Теміртау тағы тоңып отыр
Қыс басталса болды – Теміртау тұрғындары баспаналарында жаурап отырады. Атқамінерлер жыл сайын жылу мәселесін шешеміз деп уәдені үйіп-төгуден жалыққан емес.
Алайда халық «әкімнің өзі не, сөзі не» деп, билікке үміт артуды баяғыда қойған тәрізді.
Теміртау қаласының тұрғындары екі күн жылусыз қалды. Қала халқы үйлері пана болмай, балаларының суықтан сырқаттанып, мазаларының кеткенін айтып зар қағуда. «Жылу болмайды» деп ескертіпті дейді, бірақ одан не пайда? Балалар ауырып жатыр, үй суық жылдағы жағдай осы. Басқа жаққа безіп кетер едік, қыс ішінде қайда барамыз, қиын болды… Бұл жылуды жөндеуге қала әкімі түгіл, облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің де шамасы келетін түрі жоқ», – деп қынжылады Теміртау қаласының тұрғыны Анар Сайлаубекова.
Теміртауды жылумен қамтамасыз ететін жылу энергоорталығында алғашқы апаттық жағдай 3 желтоқсанда таңға жуық орын алған. «Оқжетпес-Т» компаниясының авариялық бригадасы ақау кеткен бөлікті жөндеуге таңғы алтыда кіріскен екен. Осы кезде Горка достық көшесінде және №7, №9 ықшамаудандар мен кейбір кварталдарда жылу жүйесі ажыратылған болатын. Қаланың қалған аудандарына жылу беру тоқтатылмаған, бірақ оларға жылу аз мөлшерде жіберілген. Қырықтан астам дәнекерлеуші маман 48 метрге созылған ақау кеткен бөлікті жөндеп, жаңа құбырды ауыстыруға кіріскен. Түн ортасында жұмысшылар жөндеу жұмыстарын аяқтап, ыстық суды жіберген кезде тағы бір тұстан ақау анықталған. Жылумен қамтамасыз ететін «Оқжетпес-Т» компаниясы аварияны қалыпқа келтіру үшін жылуды тағы сөндіргенін мәлімдеп, теміртаулықтарды шыдамды болуға шақырды. Сонымен қатар компания жылу берілмеген күндер үшін қайта есептеу жұмыстарының қолға алынатынын айтып, жұртты жұбатқандай болды.
Теміртау қаласының тұрғындары жыл сайын Арқаға қыс келісімен пәтерлерінде жаурап отырудың әдетке айналғанын айтып шағым білдіруде. Қазан айында жылу маусымы енді басталған кезде Теміртаудағы жылу энергоорталығында апат орын алып, бүкіл қазандықтың жұмысы тоқтап қалған болатын. 2 қазанда жылу энергоорталығының цехындағы ауысым бастығына 10-шы қазандықта технологиялық ақау болғаны жөнінде хабар түскен. Алайда ауысым бастығы 9-шы қазандықта ақау бар деп қате естіп, бұл ақпаратты тексерместен тоғызыншы қазандықтың бу қондырғысын жапқызып тастаған. Осының салдарынан бүкіл қазандықтың жұмысы екі күн бойы тоқтап қалған еді. Жылу маусымын дау-дамаймен бастаған жылу орталығы тағы да апатқа тап болып, жұртты ұлардай шулатып отыр.