Тибетте жойқын жер сілкінісі: ондаған адам қаза тапты
Қытай басылымдары Тибеттің таулы аймақтарының бірінде болған жойқын жер сілкінісі салдарынан кем дегенде 53 адамның қаза тапқанын хабарлады. Жер сілкінісінен көптеген ғимарат қирады.
«Сейсенбі күні түстен кейінгі ақпарат бойынша, Тибет автономиялық ауданының Тингри ауданында болған 6,8 балдық жер сілкінісінен 53 адам қаза тауып, 62 адам жарақат алды», - деп хабарлады Синьхуа агенттігі табиғи апаттан зардап шеккен аймақтық штабқа сілтеме жасап.
Қытайдың сейсмологиялық желі орталығы (CENC) жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 9 шамасында Қытай Халық Республикасының Тибет автономиялық ауданы шекарасына жақын жерде 6,8 балдық жер сілкінісі болғанын хабарлады. Жер сілкінісінің ошағы Тингри ауданында, 10 шақырым тереңдікте орналасқан. Сондай-ақ магнитудасы 4,4-ке дейінгі дүмпулер тіркелді.
Америка Құрама Штаттарының Геологиялық қызметі (USGC) 7,1 балдық жер сілкінісі Шигадзе қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 177 шақырым жерде болғанын хабарлады. Жер сілкінісі Непал астанасы Катмандуда, сондай-ақ Бутан мен Үндістанның кей жерлерінде сезілді.
«Жойқын жер сілкінісі Тингри ауданы мен оған жақын аудандарда сезілді, эпицентрге жақын орналасқан көптеген ғимарат қирады», - деп хабарлады CCTV мемлекеттік телеарнасы.
Оқиға орнынан түсірілген кадрларда қираған үйлер мен айналаға шашылған қоқыстар көрінеді.
Қытай басылымдарының хабарлауынша, жергілікті билік аудандағы елді мекендерді аралап, жер сілкінісінің салдарын бағалауда.
Синоптиктердің айтуынша, Тингриде ауа температурасы -8 градус Цельсий және сейсенбі күні кешке -18 градусқа дейін төмендейді.
Биік тауда орналасқан ауданда 62 мыңға жуық халық тұрады. Бұл аймақта жер сілкінісі жиі болып тұрады, бірақ бұл жолы соңғы бес жылдағы ең күштісі болды.