Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:45, 25 Маусым 2024

Текелі қаласына қанша инвестиция құйылды?

1
Фото:ашық дереккөз

Жуырда Жетісу облысының әкімі Текелі қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді. Өңірдің инфрақұрылымдық даму әлеуетіне тоқталды. Әкім азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініштерін тыңдады.

Жалпы, өңір басшысының айтуынша, соңғы екі жылда қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына тек жергілікті бюджеттің өзінен 100 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Соның арқасында Текелідегі сумен, жылумен жабдықтау, газдандыру, сол сияқты апатты үйлер мәселесіне қатысты көп жылдық проблемалар шешілуде.

Бейбіт Исабаев келешекте қала өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік мол екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол бірнеше жыл бойы жұмысы тоқтап тұрған жылыжайдың жақында екінші тынысын ашуға ерекше тоқталды. Мұндай жылыжайларды іске қосумен қатар оның жанынан тағы бір жылыжай салуға ниетті әлеуетті инвестор барын да құлаққағыс жасады. Қала әкімі Алмас Әділге осы жылыжайларды жұмыс істету үшін барлық қажетті шараларды қабылдау тапсырылды.

Бұл ретте жыл басынан бері қалаға 1,77 млрд теңге инвестиция тартылған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5,6 пайызға аз, бірақ негізгі үлесті жеке инвестициялар құрап отыр. Яғни бұл 51,7 пайыз немесе 915 млн теңгеден астам. Сонымен қатар Текеліде шағын және орта бизнес табысты дамып келеді. Қазіргі кезде мұнда 1,7 мың бизнес субъектісі тіркелген, онда 3,8 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жыл басынан бері бюджет түсімдері 1,4 есеге ұлғайып, 976,8 млн теңгені құрады. Бұл ретте қалада «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалану баяу жүруде. Дегенмен биыл қозғалыс байқалады. Мәселен, өткен жылы бағдарлама аясында 5,2 млн теңге сомасына 2 шағын несие берілсе, биыл 96,1 млн теңгеге 13 өтінім мақұлданды. Бірақ бұл да жеткіліксіз, сондықтан да осы бағытта жергілікті жерлерде жұмысты күшейту тапсырылды.

Текеліні сумен жабдықтау және газдандыру жұмыстары да ойдағыдай жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Бұл жоспар бойынша қазан айында тұрғындар сапалы ауыз суға, ал қараша айында көгілдір отынға қол жеткізе алады. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, бюджет қаражаты есебінен 2 резервуар, ұңғымалардан тартылған 16,5 км сумен жабдықтау желілері салынды, «Қора» сүзгі станциясы ағымдағы жөндеуден өткізіліп, жабдықтары ауыстырылуда. Су құбыры желілерінде ысырмалар орнатылып жатыр. Сондай-ақ қаланы сумен жабдықтаудың магистралдық желілерін реконструкциялау жобасы әзірленді, республикалық бюджеттен қаражат бөлуге өтінім берілді. Бұдан басқа «Достық», «Алатау» және «Металлург» шағын аудандарының су құбыры желілерін қайта жаңғырту мен салудың құжаты әзірленуде.

Газдандыру жұмыстары бойынша өңір басшысының айтуынша, бүгінде 195 шақырым газ құбырының 141,3 шақырымы салынған. Соның нәтижесінде биылғы жылы 30 мыңнан астам текелілік газға қол жеткізе алады. Қаланың кәріз жүйесіне қатысты проблемалық мәселе де назардан тыс қалмайды. Әзірленген жоба шеңберінде 11 км магистралдық кәріз желілерін қайта жаңғырту жоспарланған. Республикалық бюджетке өтінім берілді. Сондай-ақ кәріз тазалау жүйесін жаңғыртудың да құжаттары әзірленуде. Жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауына байланысты жобаны әзірлеу 3 жылға созылды, әлі күнге дейін мемлекеттік сараптама нәтижелері жоқ. Осыған байланысты қала әкіміне бұл мәселені ерекше бақылауға алып, өз мерзімінде соңына дейін жеткізу тапсырылды.

Ә.Қайырбек

Жетісу облысы 

Тегтер: