Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:00

Таза ауыз су – ел игілігі мен әлеуметтің әлеуеті

ауыз су
Фото: ашық дерек көз

Қай дәуірде болсын қоғамның дамуы, халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасы судың жеткіліктілігі мен сапасына тікелей байланысты болған.

Бүгінгі таңда ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі әлемнің барлық елдері үшін стратегиялық маңызы бар бағытқа айналды. Себебі таза ауыз су – адамның ең қарапайым әрі ең маңызды қажеттілігі. Ал осы қажеттіліктің сапалы әрі тұрақты қамтамасыз етілуі мемлекет дамуының, халық игілігінің, әлеуметтік әділеттіліктің айғағы. Республика күні қарсаңында Жамбыл облысы Жуалы ауданының Күреңбел ауылдық округінде ел өміріндегі маңызды әлеуметтік жоба жүзеге асты. Күреңбел ауылында жаңадан ауыз су жүйесі іске қосылып, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытындағы іргелі қадамдардың бірі жасалды. Бұл бастама мемлекеттің әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, ауылдық елді мекендерді сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету саясатының нақты көрінісі болды.

Бүгінгі таңда Жуалы ауданындағы 49 елді мекеннің барлығы 100 пайыз ауыз сумен қамтылған. 2024 жылы Түктібай, Ақтөбе, Қарасу, Көктас, Күркіреусу және Амансай ауылдарында ауыз су жүйелері қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілген болатын. Сол игі істің заңды жалғасы биыл Күреңбел ауылында жүзеге асты. Кең байтақ даламыздың әр өңірінде табиғи су көздерінің орналасуы әркелкі. Бір аймақта өзен-көлдер мол болса, екінші өңірде су тапшы. Сондықтан елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету тек инженерлік-инфрақұрылымдық емес, әлеуметтік, экономикалық, экологиялық және стратегиялық міндет. Мемлекет осы бағытта жыл сайын ірі жобаларды жүзеге асырып, елдің түкпір-түкпіріндегі ауылдар мен қалаларда су жүйелерін жаңартып келеді. Бұл тек инфрақұрылымдық жетістік емес, ең алдымен халықтың өмір сапасын көтеру, ауылдың еңсесін тіктеу, тұрғындардың елге деген сенімін нығайту деген сөз.

Ауыз судың сапасы мен қолжетімділігі адамның денсаулығына, тұрмыс деңгейіне, еңбек өнімділігіне және экологиялық тепе-теңдікке тікелей әсер етеді. Таза судың жеткілікті болуы – жұқпалы аурулардың алдын алу, балалар мен қарттардың денсаулығын сақтау, санитарлық мәдениетті қалыптастырудың басты шарты. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ауыз су сапасы жақсарған елдерде халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы да арта түскен. Сондықтан бұл бағытқа салынған әрбір инвестиция – халықтың болашағына, елдің дамуына салынған инвестиция. Күреңбел ауылындағы жаңа су жүйесін жүргізу жұмыстарын «ТаразСтрой2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарды. Жоба аясында 42,7 шақырым су құбыры тартылып, 394 ауладағы 2 025 тұрғын таза ауыз сумен қамтылды. Бұрын суды алыс жерден тасып, тұрмыстық қажеттілікті қиындықпен өтеп жүрген ауыл тұрғындары енді үй іргесінен сапалы су алуға мүмкіндік алды. Ауыл өмірінің жаңаруына, жастардың елде қалуына, әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуына әсер ететін маңызды фактордың бірі де, бірегейі осы.

Мұндай әлеуметтік жобалардың тек бір ауыл аясында ғана емес, аймақтық деңгейде де қарқын алып отырғанын Шу ауданындағы жаңа нысан дәлелдейді. Республика күні қарсаңында Шу қаласының Қант зауыты ықшамауданында Су жүйелері және су шығару ғимараттарының құрылысы нысанының ашылу салтанаты өтті. Бұл тұрғындар көптен күткен, халықтың тұрмыс сапасын тікелей жақсартатын маңызды жобалардың бірі десек те болады.

Аталған нысан Шу ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен, «Мелиоратор» ЖШС мердігер ұйымы арқылы жүзеге асырылды. Жобаның басты мақсаты – Қант зауыты ықшамауданындағы 7 600-ге жуық тұрғынды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және ескі су инфрақұрылымын жаңарту. Су желілерінің жалпы ұзындығы 84,57 шақырымды құрайды, ал нысанның жалпы аумағы 1,5 гектар.

Бұл жоба іске қосылғаннан кейін ықшамаудан халқының өмір сапасы айтарлықтай жақсарып, әлеуметтік инфрақұрылым жаңа деңгейге көтеріледі. Ауыз судың үздіксіз әрі сапалы берілуі тұрмыстық жағдайды жеңілдетіп қана қоймай, санитарлық қауіпсіздікті күшейтіп, денсаулық сақтау саласына да оң әсер етеді. Елді мекендерді таза ауыз сумен қамту бағдарламалары тек тұрмыстық қолайлылық емес, мемлекеттің әлеуметтік саясатының адамға бағытталғанын дәлелдейді. Әсіресе ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын қалалық деңгейге жақындату – ел дамуының негізгі көрсеткіштерінің бірі. Бұл Президенттің өңірлік теңгерімді дамыту, халыққа бірдей мүмкіндік беру жөніндегі стратегиялық бағытының нақты көрінісі. Ауыз су жүйесінің әр ауылға, әр шағын қалаға жетуі – мемлекеттің әлеуметтік әділеттілігін, халыққа деген қамқорлығын айқындайтын айқын өлшем. Таза судың әрбір тамшысы – елдің өркендеуінің, халықтың сенімінің, өмірдің жалғастығының белгісі. Сол себепті бұл бағыттағы жұмыстар ешқашан тоқтамауы тиіс. Қай елдің болмасын өркениеттілігін оның сумен қамтамасыз етілу деңгейінен байқауға болады. Таза су бар жерде тіршілік бар, тыныштық бар, даму бар.

Жамбыл облысындағы осындай әлеуметтік жобалардың жүзеге асуы еліміздегі өңірлік саясаттың тиімділігін айқын көрсететін мысал. Елді мекендерді таза ауыз сумен қамту – халықтың өмір сүру деңгейін, елдің өркендеу қарқынын, мемлекет қамқорлығының нақты көрінісін айқындайтын әлеуметтік маңызы зор бастама.

Ауыл мен қала тұрғындарының бірдей мүмкіндіктерге ие болуы – әділетті қоғамның негізгі өлшемдерінің бірі. Күреңбел мен Шу аудандарындағы ауыз су жүйесінің іске қосылуы осы бағыттағы мемлекеттің жүйелі саясатының нәтижесі деуге болады. Бұл жобалар ел ішінде бірлік пен сенімді нығайтып, халықтың мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігіне деген сенімін арттырады. Республика күнімен тұспа-тұс келген бұл игі шаралар – тәуелсіз елдің даму жолындағы жаңа жетістіктердің белгісі. Ауыз су – өмірдің қайнар көзі болса, оны әрбір үйге жеткізу мемлекеттің басты борышы. Сондықтан Жамбыл облысында іске асқан бұл жобалар елдің игілігіне қызмет етіп, болашаққа бағытталған нақты істердің айғағына айналды.

С. Бақберген

Жамбыл облысы