Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 10 Қыркүйек 2023

«Театрдың техникалық жағы сіңіріне ғана ілініп тұр». Директор Әуезов театрының жағдайы туралы айтты

None
None

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 98-маусымы ашылды. 

Бізге «Әуезов театрының ғимараты екі жыл жөндеуге жабылып, қойылымдар өзге жерде өтеді» деген ақпарат жеткен. Бірақ жаңа маусым қара шаңырақтың өзінде басталып жатыр. Осы ақпараттың анық-қанығын сұрап, жаңа маусымға жоспарын білу үшін «Әкемтеатрға» бардық. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург, театр сыншысы, Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек мән-жайды толық түсіндіріп берді.

– Театр ғимараты жөндеуге жабылады деп естіген едік...

– Театр күрделі жөндеу жұмыстарына жабылған жоқ. Қазір сол күрделі жөндеу жұмысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып жатыр. Зерттеу жүргізіп болдық. Мемлекеттік экспертизаға өтті, ол жерде тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Бұйырса құжат қыркүйек айының 27 күні шығады. Содан кейін оны бюджетке қорғаймыз. Жоспар бойынша 2024 жылдың қаңтарында күрделі жөндеу жұмыстары басталады.

2022 жылғы қыркүйекте жобалық-сметалық зерттеуге кіріскеміз. Норматив бойынша бұл жұмыс бір жылға созылады. Біз қарқынды жұмыс істеп, оны жеті айда, шілдеде аяқтадық. Құжатты рәсімдеп мемлекеттік сараптамаға өткіздік.

тетар
Фото: Jas Alash

– Жаңа маусымда қанша жаңа спектакль болады?

– 2023 жылға үш жаңа қойылым жоспарланған, оның екеуін жылдың бірінші жартысында қойдық. Атап айтқанда, «Кассандра таңбасы» мен «Еңлік-Кебек» жұрт назарына ұсынылды. Үшінші жаңа спектакль – «Құйынның» премьерасы 8 қыркүйекте өтті. Бұдан бөлек, театрдың өз қаржысына өзіндік шығармашылық жұмысымыз ретінде «Жан әке», «Күйеуіңізді сатыңызшы» және «Дауыс» қойылымдарын ұсындық.

– Қазір елде өнер майталмандары да, ақпарат өкілдері де жұрттың соңынан еріп кетті. Халыққа не ұнайды, соны ұсынатын болды. Бірақ «театр – халықты тәрбиелейді» деп жүрміз, сіздер сахналайтын спектакль таңдағанда ең алдымен көркемдігіне қарайсыздар ма, әлде сұранысты ескересіздер ме?

– Бұл мәселелердің бәріне кешенді түрде мониторинг жасап, сол сәттегі ең көкейтесті қойылымды қою қажет. Бірақ біздегі жоспарлау жүйесі жұмысымызға кері әсер етеді. Мысалы, бюджет үш жылға жоспарланады. Сол үшін дәл қазіргі таңда қажет деген спектакльді бюджетке сүйенбей, өз қаржымызға сүйеніп қоюға тура келеді. Ал жоғарыда атаған үш спектакльді министрліктің қолдауымен қойдық. Өзіміз жаңа, көрермен көңілінен шығатын спектакль қойғымыз келсе, актерлер сахнаға шыққысы келсе, өз қаржымызбен қоюға тура келеді. Мысалы, өзіндік жұмыстарымыз «Жан әке» және «Күйеуіңізді сатыңызшы» көрерменнің сұранысына сай жасалған дүниелер. Ал енді мемлекет қаржысына шамамыз жеткенше классикалық, ауқымды дүниелерді сахналауға тырысамыз.

Қазір театрға келетін көрермен көп, бірақ жанкүйер жинамайтын, халық аз келетін қойылымдар бар ма?

– Иә, ондай болады. Мысалы, біз атап өткен «Кассандра таңбасы» Шыңғыс Айтматовтың соңғы романы. Философиялық ойы да, сюжетінің өрбуі, айтылатын ойы адам санасына салмақ түсіреді. Басқаша айтқанда, сіз бен біздің күнделікті күйбең тіршілігімізден бөлектеу, кеңдеу дүние. Мұндай қойылымға бастапқыда көрермен аздап үрке қарағаны рас. Сол үшін мұндай спектакльді насихаттау, жарнамалау барысында еселеп жұмыс істеуге тура келді. Шығарма туралы айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Халық түсінбейді, аншлаг болмайды, билет өтпейді деп мұндай дүниені сахналамай қоюға қақымыз жоқ.

театр
Фото: Jas Alash

Біздің үлкен мақсатымыздың бірі – осындай әлемдік деңгейдегі дүниені жұрт назарына ұсыну, қазіргі кітап оқымайтын, тарих немесе болашақ туралы ойлағысы келмейтін жастарға осындай мәні зор дүниелерді жеткізу. Сондықтан бұл бағытта да жұмыс істейміз.

– Қазақ көрермені қандай қойылымға қызығады?

– Көрермен қай спектакльге қызығатынын білу мақсатында зерттеу жүргізіледі. Бірақ мұның нақты нәтижесі бар деп ешкім айта алмайды. Өйткені бізде тұрақты көрерменнен гөрі жаңа көрермен көп. Біздің театр көрермені жайлы айтсақ, шартты түрде 50/50 деуге болады, 50%-ы жергілікті тұрғындар болса, тағы 50%-ы қала қонақтары. Мысалы, «Бес бойдаққа бір той» деген спектакльді алайық, балалық шағыңды, ауылдағы өміріңді еске түсіретін өте қарапайым дүние. Бұл қойылымға неге көрермен көп келеді деген сұрақтың жауабын табу мүмкін емес. Оны интелегенция да, студенттер де, қала қонақтары да көреді. Демек біздің көрермен мынадай деп айтқан адамның өзі шатасады деп ойлаймын.

– Бұрын театрға келетін адам аз кезде студенттерге билет таратып, спектакльге жіберетін. Бұл сол кезде мәжбүрлеу сияқты көрінгенімен, қаншама жасты театрға қызықтырып, ой-санасын өсірді. Ал қазір көрермен көп, оқу орындарына билет беріп, студенттерді шақырасыздар ма?

– Сол кезеңде де жұмыс істедік. Біреулер «театрға студенттерді алып келесіздер, солдаттарды әкелесіздер» деп сынайтын, ал өзім мұны ұлы миссия деп санадым. Сол кезеңдегі ахуал, жағдай театрға келуге мүмкіндік бермеген шығар, сол үшін біз сондай қадамға баратын едік. Ал қазір бәрі басқаша, билетімізді орталықтандырылған сайт арқылы сатып, келген көрерменді қарсы алып отыра берсек те болады. Бірақ біз билеттің 20%-ын сайтқа салмай, тікелей оқу орындарына сату жүйесін ұстанып отырмыз. Ол бізге біршама тиімсіз, билетті оқу орнына алып барып сатқан, ұйымдастырған адамға ақы төлеу керек. Бірақ соған қарамастан ұлттық университеттермен келісім жасап, жастарды тәрбиелеуге бағытталған саясат ұстанып отырмыз.

театр
Фото: Jas Alash

 

– Бұрын бір қатар орын журналистерге берілетін еді, қазір ондай жүйе жоқ сияқты?

– Бұрын шақыру билеті деген жүйе болатын, журналистер, ағайын-туыстар, актердің таныстары шақыру билетімен келетін. Үш жылдан бері мұндай әңгіме тоқтады. Өз басым тегін деген ұғым болмағанын қолдаймын. Шақыру билеті деген де тегін деген сөз, сол үшін ондай жүйені алып тастадық. Қазір премьераның бірінші күніне журналистерді аккретация арқылы кіргіземіз. Ал басқа күнге ондай мүмкіндік жоқ.

– Жөндеу жұмыстарына қайта оралсақ, спектакль қоюға көмегі болатын жаңа технологиялық жабдықтар алып жатырсыздар ма?

– Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге неге құлшынып отырмыз? Бір қарағанда біздің театр әлі салтанатын жоғалтпаған, әлі сол әдемілігін ұстап тұрған сияқты көрінеді. Шын мәнінде театрда технология ескірді, қазір сахнамызда 12 алаң бар, олар көтеріледі, түседі, үш түрлі жылдамдықта айналады. Осының бәріне технология керек. Мұның бәрі 43 жыл жұмыс істеп тұр, ескіргені бер жағы ғана, қазір бұларға қажетті қосымша бөлшектер табылмайды, жасату да мүмкін емес. Біздікі сияқты театрдың әлемде екеуі ғана бар. Бізде, сосын Ресейдегі Пермь деген қалада. Демек біздің сахнаның өлшеміне сай келетін бөлшек басқа жерде жоқ, біздің сахна өте кең, терең. Бұл өткен ғасырдың 80-жылдарындағы ең үздік, жаңа технологияға сүйенген театр болған. Сол үшін ескірген заттың орнына жаңасын қоя салу мүмкін емес. Театрдың техникалық жағы қазір сіңіріне ғана ілініп тұр деуге болады. Сахнада спектакль жүріп жатқанда, бір жері істемей қалса, ол жағдайдан шығу мүмкін емес. Сол үішн алдын ала дайындалып жатырмыз.

Оның үстіне бұл ғимарат мәдени ескерткіш саналады, мұнда ештеңгені өзгертуге болмайды, тең жаңалауға рұқсат. Мысалы, көрермен келетін салтанатты фойеде керемет люстра ілініп тұр. Ұзындығы – 20, ені – 5 метр. Бұл өз кезінде Еуропада тапсырыспен жасалыпты, қазір мұндай люстра жоқ, шықпайды. Біз сол компанияны, сол люстраның авторларын тауып, сөйлестік, олар люстраны реставрация жасап беретін болды, сондай келісімшарт жасадық.

– Жоспар бойынша келер жылы қаңтарда ғимарат жөндеуге жабылса, театр ұжымы қайда барады?

– Мәдениет министрлігімен келісіміміз бойынша театрдың жөндеу жұмысы екі жылға созылады. Екі жылда театр жұмысын үзіп алмайтындай орын тапсақ деп отырмыз. Офис жалдасақ, Алматыдағы өзге театрлардың ғимаратын пайдалансақ деп отырмыз. Аталған театр басшыларымен меморандум бар, әр театрда аптасына бір спектакль қоямыз. Қалған уақтта «театрдың 100 жылдығы» деген форматта елімізді аралап, облыс орталықтарында спектакль қойсақ деген жоспар бар.

театр
Фото: Jas Alash

 

Алдағы күрделі жөндеу жұмысы театр үшін өте ауыр кезең болғалы тұр. Шамамыз жеткенше осы кезеңді ұжыммен бірге еңсерсек деген үмітіміз бар. Жаңа спектакль қоя алмаймыз. Бұл актер үшін ең ауыр кезең, өйткені актердің өмірі күнде кешкісін сахнада өнер көрсету емес, актердің өмірі ізденістен тұрады. Қолға алған кейіпкерін танып, соны мінсіз сомдау үшін арпалысып, тер төгеді. Ұжымымыз сондай қиын да, бақытты кезеңінен уақытша қол үзгелі тұр. Бірақ гастрольге шығамыз, өзге де ізденіс жұмыстарынан қол үзбейміз, театрды насихаттауды тоқтатпаймыз.

– Осыдан он жыл бұрын театрға келетін адам аз еді, ал қазір театрға билет табу қиын. Қысқа уақыттың ішінде халықтың театрға деген ықыласы мұнша артуына не себеп болды деп есептейсіз?

– Ең бастысы халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарып қалды. Қарыны тойған адам рухани азық іздейді. Қазір театр ғана емес, музей, кітапхана және киноға баратын адамдар да аз емес. Тіпті футбол матчтарына мыңдап жанкүйер жиналатын болған. Мұның бәрі елдің әлеуметтік жағдайы оңалып, жастардың дұрыс бағытта тәлім-тәрбие алып жатқанының белгісі. Сондай-ақ қазақ өнерінің кәсіби деңгейі де өсті. Режиссер және актерлеріміз кәсіби шеберліктің шыңына шықты.

Театрға келген адам бос кетпейді, санасына сілкініс, жүрегіне сезім ұялап қайтады. Театрдың басты мақсаты да осы. Театр халықтікі, көрермендікі. Көрермен театрға келуден жалықпаса, біз қызмет көрсетуден жалықпаймыз.

Қуаныш Қаппас

Тегтер: