Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:50

Терезеден төмен қарап тұрған өмір

1
Фото: gdp7.medgis

Жасөспірімдер шешімді өлімнен іздегенде...

 

 Өлімнің бұл түрі XVII ғасырға дейін дін көзімен сараланып, күнә есептелсе, XVIII ғасырларда философиялық сұрақ ретінде зерттелді. Ал XIX ғасырдан бастап психология мен психиатрия қырынан қаралды. Өткен ғасырда өзіне қол жұмсаудың қатары күрт көбейіп, қазіргі ақпараттық кезеңде тіптен ушығып тұр. Ең ауыры, өмір мен өлімнің мәнін ұғына бермейтін балалар мен жасөспірімдердің де қоштасу хатын жазып, тамырын кесіп, терезеден секіруі жиілеген.

Бұл мәселеге келгенде Қазақстан антистатистиканың алғашқы орындарынан түскен емес. БҰҰ-ның 2023 жылғы есебінше, әлемде суицид көрсеткіші бойынша 19-орында тұрмыз. Ал 2022 жылы Орталық Азия бойынша бірінші орында болғанбыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы жастар мен ауыл халқы арасында өзіне қол жұмсау көрсеткішінің жоғары екені туралы дерек келтіреді. Өткен жылы 3 694 азамат өзіне қол салған, оның 155-і жас жеткіншек. 2022 жылғы жағдай да осы шамалас. Оның себептері туралы зерттеулерге сүйенсек, жалғыздық, жоқшылық, отбасындағы, жұмыстағы, мектептегі жанжал сынды факторлар алға тартылыпты. Жасөспірімдер арасындағы суицидтің жартысының да себебі анықталмайды, ашылмайды. Алдымен маманға сөз берейік.

Жанат Болатбекұлы, психолог, психоаналитик: Өтпелі кезеңде өлімді романтизациялау басым болады

Балалар мен жасөспірімдерде психологиялық аппарат толық қалыптаспаған. Әсіресе өтпелі кезең уақыты қауіпті. Бұл кезде адам суицидке «жақынырақ» болады. Статистика да ҚР-да 11-13 жас, 15-17 жас, тіпті жетілген 20-21 жаста да өзіне қол салу фактілері басқа жастағы адамдармен салыстырғанда көбірек кездесетінін дәлелдейді. Негізінен, бүлдіршінде дене бар, психология жоқ. Оларда тек бейсаналы драйвтар болады. Ал оның инстинкті мен механизмі айналаға тартылыстан, өмірге деген құштарлықтан тұрады. Бұл тартылыс күші уақыт өте келе, бала есейе келе көбеюі де, азаюы да мүмкін. Оған әсер ететін бірден-бір фактор – ата-анамен қарым-қатынас.

Суицидке барудың нақты ережесі жоқ. Себебі әр балаға әртүрлі деңгейдегі «внимание» керек. Және әрқайсысы әртүрлі тәсілмен қабылдайды. Вербалды, вербалды емес, тағы сол секілді. Ата-ана осы кілтті тауып, түсініп, соған сай әрекет еткені жөн. Әрі төрт перзентім болса, әрбіріне 25 пайыздан көңіл бөлемін деген болмайды. Әрқайсысына 100 пайыздан, толық назар аудару керек. Оның ішкі әлемі мен сұранысын қанағаттандырып, тірегі бар екенін сезіндіру – міндет. Дәл осыны сезініп өскен бала өзіне сенімді болады. Бұл қазақ тілінде қарапайым сөз, ал психология тілінде үлкен, дәлелденген тезис. Ал, керісінше, өзін керексіз, тірексіз сезініп өскен балада сенімнің орнына проблемалар жинала береді. Ішкі күйі тұрақсыз, эмоциялары арпалысып жатқан, психологиялық портреті қалыптаспаған балаға сыртқы факторлар да қатты әсер ете береді. Сондықтан да ата-ана баламен тек әлеуметтік қарым-қатынас орнатып, «келдің бе, кеттің бе, тамағыңды іш, ұйқыға жат, жуын, сабағыңды оқыдың ба?» деумен шектелмеуге тиіс. Адам мен адамның қарым-қатынасы деген бар. Сол нәзік байланысты орнату қажет.

Оның тағы бір үлкен себебі – 21 жасқа дейін адам тек қабылдайды, алады. 21 жастан 60 жасқа дейін әлеммен алмасады, қарым-қатынаста болады. Ал 60 жастан кейін тек береді, бөліседі. Бірақ алу кезеңінде ала алмаған нәрселерін адам баласы өмір бойына іздеп өтеді. Мейірім жетпесе – мейірім, сенімділік жетпесе – сенімділік.

Есейген кезеңде адамда екі жүйе қалыптасуы тиіс. Біріншісін «эго» дейміз. Ол «Мен кіммін? Қайдамын? Өзімді қалай сезініп тұрмын?» деген сұрақтардың жауабы. Екіншісі – «суперэго». Бұл жүйе «Мен үшін не құнды? Неге жүгінемін?» деген сауалдарға жауап береді. Осы екеуі қалыптасса, адам адаспайды. Ал қалыптаспаса, жоғарыда айтылғандай, тіреуі болмаса, ондай жандар не орта, не кумир іздеп кетеді. Сыртқы ықпалдарға әлсіз болады. Осыдан келіп шешімді өлімнен іздеу, өмірден түңілу, суицидті романтизациялау пайда болуы ықтимал.

Өлімнің не екенін түсінбеу мен оған қарсы иммунитет

Балаларға жеткілікті уақыт бөлу мен олардың тәрбиесімен айналысу ауызбен айтқандай оңай шаруа емес. Не пәтері, не азық-түлікке ақшасы жоқ, несиеге батқан ата-ананың күндіз-түні жұмыс істейміз деп, бес баласынан қатар айырылғанын да көргенбіз. Кедейшілік деңгейі жоғары, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен, инфляция мен қымбатшылық шарықтап тұрған елде ата-аналарға балаңа уақыт таппайды екенсің деп кінә қою да орынсыз секілді. Бұл орайда, кіріс деңгейінің төмендігі, күйзеліс пен суицид статистикасының арасында корреляциялық байланыс бар екені де жиі айтылады. Осы және өзге де әлеуметтік көрсеткіштер туралы әлеуметтанушы Әнел Әлібекова айтып берді:

Жыл сайын әлемде 720 мың адам өзіне қол жұмсайды. Соның ішінде 70 пайызы кіріс деңгейі төмен және орташа елдерге тиесілі. Әлеуметтік жағдайдың өмірге көзқарастың қалыптасуына зор ықпалы бар екені белгілі. Оған қоса, мәдени, биологиялық, психологиялық, жас аралығы факторлары да әсер етеді. Тағы дискриминацияға жиі ұшырайтын топтардың, мысалы, босқындар мен мигранттардың, азшылық өкілдерінің, ЛГБТ ориентациясындағы адамдардың суицид жасау ықтималдылығы жоғары. Мұндай себептерден бөлек, өмірдегі белгілі бір кезеңдер мен жағдайлар фонындағы импульсивтілік те өзіне қол салуға жеткізеді. Мәселен, созылмалы ауру, стресс, айырылысу мен жалғыздық, жәбірлену, зорлық көру, кризис, соғыс, жақын адамыңнан айырылу. Осы сынды факторлар ішкі күйге әсер етіп, адам депрессиядан қиналған кезде, суицид туралы ойлай бастағанда, бұл туралы айтуға немесе көмек сұрауға батпайды. Себебі қоғамда психикалық патологиялар мен суицидті стигматизациялау үрдісі белең алған. Ал профилактикалық шаралар тіптен ақсап тұр десек қате емес шығар.

Жасөспірімдер өлімнің қайтарымсыз екенін түсіне бермейді. Олар шолақ ойланады және жылдам шешім іздейді. Бұл жағдайда бала өлім мен оның не екені туралы түсінбесе де, санасында оған жоламайтындай, жолағысы келмейтіндей иммунитет қалыптастыру маңызды. Әрине, бұл орайда ата-ана, мектеп, психологтар, медиа бірігіп әрекет етуі тиіс.

Трагедияны БАҚ ашық көрсетпеуі керек

Ата-аналардың жайын жоғарыда айттық, қоғамның көзқарасы мен таптаурындары да белгілі. Ал мектептер мен жауапты ведомство не істеп жатыр? Ол туралы айтылып та, жазылып та жүр. Мектепте тәрбие сағаттарын өткізеді, ата-аналармен жұмыс жасайды, білім бағдарламасында айтылады, тағысын тағы. Бірақ мұндай шаралар бұрыннан бар, үзілген емес. Тек нәтиже жағы күмәнді. Осыған қатысты толыққанды зерттеулер бар ма, әдіс-тәсілдер өзгертілді ме, қазір қандай стратегия қолданылып отыр және қандай шаралар атқарылуда? Бұл сұрақтарымызды оқу-ағарту министрлігіне қойдық. Министрлік маманының сөзінше, соңғы бес жылда оң динамика байқалған. Яғни жыл өткен сайын жасөспірімдер арасындағы суицид азайып келеді. Алайда тұрақты емес.

«Суицид жағдайлары бойынша статистиканы Бас прокуратура жүргізеді. Біз сол есептерге сүйенеміз. Жасөспірімдер арасында 2019 жылы – 640, 2023 жылы – 577, 2024 жылдың бастапқы сегіз айында – 253 жағдай тіркелген. Олардың азаю немесе көбею, орын алу себептерін бақылап отырамыз. Дегенмен суицид дегеніміз – мультифакторлы құбылыс. Оған тек бір нәрсе әсер етпейді. Сондықтан оны медицина мен психология да, әлеуметтану мен саясаттану да, философия да зерттейді.

Ал қоғам үнемі отбасындағы немесе мектептегі жанжал себеп болғанын байқап жатады. Алайда бір жайсыз жағдай немесе ұрыс-керіс – триггер ғана. Себеп емес. Оны зерттеушілер де айтады. Негізгі себеп, баланың биологиялық, психикалық, әлеуметтік факторларына байланысты. Осылардың бірінде немесе бірнешеуінде проблема болса, баланың эмоционалды жағдайы мен психикасы бұзылады. Сәйкесінше, бәрі ішке жиналады, үлкейеді. Сондай күйде жүрген балаға күндердің күнінде бір триггер қозғаушы болып, суицидке әкеледі.

Сондықтан біз жанжалдар мен қиын жағдайларға жеткізбеуге, оларды азайтуға тырысамыз. Бұл мақсатта құндылықтар мен қарым-қатынасқа негізделген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы жүріп жатыр. Бірнеше тармақтар мен әдістер бойынша әрекет еткен дұрыс деп шештік. Тағы мектептердегі психологтар проблемасы көп айтылады. Олардың штаты аз екені жиі сөз болады. Норма бойынша мектептегі сыныптар саны 30-дан асса, екі психолог жұмыс істейді. Ал 40-тан асса, 3 психолог жұмыс істеуі тиіс деген стандартты ақырындап енгізіп жатырмыз. Ол жергілікті әкімдіктер мен білім бөлімдерінің қолдауымен жүзеге асады. Бұл мамандардың ата-аналармен байланысын нығайту, жұмыстарын цифрландыру бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Одан бөлек, тәрбие сағаттары, сыныптан, мектептен тыс жұмыстар да баршылық.

Бір айта кетерлігі, балалар арасындағы мұндай трагедияларды БАҚ беттерінде ашып көрсетпеу керек секілді. Ол туралы бірнеше ұсыныс та айтылған. Десек те, біз демократиялық ел болғандықтан, журналистер мен ақпарат мамандарына нұсқау беріп, шектеу қоя алмаймыз. Осыны ескеріп, тек ұсыныс ретінде, детальдарды ашпауды, журналистика этикасына сүйене отырып қана ақпарат беруді сұраймыз, айтамыз», – дейді оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің бас сарапшысы Жібек Дәуітбайқызы.

Дайындаған Балауса Ділдәбек

Тегтер: