Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 02 Маусым 2022

«Тілсіз жауға» қарсы дайындық басталды

None
None

Биыл Оңтүстіктің ауа райы мың құбылып тұр. Мезгіл жаздың басы болғанымен температура әлі отыз градустан асқан жоқ.

Бірақ ауа райын болжаушылардың айтуынша, алдағы аптадан бастап күн күрт ысып, 41 градусқа дейін баруы мүмкін. Осыған байланысты Түркістан облысының табиғат қорғаушылары мен өрт сөндірушілері орман және дала өрттеріне қарсы дайындықты бастап кетті.

Жуырда «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұйымдастыруымен Түркістан облысы орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемелері мен табиғат қорғау мекемелерінің орман және дала өрттерін сөндіру бойынша өзара іс-қимылы жөніндегі тактикалық оқу-жаттығу жиыны өтті. Жалпы бұл жылда өтетін шара болғанымен, дала, орман өрттерімен күресетін мекемелердің дайындығын пысықтайтын маңызды жиын болып есептеледі.

Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, бүгінде Түркістан облысы әкімдігіне қарасты 7 орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 3 миллион гектардан астам мемлекеттік орман қоры жері бекітілген. Орман шаруашылығы мекемелерінің негізгі міндеті – мемлекеттік орман қоры жерлеріндегі өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің өсімін молайту, қорғау және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету. Республика аумағында экологиялық ахуалды жақсарту үшін мемлекеттік орман қоры алқаптарына 2 миллиард түп ағаш көшеттерін отырғызу белгіленген. Облыс әкімдігі кешенді жоспар қабылдап, алдағы 5 жылда 132 мың гектар аумаққа 217 миллион, оның ішінде табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты мекемелермен 110 мың гектар жерге 170 миллион түп орман дақылдарын егуді қолға алып отыр. Былтыр орман қорының 15120 гектар аумағына 23 мың данаға жуық әр түрлі ағаш көшеттері егілді. Биыл 16 мың гектар аумаққа 23 миллионнан аса көшет егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мекемелердің тұқымбақтарында 30-35 миллион түп көшет өндіру бағытында жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің  бастамасымен Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту үшін 2019-2022 жылдары қала айналасынан 7700 гектар жерге «Жасыл белдеу» құру жоспарланып, бүгінгі таңға барлығы 13629 гектар жерге көшеттер егіліп, күтіп-бапталуда. Сонымен бірге Түркістан қаласы мен облыстың экологиялық ахуалын тұрақтандыру, «Жетікөл» көлдер жүйесінде суды тиімді пайдалану мен тұрғындардың демалыс аумағына айналдыру мақсатында 43 шақырымнан аса бөгет салынды. Бүгінде «Жетікөл» көлдер жүйесінде 300 миллион текше метр су қоры жинақталса, келешекте 500 миллион текше метр су жинау жоспарлануда. Аумақтағы флора мен фауналар тұрақты қорғауға алынып, жұмыстар жалғасуда.

Орман шаруашылығы мекемелерінің техникалық базасы мен штаттық бірліктері соңғы 2 жылда 2 есеге жуық ұлғайды. Орман шаруашылығы мекемелерінде жұмыс істеушілер саны 2018 жылы 707 бірлік болса, 2021 жылы 1332 бірлікке жетіп, өсім 88,4 пайызды құрады. Техникалар саны 2018 жылы 306 дана болса, қазіргі күнде 443 данаға жетіп, 44,8 пайызға өсті. 2021 жылы Созақ орман шаруашылығы мекемесіне 2 қабатты әкімшілік ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Мемлекеттік орман қоры аумақтарында орман күзеті қызметкерлерімен сұғанақтыққа қарсы күрес жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Былтыр Түркістан-Балтакөл бағытындағы арнайы аймақта облыстық орман шаруашылығы және орман қорғау мекемелерінің орман және дала өрттерін сөндіру бойынша өзара іс-қимылы жөніндегі тактикалық оқу жаттығу жиынында Өмірзақ Шөкеев орман шаруашылығы мекемелеріне 70 жаңа техника табыстаған болатын.

Мамандардың айтуынша, еліміздегі жалпы орман қорының 11,4 пайызы Түркістан өңіріне тиесілі. 

Тегтер: