Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:35, 20 Қазан 2021

Телеарналардағы ағаттықтың алдын алу керек

None
None

 «Абай», «Ел арна», «Қазақстан» арналары қазақ халқының шынайы тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлы даланың мәдениетін, ауыз әдебиетін, ән мен күйдің алтын қорын ақтара жарнамалап жатыр.

Алтын адам бастаған жәдігерлердің еліміздің атам заманнан бергі тайпалық кезеңінен тартып, ғұн, сақ, үйсіндер жасаған мезгілдің сырын ашып, ел тарихының шындығына бұлтартпас дәлел болғанын бүгінгі жас ұрпаққа жеткізе ұғындырып отыр. Мұндай туған халқына жасаған жанашырлықты, ағынан ақтарылған адалдықты неге құптамасқа?!

Мұның өзі тәуелсіздігіміздегі үлкен бетбұрыс. Тәуелсіздігімізді сақтап қалудың,  жетілдірудің, мәңгілік ел болудың алғышарты. Құрыштай мықты, құнды тірегі. Әрине, «көш жүре түзеледі» деп дана халқымыз тегін айтпаған. Тәуелсіз елдің болашаққа ұлы көші, ұзаққа сапары – жай ғана бетбұрыс, жеңіл-желпі қимыл-әрекет емес. Елдің ертеңіне, тағдыр-тәлейіне қатысты ұзақ жорық. Мықты жаумен өліспей-беріспейтін қан майдан сияқты. Саяси, мәдени, әдеби, өнер соғысы. Осындай ұлы бұрылыс, қиыны мол, қиюласуы қиын тарихи борышты өтеу барысында ағаттықтар болмай қоймайтыны жалпыға аян. Ол ағаттықтар қайсы? Әуелі – ұлттық тарихымыздың, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің шынайылығына нұқсан келтіретін бұрмаланған болжам, түсініктердің бой көтеріп қалатыны. Тарихты жете ұғынбаудан, салт-дәстүрдің мән-мағынасын, түпнұсқаны жеттік білмегендіктен, телеарналарна жүргізушілерінің көпшілігі жас болғандығынан. Оларға кінә тағудан да аулақпыз. Бірақ кетіп жатқан ағаттықты көріп-біле тұрып айтпаса – аға буынның ауыр кінәсы.

Өз археологтарымыз тарихтың құпиясын ашып жатыр. Қазбалардан көне заманның көрінісі анықталуда. Ғұн, сақ, үйсіндердің өнерін, білімін, дүниеге көзқарасын айқындауда. Тайпалық дәуірдегі халықтардың тұрмыс-тіршілігі, шұғылданған шаруашылығы, тұтыну бұйымдары, не ішіп, не жегені, ұлттық тағамдарының түрлеріне дейін: қазбалардан табылған ұлан-асыр мол дүниелер көзімізді жеткізді.

Сақ тайпасының обалары Шығыс Қазақстаннан табылды. Оның қабырғасының ай формалы болып, ірі тастармен қоршалғаны байқалды. Ол да тоналған. Мұны кімдер тонады? Бәрімізге ой салады.

Телеарналардағы ағаттық тежелмесе, оның зардабы ауыр болатыны түсінікті. Теле жүргізушілеріміз мұқият болып, ағаттықты қайталамауын өтінеміз! Жас жүргізушілер кітап оқыңыздар! Газеттердегі маңызды мақалаларды оқыңыздар! Ағаттықтан арылуға құлшыныс жасайық, жастар!

Тегтер: