Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 18:31

Атырауда стратегиялық нысандар дрон шабуылдарынан қорғалады

1
Фото: ашық дереккөз

Атырау облысында стратегиялық мұнай-газ нысандарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілуде. Халықаралық жағдайдың өзгеруіне байланысты әскерилер Теңіз кен орнын дрондар шабуылынан қорғауды пысықтап жатыр.

Әлеуметтік желілерде Қорғаныс министрлігінің арнайы техникасы колонналарының батыс өңірдегі өндірістік алаңдарға бағытталып жатқан сәті түсірілген кадрлар тарады. Белгілі болғандай, күштердің шоғырлануы ауқымды оқу-жаттығулармен байланысты.

Қолда бар мәліметтерге сәйкес, Теңіздегі оқу-жаттығулардың басты мақсаты — дрондар тарапынан болатын қауіп-қатерлерге қарсы әрекет ету сценарийлерін меңгеру.

Сарапшылардың айтуынша, қазіргі қақтығыстар тәжірибесі көрсеткендей, дрондар негізгі соққы құралдарының біріне айналған. Сондықтан мұндай қауіптер енді тылдағы нысандар үшін де ескерілуде. Оқу барысында әскери бөлімдер мен қауіпсіздік қызметтері төтенше жағдай кезіндегі үйлесімді әрекеттерін пысықтауда.

Мамандар соңғы жылдары ұшқышсыз технологиялардың қауіп сипатын түбегейлі өзгерткенін атап өтеді. Осыған байланысты стратегиялық инфрақұрылымның әуе шабуылдарына дайын болуы — елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін басым бағыттардың біріне айналып отыр.

Оқу-жаттығу барысында әуе қорғанысы (ПВО), радиоэлектрондық күрес (РЭБ) жүйелерінің жедел әрекет етуі және ведомстволар арасындағы өзара іс-қимыл тексерілуде. Әзірге оқу-жаттығулардың қашан аяқталатыны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ.

Теңіз кен орны — Қазақстандағы ең ірі мұнай кен орындарының бірі әрі елдің экспорттық кірісінің елеулі бөлігін қамтамасыз етеді.

Айта кетейік, 27 наурыз күні  Атырау қаласынан шамамен жеті шақырым жерден дрон қалдығы табылған. Кейбір деректерде оның жанып жатқаны айтылды.

Сондай-ақ, табылған аумақта қозғалтқышқа ұқсас бөлшектер мен композитті немесе көміртекті талшықтан жасалған зақымданған фрагменттер болғаны жөнінде мәлімет тараған.