Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:15, 05 Мамыр 2022

Темірхан Медетбек: Қабырғамыз қақырап, омыртқамыз омырылып отырмыз...

None
None

– Темірхан аға, бұрын жиі сұхбат беріп, қоғамдық-саяси тақырыптарға үн қосып тұрушы едіңіз.

Соңғы бірнеше жылдан бері баспасөз бетінде мүлде көрінбей кеттіңіз.

– Көрінбей кеткенім рас. Бірақ позициям өзгерген жоқ. Әртүрлі жағдайларға байланысты газеттерге сұхбат беруге мұрша болмады. Оның үстіне, коронавирус деген пәленің тырнағына ілініп, екі-үш жылдан бері бас қайғы болып кеттік. Індеттен таныстарымыз, жақындарымыз қайтты. Сондай жағдайлар болды. Біз сияқты жасы келген адам коронавируспен ауырса, оңалуы қиын екен. Дәрігерлер де айтып отыр. Соның зардабы мені әлі күнге дейін әуреге салуда. Бұрын қан қысымым жоғары болатын, сусамырмен ауыратын едім. Соның бәрін қозғап кетті мына аты құрғыр ауру. Сондай себептерге байланысты қоғамдық-саяси өмірден уақытша шеттеп қалғаным рас. Қазір енді біраз бойымды жинап қалдым. Дегенмен ауырып жатсам да елде болып жатқан қоғамдық-саяси, әлеуметтік мәселелерден мүлде шет қалған жоқпын. Теледидар қарап, газет оқып, елдегі өзгерістерді көріп, біліп отырдым.       

– Коронавирус жұрттың көбін есеңгіретіп-ақ кетті. Ауырмаңыз, аға! Әдетте, шығармашылық тұлғалардың ұзақ уақытқа созылған үнсіздігінен тың туындылар жарыққа шығып жатушы еді. Ақынның тәні ауырғанмен, жаныңызды өлең емдеген шығар. Не жаздыңыз?

– Індеттен бұрын «Қайран өмір» деген мемориалдық кітап жазып қойғам. Бірақ әртүрлі жағдайларға байланысты әлгіні басып шығаруға мүмкіндік болмады. Сайттарда үзінділер жарияланды. Бірақ негізгі нысанамды жариялаған жоқпын. Өмірдің әртүрлі құбылыстарына байланысты тақырыптарды ғана жарияладым. Екі-үш баспаға ұсынып көріп едім, олар қорқып кітапты шығара алмады. Оған бола біреуді кінәлай алмаймын. Менің кітабымды шығарамын деп, баспасы жабылып қалса, оның бала-шағасын кім бағады? Баспалар бас тартқан соң, жазғанымды қайта қарадым, алатын жерін алып, қосатын жерін қостым. Шикі жерлерін пісіріп, дайындап қойдым.

Қазір қоғамның өзі ала-құла болып, мемлекеттің өзі түсініксіз жағдайды басынан кешіп отыр ғой. Соған байланысты да кітапты шығаруға соншалық асығыс емеспін. Бірақ жазылып қойған дүние түбінде жарық көреді ғой.    

– Қазіргі уақыт өміріңді әдебиетке арнап жазушы болатын уақыт па, әлде қоғамның қажеті мен талабына байланысты қоғам қайраткері немесе саяси тұлға болатын кезең бе?

– Иә, қазір сондай түсініксіз уақыт болып тұр. Абыр-сабыр, әңкі-тәңкі дейміз бе? Адамның ойын сан-саққа жүгіртетін, кісінің ақылын әрі-сәрі ететін сондай өліара шақ. Тәуелсіздік алған 30 жылдан бергі саяси жағдайлардың бәрі көз алдымызда ғой. Қазір, тіпті, мың құбылып тұр. Көрпені біреу алай тартады, біреу былай тартады. Биліктегілердің қай жолмен жүретіні де түсініксіз сияқты. Осының бәрі адамды шаршатады, ой-санаңды діңкелетеді.  

– Темірхан аға, бұл сұрақты сұрағаным, қазір сондай бір аумалы-төкпелі уақыт болып тұрған сияқты. Өйткені жастардың арасында әдебиеттің алыптары Мұқағали мен Жұмекен, Тұманбай мен Қадыр, Темірхандар жоқ. Әуезов пен Мағауин, Әбіш пен Оралхандар қайда? Бүгінгі уақыт сондай ұлы тұлғалар туатын, жарқырап шығатын уақытқа ұқсамайтындай...

– Аумалы-төкпелі заман деген дәл қазіргі уақытқа келеді. Оны өзің жақсы сипаттап отырсың, Жарасжан! Одан кейін, қоғамдық ойдың өзі тұрақсыз, тұрлаусыз. Жазамын, деген адамға осындай аумалы-төкпелі уақыттың өзінен аумалы-төкпелі дүние шығаруға болады. Қаламгер деген уақыттың тамыршысы. Мейлі ақын болсын, мейлі прозаик болсын, ол аумалы-төкпелі уақыттың портретін дәл салып беруі керек, деп ойлаймын. Ондай шығармалар аз болса да, бар. Жастар да жазып жатыр. Жасы келген қаламгерлер де қарап отырған жоқ. Бірақ, жалпы жағынан айтқанда, тартылып, тосырқап тұр. Классикалық шығарма, классикалық әдебиет жасайтын жайма шуақ күн емес, бұл күндер. Қоғамның әлеуметтік жағдайы да әдебиет жасайтын көңіл күйде емес. Бір қалыпқа түсе алмай тұр. Қоғам тұрақтай алмаған соң, қаламгерлер де аумалы-төкпелі сөз жазады. Содан болар, сен айтқан ұлылардың ізін жалғайтындар жоқ...

Әдебиеттің алтын дәуірін жасаған алып тұлғалар енді ешқашан келмей ме деп қорқамын. Өзің айтқан Әуезовтен кейінгі жаңа буын – Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Қадыр мен Тұманбай, Фаризалар қайтып тумайды. Өйткені оларды халық тудырды. Халық оларды көп аңсады. Хрущевтың тұсындағы жылымықта қазаққа сондай сөз сүлейлері қажет болды. Орыстардан да мықты жазушылар шықты. Бізде үлкен толқын туды. Олар тарихта қалады. Болашақта да солардың деңгейіне көтерілетін ақын-жазушылар бола қоймас. Болса да, олардың болмысы бөтен, жазуы басқаша болады-ау... 

– Биыл алмағайып жыл болды. Қаңтар қасіретін қалай қабылдадыңыз? Бейбіт күнде 225 азаматтың қанын төге салатындай, басымызға не күн туды?

– Қабырғамыз қақырап, омыртқамыз омырылып кеткендей, күй кештік. Қаңтар қасіретін жасағандардың ішінде, әрине, арандатушылар болды. Оның ішінде, сөзсіз лаңкестер жүрді. Оның ішінде, анық айтайын, уахабистер болды. Солар бейбіт шеруді арандатып осыған жеткізді. Биліктің 20 мың террорист дегеніне ешкім сенген жоқ. Өздері де сендіре алмады. Биліктің оқ атуға бұйрық бергенін ақтамаймын. Бірақ ешкімнің маңдайына террорист, бейбіт халық, арандатушы деп жазып қойған жоқ қой. Сондықтан мұндай қиын жағдайда жасалған шешім де қиын болады. Екі күннің ішінде қару-жарақ дүкендері тоналды. Мемлекеттік нысандар өртеліп, қиратылды. Тіпті, бассыздық шегіне жетті. Ондай жағдайда не істеу керек? Осы сұраққа келгенде, абдырап қаламын. Бірақ ескерту жасалмай, атуға бұйрық берілгені дұрыс болған жоқ...

Болат Әбілов бастаған оппозициялық күш «қаңтар қырғынын» тексеру үшін халықаралық сарапшыларды шақыру керек», депті. Сол сөзге тоқтауымыз керек. Өзіміздің адамдар тексерсе, әртүрлі жағдайларға байланысты, ықпалды адамдардың себебінен шындық бұрмаланады. «Қаңтар қасіретін» жан-жақты зерттемей, тексермей, болмайды. Қан төгілді. Қаншама жастың өмірі үзілді. Қаншама шаңырақ ортасына түсті. Бұған кім жауап береді? Оққа ұшқандардың құнын кім төлейді? Осының бәрін жан-жақты қарастырмай, болашағымыз тыныш болмас. 2011 жылы Жаңаөзен қырғынында мен «Қан жібермейді» деп мақала жаздым. Сол да әлі ашылмай қалды. Оқ атуға бұйрық берген кім? Әркім іштей біледі. Бірақ айтылмайды. Енді «Қаңтар қасіреті» де жабулы қалса, кейін емес, қазір қарабет боламыз! Заманбектің өлімі, Алтынбектің қазасы, Жаңаөзен мен Қаңтар қырғыны – осылардың бірде-біреуі ашылған жоқ. Осы қылмыстар ашылмай, «Жаңа Қазақстан» құрамыз деу былжырақ.

        

– Халықты қынадай қырып тастағаннан билік не ұтты, сол құрбандықтардан кейін не шешілді? Бір реформа болу керек еді ғой. Әлде сабақ болмады ма?

– Конституцияны өзгертеміз деп жатыр ғой. Бірақ биліктің кейбір шешімдеріне күмәнім күшейіп барады. Мәселен, Ерлан Қошанов Назарбаевты Қазақстан Конституциясына «Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» деген статуспен енгізуді ұсынды. Бұл не деген сөз? Ақордадағылар өздерін-өздері ақтап жатыр. Ата заңнан «Тұңғыш Президент-Елбасы туралы Конституциялық заңның» күші жойылады депті. Оған қуануға болмайды. Конституция деген не? Оған адамның аты жазылып, ол заңмен бекітілетін құжат па? Конституцияға адамның аты-жөні жазылмау керек. Бұл түбірімен қате. Конституция деген – Ата заң. Ата заңда адам аты аталса, оның заңдық күші болмайды. Конституция мемлекеттің – төлқұжаты. Төлқұжатты Назарбаевтың атымен толтыру тарих алдына қателік, болашақтың алдында қылмыс...

Баяғыда Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлерді жинап алып: «Мен кез келгеніңді қолыңнан жетелеп апарып, сотқа тапсыра аламын», — деді. Ол осы сөзімен жемқорлыққа өзі жол ашып берген жоқ па? Жемқорлыққа жол ашқан адамды арымыз шыдап, қалай Конституцияға кіргіземіз? Егер ол кәсіпкерлердің айыбын біліп тұрған болса, неге бірден сотқа тапсырмады? Неге олардың қылмысына көз жұма қарады? Осыған жауап беріңізші! Бұл деген не сөз? Путиннің аузына сөз салып, «Қазақстанда бұрын мемлекет болмаған, шекара болмаған», деген сөзді айтқан адам қалай «Тәуелсіздіктің негізін қалаушы» болады?! Назарбаев Кеңес одағының құлағанына қатты қапа болған адам. Ондай адамды Конституцияға енгізу керек деген шешімге миым жетпейді менің… Арысын айтпағанда, Керей мен Жәнібек хандар құрған «Қазақ хандығынан» бері біз бірнеше ғасыр бойы тәуелсіз мемлекет болғанбыз. «Есім ханның ескі жолын», «Қасым ханның қасқа жолын» қайда қалдырамыз? Абылай хан құрған, соңғысы Кенесарының мемлекетін қалай жоққа шығарамыз? Осы хандардың тұсында біз тәуелсіз ел болғанбыз. Шекарамыз да, мемлекетіміз де, Ордамыз да болған. Оны жоққа шығару тарихқа қиянат қана емес, қазаққа жасалған қылмыс. Сондай қылмысқа көз жұмып, атын Ата заңға енгізуді түсінбеймін...

       

– Өткен аптада аты өзгерген «Аманат» партиясының кезектен тыс съезі өтті. Съезде көңілге қонатын дүние болды ма? Мәселен, Қ.Тоқаев партияның басшылығынан да, құрамынан да кетті. Осының өзі демократияға жасалған қадам емес пе?

– Президентке деген көңілім әлі бір ізге түспей тұр. Оны жоққа шығармаймын. Демократиялық ойлары мен кейбір істеріне көңіл тояттайды. Бірақ соның орындалуы кемшін түсіп тұрғандай... 

Демократиялық үрдіске халық та, мемлекет те дайын. Бірақ Ақордадағы азаматтарды бір нәрсе жібермей отырған сияқты. Ақылым жетпейді. Назарбаевтың кландары толық еркіндік бермей отыр ма, қазіргі хәліміз ұзын арқан – кең тұсау сияқты ма – сондай түсініксіз күй. Путиннен аяқ тартып отырмыз ба, әлде ішкі соғыстар жар бермей жатыр ма? Мені екіұдай күйге түсірген осы жағдайлар.

– «Жаңа Қазақстан» деп жар салып жатырмыз. Сізге «Жаңа Қазақстаннан» әлдеқандай жаңалық байқала ма? Әлде Ақорда жақта әлі де тақ таласы, келіссөздер жүріп жатқандай көрінбей ме, Сізге?

– Ескі адамдармен «Жаңа Қазақстан» құру идеясы – қиял ғана. Бізге сенаттың не керегі бар? Жеріміз үлкен болғанмен, шағын елміз. Сондықтан мәжіліс пен сенатты, «Аманат» партиясын таратып, орнына мемлекетшіл азаматтарды әкелу керек. Бұрынғы «ләппай-тақсырлар» сол екпінмен, сол сарынмен сөйлей береді. Президент не айтса, соны орындап жүре береді. Өздерінің ойы, мінезі жоқ. Ондай орындаушылармен «Жаңа Қазақстан» құрылмайды. Ақорда мен үкіметтегі жағдай да осы тектес. Олар – тегін тұрып жатқан жақсы пәтерін, жаңа көлігін, креслосын, ай сайын алып отырған қомақты айлықтарын, мансаптың арқасында, жүргізіп отырған бизнестерін қимайды. Солай отыра бергілері келеді. Осындай масылдар мен жағымпаздардан арылмай, төрт құбыласы түгел мемлекет құра алмаймыз.

– «Жаңа Қазақстанды» құру үшін шетелде жүрген білімді, білікті азаматтардан кімдерді көргіңіз келеді?

– Мұхтар Әбілязовтан басқаларын дұрыс көремін. Әбілязов деген 4 жылда миллиардер болған адам ғой. Оған сену қиын. Ал Әкежан Қажыгелдин нағыз білікті азамат. Тоқаевқа кеңесші болып, Ақордада отыратын бірден-бір адам еді. Қажыгелдинді нағыз жаңашыл, мемлекетшіл, шынайы демократ деп танимын. Ғалымжан Жақиянов та мықты кадр. Кезінде Алтынбек Сәрсенбаевпен қоян-қолтық жұмыс істеді. Білімі де, тәжірибесі де бар. Одан кейін, шетте жүргендер емес, осындағы Болат Әбілов, Ораз Жандосовтар да билікке баратын азаматтар. Мұхтар Тайжан сияқты ары таза, жан-дүниесімен мемлекетшіл жігіттерді жас кезінде билікке апарып, бойындағы барын сығып алуымыз керек еді. Олардың Қазақстанға, қазақ жеріне беретіні көп...

– Сыртқы саясаттағы Қазақстанның ұстанымына көзқарасыңыз қалай? Кейбіреулер, әсіресе, ресейшілдер біздің ел туралы қайдағыны айтып жатыр. Ал біздің ресми билік үнсіздікпен бәрінен жол тауып кеткісі келеді…

– Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымын қолдаймын. Мойындау керек, Ресейдің іргесіндегі отырған Қазақстан емес, Балтық жағалауындағы елдер: анау Польша, Румыния сияқты шығыс Еуропа Путиннен түгел қорқып отыр. Тіпті, Франция мен Германияда да қамсыз отыр деп айта алмаймын. 141 мемлекет Ресейден бойларын сырт тартты. Алапес елге айналды бұлар. Алапеске жұғу қатерлі. Меніңше, бұл соғыста Ресей жеңе алмайды. Украина партизандық соғыспен болса да, түптің түбінде, жеңіске жетеді. Өйткені 141 мемлекет оларды қолдап отыр. Әсіресе, Америка жаңа қару-жарақ беріп, қаржы бөліп отыр. Украин деген ұлт – нағыз батыр халық. Бұлар ешнәрседен қайтпайды. Қашан жеңіске жеткенше, мылтығын асынып алып, соғыса береді. Әрі-беріден соң, өз Отанын қорғап отырған Украинаның жеңілуге хақы жоқ.

— Әңгімеңізге рақмет!

Тегтер: