Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:05, 17 Желтоқсан 2024

Теңге үшін тегеурін танытқан Тәкежанов

Тәкежанов

Cауық Тәкежанов алғашқы шын мәніндегі парламентіміз – он екінші шақырылған Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланғанға дейін-ақ өзін білікті инженер, реформатор, мемлекетшіл тұлға ретінде мойындатқан тұлға.

Республика түсті металлургиясының ірі басшысы ретінде 1974 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары-мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы лауазымына бекітіліп, жаңа жұмысқа кіріскенінде ол мына жайтқа аң-таң қалады: республикада «ұлттық табыс», «ішкі жалпы өнім» деген терминдер тіпті де болмаған екен, бұл «Госпланның» жаңа басшысы үшін күтпеген жаңалық еді. Дұрысында, іс-қағаздарды қабылдаған кезінде оған бұл терминдерді Қазақстан үшін тек Мәскеу ғана беретінін айтыпты.

Сонда жаңа төраға бұл орайда жоғарғы жақтың пұрсатын тосып отыруды қош көрмей, өз есеп-қисабын жасап, Қазақ Республикасының ұлттық табысы жайындағы өзінің бірінші есебін жазып, оған өзі қол қояды. Артынша оны Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы шақырып, кабинетіне кіре бергеннен: «Сен, немене, шынымен ұлтшылсың ба? Егер біздің бәрімізде бары – бір ғана Ленин партиясы болса, біздің республикамызда қандай ұлттық табыс болуы мүмкін?» деп, тарпа бас салса керек. Ал ол аспай-саспай, «ұлттық табыс» деген ұғымды өз тарапымыздан осылай қабыл алмайынша, республикамызда нағыз экономиканың болмайтынын, әрі оның біздің біртұтас партиялығымызға титімдей де кедергі келтірмейтінін идеолог-хатшыға егжей-тегжейлі түсіндіруге тырысыпты. Өте қиындықпен болса да, иландыра алыпты әйтеуір. Содан, Тәкежановтың «ұлтшыл» іспетті саяси айып жаматып алудан қаймықпай, көзқарасын табандылықпен дәлелдеуі нәтижесінде, ұлттық табыс мемлекеттік жоспарлаудағы есептерде сол шақтан бастап өте маңызды көрсеткішке айналған.

Ол жаңа қызметінде бірден экономикалық жұмысты және жоспарлауды жетілдіру мәселелерін қолға алды. Салалық жоспарлардың өзара үйлесімділігіне ғана мән беріп қоя салмай, аумақтық жоспарлар жасау мәселесін көтерді. Халық шаруашылығы құрылымын жетілдіруге, республиканың дайын металын пайдалана отырып ақырғы өнім шығаруды дамытуға көп көңіл бөлді.

Тәкежановтың түсті металлургияны, мемлекеттік жоспарлау комитетін басқару кезіндегі ұтымды тәжірибелері әкелген беделіне тәнті халық депутаттары 1990 жылы оны бірауыздан Жоғарғы Кеңестің экономикалық реформа, қаржы-қаражат және бюджет мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы етіп сайлайды. Қайта құру жылдары мемлекет дербестігін әзірлеген және КСРО құрамынан шығуды қолдап, тәуелсіздікті жария еткен осы Жоғарғы Кеңестің қабырғасында ол шын мәніндегі ірі мемлекетшіл қайраткер дәрежесіне көтерілді.

Республика экономикасын дербес дамыту жолына түскісі келген «жергілікті ұлтшылдарды» жиырмасыншы жылдары большевиктер бұлар «тұйық экономика» құрмақ деп әшкерелей отырып, бар күштерін орталықты нығайтуға жұмсаған еді, сондай көзқарастың кеңестік дәуірде қатаң сақталғаны сондай, қандай да бір өңдеуші зауыт салуға ұмтылғандардан Мәскеу оп-оңай «ұлтшылдық көрінісін» таба қоятын. Нақты шындық құпия сақталатын. Өйткені орталық одақтас республикалардың дербестігі артуын қаламайтын, тіпті қорқатын да. Кеңес одағының экономикасы тек орталықты жағдайластырып, байыту үшін ғана құрылған болатын. Сондықтан Қазақстан негізінен шикізат базасы ретінде ғана дамытылған, тәуелсіздік алған кезде ол күнделікті тұрмысқа қажетті заттарды да өзінде шығара алмайтын жағдайда болатын.

Міне, осындай ахуалда Сауық Тәкежанов басқаратын комитет барлық басты проблемалардың қайнаған ортасында тұрып, жоспарлы шаруашылық қожыраған елімізде нарықтық экономиканы қалыптастырудың заңдық негізін қалаумен шұғылданды. Ол комитетте меншік, жекешелендіру, валюталық реттеу, шетелдік инвестиция, еркін экономикалық аймақ, акционерлік қоғамдар, биржалар мен бағалы қағаздар, банктер, бюджет жүйесі, төл ақша жасау мен оны айналымға енгізу секілді толып жатқан аса қажет мәселелерді шешуге бағытталған алғашқы заңдардың жасалып, парламенттің қарауына ұсынылуына жетекшілік етті.

Ресеймен ортақ ақша жүйесіне қалай қарсы тұрды?

Тәкежанов ұстанымы Қазақстан үкіметінің Ресеймен ақша жүйесін біріктіру жөнінде келісім жасағанында мейлінше айқын танылды. Ол бұл шараның орындалуына жол беру – тәуелсіздігімізді өз еркімізбен толығымен жоғалту боп шығады деп санады. Осы көзқарасын парламент жаңа тұрпатты рубль аймағына ену мәселесін қараған кезде айқын да батыл көрсетті. Ресей 1993 жылғы 26 шілдеде өз ішінде жаңа ақша кіргізгенде, соның салдарынан біздің елді ескі қағаз ақша топан судай басып кеткен. Инфляция күн санап өсті. Ресей екі жарым ай бойы өзінің жаңа ақшасымен дербес экономикалық саясатын жүргізіп жатқан сол шақта (1993 жылғы 12 қазанда) парламент мәжілісі Қазақстан Республикасының ақша жүйесін Ресей Федерациясының ақша жүйесімен біріктіру жөніндегі келісімді ратификациялау туралы мәселе қарады.

Келісімнің мән-жайын үкімет басшыларының бірі баяндап, парламентшілердің қойған сұрақтарына жауап берді, содан соң, құжат бекітілетін болды. Сол кезде Тәкежанов өзіне сөз беруді табанды түрде талап етеді. Сондағы сөзінде әріптестерінің екі елдің үкіметі қол қойған келісімді ратификацияласақ, төлемдердің барлық мәселелері жеңіл және жақсы шешіле кетеді дегеніне қарсылық білдіреді.

Ол төлем мәселесін Ресейдің Орталық банкі жалпы жасанды түрде дабырайтып алға тартып отырғанын айтты. Келісімде екі тараптың міндеттемелері көрсетілуі керек екенін, ал мұнда бір ғана тараптың – Қазақстанның ғана міндеттемелері көрсетілгенін түсіндірді. Ресейдің Орталық банкі бұрынғы КСРО Мемлекеттік банкі жүйесінің дәл өзі боп тұрғанын әшкереледі. Біз өз кеденімізді тым болмаса өз ақшамызды қосарлана қатар енгізу жолымен қорғайық деді.

Бұл жайында өзі басқаратын комитеттің баяғыдан айтып келе жатқанын еске салып, «Бостан босқа уақыт өткіздік! Маған, бәлкім, осы істер үшін таяқ та тиер, бірақ біз екі жыл бұрын өз ұлттық валютамызды қатар енгізуді ұсынған болатынбыз» деді (өз ақшамызды енгізудің маңызын дәл білгендіктен де ол еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігін тезірек жария етуді аңсаған, сөйтіп бұл тағдырлы шешімді жасаудың кешіктіріле беруіне кезінде қатты қынжылған).

Ол тауар нарығын қорғаудың бұдан басқа әдісі жоқтығын, 11 034 шақырымға созылған шекараны біз ешқашан күзетіп қорғай алмайтынымызды ескертті. 1962-1992 жылдарғы ақша жан-жақтан елімізге еркін кіруі салдарынан, республикада бәрі тып-типыл босап қалғанын көре тұра көптеген депутаттың бұл іске беймарал қарағанына қайран қалды. Бірақ келісім бәрібір ратификацияланды.

Мәселе жарты айдан кейін, 28 қазанда парламентте тағы қаралды. «Тағы да қайталаймын: біз ратификациялаған құжат бір жақты болатын. Бізде рынокты ойрандау жүріп жатыр. ...Біз, ескі үлгідегі құнсыз рубль топаны елімізді басып тұрғанда, аса жақын уақытта-ақ мүлдем тауар ресурстарынсыз бос қаламыз» деді Тәкежанов. Осыны айта келе, өз ақшамызды шұғыл енгізу жөнінде нақты ұсыныс жасады. Ақыры оның ұсынысы қабылданды. 1993 жылғы 15 қарашада төл ақша айналымға енгізілді. Осы күнді төл валютамызды өмірге әкелуде елеулі рөл атқарған Сауық Тәкежанов республикамыздың «экономикалық тәуелсіздік күні» деп атады.

Бейбіт Қойшыбаев

Тегтер: