Теміржол компанияларына субсидия беру тәртібі күшейтіледі

Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті теміржол бағытында қызмет көрсететін компанияларға талапты күшейтетінін айтты.
Жолаушыларға қызмет көрсету сапасы, поездардың жай-күйі мен тазалығы және талапқа сай стандарттық нормаларға байланысты субсидия беру мәселесін қарастыру жоспарға енгізілген.
Аталған комитет өкілдері жолаушылар пойызына кезекті тексеру жұмыстарын жүргізді. Бұл жолғы нысан «Түрксіб-Астана» ЖШС қызмет көрсететін Қостанай – Алматы бағытындағы №43/44 әлеуметтік маңызы бар жолаушылар поезды. Тексеру барысында 14 түрлі заң бұзушылықтар анықталды. Жолаушылар вагондарының ішкі және сыртқы келбетінің нормаларына сәйкес келмеуі, кондиционерлері қарастырылған бірақ сол желдеткіші істен шыққан вагондардың қатынауы және санитарлық талаптарға сай келмеуі негізгі заң бұзушылықтар ретінде тіркелді. Тексеріс жұмыстарының нәтижелері бойынша тиісті акт жасалды. Өз кезегінде тасымалдаушы компанияға 10 күнтізбелік күн ішінде тексеру нәтижесінде анықталған заң бұзушылықтарды жою және олардың одан әрі орын алуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды, делінген хабарламада.
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар тұрақты 110 пойыз қатынайды. Жаз соңына дейін жауапты комитет қызметкерлері кесте бойынша қалған жолаушылар пойыздарына да тексеру жұмыстарын жүргізетінін айтады.