Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:57, 16 Қараша 2023

Тең мүмкіндіктер жасалуы керек

 «Тең қоғам» орталығы
Фото: из открытых источников

Ерекше күтімді қажет ететін жандарға қоғамда тең мүмкіндік пен қолайлы орта жасау мақсатында әртүрлі қоғамдық қорлар мен ұйымдар ашылып, жұмыс істеуде. Солардың бірі Талдықорған қаласындағы «Тең қоғам» орталығы ашылғанына аз болса да белсенділік танытып, айтуға тұрарлық нәтиже де көрсетіп отыр. 

Бұл орталықтың мақсаты – аты айтып тұрғандай, жалпыға ортақ тең қоғам құруға атсалысу. «Тең қоғам» мүгедектігі бар азаматтарға және олардың отбасы мүшелеріне әлеуметтік өмірдің барлық дерлік салаларына қатысты кеңес беріп, соның ішінде заң тұрғысынан, психологиялық жағынан, әлеуметтік-педагогикалық, білім алу және басқа сұрақтары бойынша ақпарат-кеңестік қолдаулар береді. Оған қоса, түрлі ресурстық қолдаулар жасайды. Ерекше қажеттілігі бар жандарға ғана емес, олардың қамқоршылары мен отбасы мүшелеріне еңбек құқықтары саласында әлеуметтік, құқықтық сұрақтар бойынша оқыту да қарастырылған. Яғни аталған орталық ең алдымен кеңес берумен айналысады. Одан соң, тұрмыстық және әлеуметтік ортадағы дағдыларға, сонымен қатар заманауи адамның дағдыларына да үйрету, оқыту бағыттары да бар.

Әлбетте, денсаулығында мәселе бар адамға, әрі оған қажетті ерекше қажеттіліктерді қанағаттандыратын қамқоршы да психологиялық көмекке зәрулік болары сөзсіз. Осы орайда орталықтың арнайы психолог маманы жемісті жұмыс істеп жатқанын атап өткен жөн. Бұл туралы маманның өзімен тілдестік, «Тең қоғамның» психологы Жазира Маратқызы былай дейді:

  • «Тең қоғам» қолдау орталығына мүгедектігі бар азаматтар психологиялық көмек, яғни кеңес сұрап келетін азаматтар аз емес. Көбінесе өмірдің сынағына ұшырап, мүгедектік санатын алғашқы рет алған азаматтар келіп жатады. Өйткені оларға ситуацияны қабылдау, жаңа өмір салтына үйренісу оңай болмайды. Жалпы орталығымызда психологиялық кеңестен бөлек көптеген семинар, тренингтер өткізіліп жүр. Атап өтсек, «Талдықорған қаласының облыстық есту қабілеті бұзылған арнайы мектеп интернатының» оқушыларымен арт терапиялық сынды әртүрлі тақырыптарда тренингтер өткізіп отырамыз. Осы уақытқа дейінгі жұмыс барысынан түйгенім, мүгедектігі бар азаматтардың тарапынан көбіне күйзелістен, стрестен, депрессиядан қалай шығуға болады деген сұрақтар қойылады. Және қоғамның мүгедектігі бар азаматтарға деген аяушылық көзқарастарын қалай өзгертсек болады деген нәрсе де жиі айтылады. Ерекше қажеттілігі бар жандар қозғайтын тақырыптарды денсаулық жағдайына, әлеуметтік жағдайына, мінез құлқы мен іс-әрекетінің ерекшелігіне байланысты деп топтастыруға болады.

Әрине, тек психологиялық қолдау жеткіліксіз. Сондықтан психологпен қоса орталықтың басқа мамандары да жұмылып, мүгедектігі бар адамдарға жұмысқа орналасуға және еңбек үрдістерін жүзеге асырудағы қорқыныштары мен кедергілерді жоюға жәрдемдеседі. Орталық ерекше қажеттілігі бар адамдардың жеке қабілеттерін, дағдыларын ескере отырып, жұмыс іздеуге, жұмысқа орналасуға ықпал етеді. Әрі еңбек жағдайларын зерттеу мақсаттарында кәсіпорындар мен компанияларға шолу жасау, бару да орталықтың жоспарына кіреді. Өз кезегінде бұл да жақсы нәтиже берері сөзсіз. Тағы да кәсіпорындарда қысқа мерзімді тәжірибелерден өтуді ұйымдастыру жағы да қарастырылған. Және мемлекеттен берілетін әлеуметтік көмек пен қолдауды алу жолында құжаттама, басқа да аспектілерді реттей отырып, уақытылы көмек алуына да арнайы қызметтер әзірленген. Мүгедектігі бар адамдарға отбасы амандығы мәселелері бойынша кеңестер беру, мемлекеттік қызметтер және басқа қызметтер түрлерін алу үшін құжаттарын рәсімдеу бойынша көмектесу, заңмен көзделген жеңілдіктер мен артықшылықтар, әлеуметтік төлемдерді алуларына жағдай жасау да «Тең қоғамның» жұмысы. Әлеуметтік қызметтер порталымен жұмыс бойынша көмек көрсету де жолға қойылған. Демек, орталық ерекше қажеттілігі бар жандарға барынша жағдай жасап отыр. Осы орталықтан қызмет алған азаматтармен бірімен тілдескен едік.

– Қазір жасым 20-да. 2023 жылы Талдықорғандағы жоғарғы политехникалық колледжін оқып, аяқтадым. Сандық техника мамандығы бойынша білім алғанмын. Мен 2-топтағы мүгедекпін, соған қарамастан өзім еңбек етіп, табысты адам болудың жолын іздедім. Бірақ өзіме сай вакансия табу біршама қиын болды. Сөйтіп жүріп «Тең қоғамның» көмегіне жүгінуге бел будым. Бұл орталыққа айтар алғысым шексіз. Алғаш барып, танысқан соң, сондағы қызметкерлермен әңгімелесу болды. Содан көп ұзамай жұмысқа орналастым. Қазіргі таңда Оpen Taldykorgan-да келген азаматтарға ЭЦП ашып берумен айналысамын. Жұмысым өзіме ұнайды, – дейді Айжан Ахансеріқызы.

Оған қоса, қазіргі таңда мүгедектігі бар адамдарды кәсіпкерлікке тарту жағы да біршама дамыған. «Тең қоғам» мүгедектігі бар адамдарды қолдау орталығы 2022 және 2023 жылдан бастап Алматы, Жетісу облысы бойынша мүгедектігі бар адамдарды тұрақты жұмысқа орналастыру, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жіберумен қоса грант алуға жәрдемдесу жұмыстарын жүргізіп, бірнеше жанның өз кәсібін ашуына себепкер болған. Мұндағы мақсат – мүгедектігі бар адамдардың еңбек және кәсіби мүмкіндіктерін анықтау және жұмысқа орналасумен олармен еңбек үрдістерін жүзеге асыруларындағы қорқыныштары мен кедергілерді жоюына ықпал ету, психологиялық, заңдық көмек көрсету. Осылайша, мүгедектігі бар азаматтардың қалыпты өмірге бейімделуіне, тіпті өз кәсібін дөңгелетіп, белгілі бір салаға қатысты сұрақтарына жауап алуы үшін қызмет көрсету, арнайы мамандар арқылы даярлау өз нәтижесін, жемісін көрсетіп отыр. Солардың бірі – Гүлім Қайратқызы.

– Менің екі ұлым бар, жалғызбасты анамын. Екінші ұлымның денсаулығында туабітті ақау болғандықтан, балама мүгедектік берілді. Осы кішкентайлардың күтімімен үйдемін. Уақыт өте келе үйде құр отырғым келмеді, ештеңеге қарамастан, өзіме пайдалы іспен айналысуды қаладым. Өзімнің негізгі мамандығым – халықаралық қатынастар болатын. Кейіннен қосымша Didakt-kz оқу орталығында тігін курсын оқуды бастап кеттім. Оқу орталығының басшысы мен ұжымға алғысым шексіз. Себебі жаңа саланы меңгеруде, тігін шебері болу жолында кездескен қиыншылықтарды еңсеруде көп көмектері тиді. Жұмысқа деген қызығушылығымды, өзіме сенімділігімді арттырды. Ал «Тең қоғам» ұжымы қашан барсам да ізгі ниетпен қарсы алып, қолдау береді. Ондағы мамандар мемлекеттік грант алу үшін бизнес-жоспар жасауды үйретіп, барлығын түсіндірді. Әрі олардың көбі жастар. Жастарға алғысым шексіз. Негізі баламның жағдайына байланысты қандай көмек алуға болатынын білуге барған болатынмын. Сол кезде маған барлық қызмет түрлерін таныстырды. Соның ішінде «мемлекеттік бағдарлама шеңберінде грантқа құжаттар қабылдануда, құр қалмаңыз» деп шабыт берді. Біраз ойланып, тігуді үйреніп жүрмін ғой, өз ісімді бастасам қайтеді деп ойлана бастадым. Дегенмен ұтамын деп мүлде ойламадым. Кейін конкурстың шешімі шыққан соң тізімнен өзімнің аты-жөнімді көріп қатты қуандым. Содан үш адамға тегін тігін курсын оқытуды бастап кеттім. Өзім үйретемін, кейін бірге жұмыс істейміз деп жоспарлап отырмын. 15 жағдайы төмен адамға және «Айналайын» балалар үйіне жылы көрпелер, төсек-орын жабдықтарын, тақиялар мен кеудешелер тігуді бастап кеттік. Олардың бәрі де жақсы сапада, қолжетімді бағада болады. Оған қоса, сатылымға шығару үшін құрақ көрпелер тігіп жатырмыз, – дейді Гүлім Қайратқызы.

«Тең қоғам» мүгедектерді қолдау орталығында сапалы өнімдерімен танылып жүрген Dos-Ortopedia компаниясының арбаларын көріп, таңдап, әлеуметтік портал арқылы тапсырыс беруге де мүмкіндік бар. Оның ішінде балаларға да арналған арбаларды қарауға болады. Енді мүгедектігі бар жандардың өздеріне қажетті заттарды тек компьютерден әлеуметтік портал арқылы көріп, сатып алуға ғана емес, тауарды өз көздерімен көріп, сапасын, сынын, ыңғайлылығын байқауға, кең таңдау жасауына да жағдай жасалмақ. Орталықтан қызмет алушылардың сөздерінше, мұндай қызмет оларға өте ыңғайлы әрі уақыт үнемдейді. Ал осы қараша айына дейін орталықтан 618 азамат кеңес алып, сall-орталық қызметіне205 адам жүгінген.Әлеуметтік порталда қызмет алған азаматтар саны – 30.Одан бөлек, жұмыс іздеуші ретінде және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар саны –120. Арасында жұмысқа сәтті орналасқандар көп. Нақтыласақ, 63 адам қоғамдық жұмыс және жастар іс-тәжірибесіне орналасқан. Және 318 азамат 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант жайлы ақпарат алған. Солардың 14-і өз кәсібін ашып, бүгінгі күні табысты еңбек етуде.

     Балауса Ділдәбек