Таяу Шығыстан Қазақстанға мыңға жуық азамат қайтарылды
Қазақстанға Таяу Шығыс елдерінен мыңға жуық азамат арнайы әуе рейстерімен жеткізілді. Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
4 наурыз күні Қазақстан әуежайларына Таяу Шығыстан қайтарылған қазақстандықтарды алып келген бірнеше рейс қонды. Air Astana әуе компаниясы Медина мен Жидда қалаларынан рейстер орындады.
Атап айтқанда, Медина – Ақтау бағыты бойынша ұшақ 21:28-де қонып, оның бортында 142 жолаушы болған. Ал Медина – Атырау бағытындағы тағы бір рейс 4 наурызға қараған түні 01:19-да жетіп, 145 жолаушы жеткізді.
Сондай-ақ Жидда – Атырау бағыты бойынша екі рейс келді. Бірінші ұшақ 02:50-де қонып, 174 жолаушыны жеткізсе, екінші рейс 03:34-те келіп, оның бортында 179 адам болған.
Бұдан бөлек, SCAT әуе компаниясы Алматы – Маскат – Алматы бағыты бойынша Boeing 767 ұшағымен рейс орындауда. Бұл әуе кемесінде шамамен 290 орын бар.
Көлік министрлігінің мәліметінше, бүгінгі күнге дейін Қазақстанға жалпы 946 жолаушы қайтарылды. Қазақстан азаматтарын елге жеткізу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.
Айта кетейік, рейстер тоқтатылғаннан кейінгі алғашқы ұшақ 3 наурыз күні таңертең Дубайдан Астана әуежайына қонған. FlyDubai компаниясының эвакуациялық рейсімен Қазақстанға 170 жолаушы жеткізілді.
Еске салайық, 28 ақпан күні Израиль Иранға шабуыл жасап, кейін Иран жауап ретінде Израиль аумағына және АҚШ әскери базалары орналасқан Таяу Шығыс елдеріне соққы берген. Аймақтағы шиеленістің күшеюі бірнеше елдің әуе кеңістігін жабуына себеп болды.
Осыған байланысты 28 ақпанда Қазақстанның авиациялық билігі Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан әуе кеңістігі арқылы ұшуға толық тыйым салды.