Тіл мәртебесі – ел мәртебесі

Елімізде қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.
Осыған орай, Қазақстанның әр аймағында, әсіресе білім ордаларында арнайы жұмыстар жүргізіліп келеді.
Мәселен, Қарақия аудандық орталық кітапханасының стационардан тыс қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен «Тіл көңілдің тілмашы» атты кездесу кеші өтті. Ондағы мақсат – мектеп оқушыларына ана тілінің қадір-қасиетін біліп, ана тілінің көркемдігін сезініп, сөз құдіретін түсініп, оның адам өміріндегі маңызын ұғуға үйрету болып табылады.
Сондай-ақ ана тілімізді тұғырлай түсуге арналған, қасиетті ана тіліміздің мәртебесін арттыруға арналған «Тіл – қазына» жобасы басталған. Аталмыш жоба үш бағыттан тұрады. Яғни бірінші бағыты – әр аймақта Тіл туралы заңды түсіндіруге арналған. Екінші бағыты – қазақ тілі контентін қалыптастыруға арналған «Қазақшаң қалай, балақай!» атты бейнероликтер арқылы оқушыларға танымдық сабақтар өткізіледі. Үшінші бағыт – «Үлгілі отбасы» облыстық байқаулары өткізіледі. Байқау арқылы тіл реформасы, тіл саясаты жүзеге асырылады.
Ал одан бөлек, еліміздің ұстаздарының атсалысуымен «Таза терең, өткір, күшті, кең тілім» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестігінің апталықтары өткізілуде. Іс-шара арқылы тіл тазалығын сақтап, мәдениетті сөйлеуге, ана-тілінің қадір-қасиетін білуге, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге бағытталған.
Осы тұрғыда педагог Ақмарал Маханова: «Әрбір ұлттың ана тілі сол ұлттың болмысы. Тіл – халықтың рухы, тұтастай кескін-келбеті, болмысы. Мемлекеттік тіліміздің деңгейін көтеру – әрбір Қазақстан азаматына жүктелетін мақсат екенін үйрете отырып, «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» демекші, «Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» тақырыбында іс-шаралар өткізіп келеміз. Тілдер апталығы арқылы әртүрлі тақырыптағы астарлы сұрақтарға жауап іздеу арқылы баланың логикалық ойлауын дамыту, балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында өткізіп келеміз», – дейді.
Жалпы бұл бір ғана аймақта емес, еліміздің әр төңірегінде өткізіліп жатқан жағдай. Тіл саясатын, тіл реформасын көтеру мақсатында балалармен жұмыс жасау ертеңгі күні тіліміздің тұғырының берік болуына септігін тигізеді деп сенеміз.