Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:49, 16 Қараша 2022

Тіліміздің жауы – қазақша «қақпайтын» қазақтар

None
None

Тілдің зары айтудай-ақ айтылып келеді. Кеңес заманында проблеманың асқынғаны соншалық 1986 жылы студент жастардың көтерілісіне әкеліп соққан жоқ па?

Мәселенің бәрі Қазақстанды орыс билегенінде емес, келген билеушілердің қазақ тілін білмегенінде жатты. Сол Колбин қазақша сайрап тұрса, іші-бауырыңа еніп, жағдайыңды ұғып тұрса, халық қандай қарсы алар еді?

Ресейден басқа жерде жұмыс істеп көрмеген, орыс тілінен басқа тілді білмеген Кеңес Одағының қожайыны Горбачев оны қайдан түсінсін. Жіберген қателіктерін жанталаса түзеп, шаралар жасауды қолға алды. Бірақ бәрі де кеш еді. Қазақ тілін білмеу, тіпті білуге талпынбау, қала берді менсінбеу, басқа ұлт тұрсын өз қандастарымыздың көпшілігінің етінен өтіп, сүйегіне сіңген әдеті болып шықты.

Осы кеселдің зардабын әлі де көріп келеміз. Әсіресе қалалық, облыстық деңгейде. Сөзім жалаң болмасын. Бірер айдың көлемінде облыс орталығында түрлі деңгейлердегі қоғамдық кеңестер мүшелерінің қатысуымен облыстық қоғамдық кеңестің дөңгелек үстелі өтті. Қазақша жіберілген шақырту қағазына сәйкес күн тәртібінде «Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесінің қоғамдық бақылау функцияларын іске асыру шеңберіндегі қызметі» деген мәселе тұрды. Дұрыс, қойылған сұрақ өзекті-ақ. Жасалып жатқан жұмыстарды шынында қоғам тарапынан кім бақылайды? Бұрынғы халық бақылау комитеттері жоқ, аз ғана депутат кімге жетеді? Сондықтан аудандарда қоғамдық кеңестер құрылса, ауыл-кенттерде жергілікті қауымдастықтар ұйымдастырылды және олардың құрамына кезінде әр салаларда қызмет істеген білікті әрі белсенді зейнеткерлер тартылды.

Дөңгелек үстелге аудандардан, қалалардан біраз ардагерлер жиналдық. Көпшілігі өз қаражаттарына және өз көліктерімен келіпті. Алайда «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» дегендей отырыс басталғаннан-ақ көңіліміз құлазып сала берді.

Ұйымдастырушылар да, сөйлеушілер де тегіс қазақтар болғанымен бәрі орысша жосылтып жөнелді. Ал біздерде қоғамдық ұйымдардың жұмысының бәрі ана тілімізде. Тек аудандарда ғана емес, қазағы көп қалаларда да.

Дөңгелек үстелдің ашылуында құттықтау сөз арнап сөйлеген үш қазақ басшының бірде-біреуі, тіпті оның ішінде Астанадан келген шенеунік те бар, өз тілінде жақ ашпады. Бейнебір орыс тілінен жарысқа түскендей шүлдірледі барлығы. Орысша түсінгенімізге шүкірлік қылып, көп қазақ тыңдап отырдық.

Кеңестің қарауына ұсынылған 7 тақырыптың біреуі ғана қазақ тілінде әзірленіпті. Оның өзі өз-өзіне есеп беру сияқты пайдасы шамалы бес минуттық қана сөз болды.

Ұзамай үш-төрт сөзден кейін-ақ наразылық басталды. Себебі қазақша берілген сұрақтарға орысша жауаптар қайтарыла бастады. Ренжіген ақсақалдардың уәжі: біз алыстан әдейі, пайдалы бірдеңе алу үшін, оны өзімізге жарату үшін келдік. Сөздеріңнің бәрі орысша, неге қазақ тыңдармандарды, яғни біздерді сыйламайсыңдар? Жоқ облыстық шара Қарағанды мен Теміртау қалалары үшін ғана жасалған ба? Бәрің қазақсың, неге ең құрымаса жартысын қазақша дайындамағансыңдар?

Естіген жауабымыз «елдің бәріне түсінікті болу үшін орысша сөйлеп жатырмыз». Қараңызшы, бізді түбінде елге жалпақшешейлік жасай беретін жалтақ мінезіміз құртатын шығар. Баяғыда бір байғұс айтыпты дейді, «көршімнің көңіліне қараймын деп балам өзіме тартпапты» деп. Бұл тура соның кері болды.

Осы мақаламды жазуға отырғанымда президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы облысына барған сапарында тіл туралы айтқан салиқалы сөздерін оқып ойға қалдым. Әрине ұлт деп, тіл деп тым өндіршектеп асып кетпеуіміз керек. Бірақ солай екен деп көштен қалуға да болмайды. Мемлекет басшысы айтқандай «ана тіліміз бірінші орында болып, бәріміз үшін негізгі басымдық болуы қажет».

          Алайда осы талапты ең әуелі орта және жоғары буындағы мемлекеттік және қоғамдық қызметшілерге қою керек-ақ. Әйтпесе жаңағыдай шаруа жалғаса береді. Өз бастарының қамын күйттеген кілең орысқұл қазақтар біздердің құқығымызды сөйтіп шектеді де тастады.

          Келген сайын азаматтық құқығымыз осылай бұзыла берсе, ендігәрі шақырмай-ақ қойыңыздар, рақмет деп тарастық.

          Отыз жылда отыз ауыз қазақша сөз үйренбеген мұндайлардың қылығы мүлде ерсі көрінсе керек. Осы жиынға онлайн режимінде қатысып отырған Майра Абдрахманова деген белсенді қарындасымыз дөңгелек үстелді ұйымдастырушыларды өлтіре сынады. Осылай тілді аяқасты еткен шала қазақтардың «үстелі» ырду-дырдумен аяқталды. Бәрінен бұрын іс-шара өтті деп «галочка» қойылды.

          Япыр-ай, бұл түрімізбен қайда барар екенбіз?!

Тезекбай Амандықұлы,

зейнеткер,

Шет аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы

Ертай Жәнібеков,

зейнеткер, аудандық

қоғамдық кеңестің мүшесі, «Ұлағат» Қазақ тілі қоғамы»

қоғамдық бірлестігінің төрағасы

                                                                                                      Қарағанды облысы

Тегтер: