финдермен, 10 қыркүйекте солтүстік ирландиялықтармен ойнайды. Бұл ойындарда жеңіс ауадай қажет. Одан кейін қазанда Дания мен Финляндияға жол тартамыз. Сырт алаңдағы осы екі кездесу алдында қоржынымызды тағы біраз ұпаймен тоқтап алсақ, сеніміміз де күшейе түсер еді.
Н тобында Финляндиямен ұпайымыз тең. Дегенмен Дания мен Словенияны санаттан сызып тастауға болмайды. Қос құрама Люблянада тең (1:1) ойнады. Енді күздегі матчтарда Қазақстан мен Финляндияны ұзатып алмауға тырысатыны анық. Сондай-ақ Солтүстік Ирландияға да шекеден қараудың қажеті шамалы. Күзге қарай олардың біраз мықтысы оралып, қарсыластарының «қанын қасықтап ішуге» дайын бола қалуы да өте ықтимал.
Әрине, «мына қарқынмен 2024 жылы Германияда өтетін құрлық біріншілігіне бара аламыз» деп семіз сөйлеу де қорқынышты. Ең бастысы, уақыт өткен сайын Қазақстан құрамасы «таяқ жегіш бала» образынан арылып, «келсең – кел» дейтін мінез танытып келеді. Бұл бір сәттік емес, тұрақты қасиет болса, қанеки.
Құрама жеңісіне қуана білейік. Әйтпесе, күні бұрын түңілетін «жанкүйерлерден» шаршадық.