Тина Трстеняк: Жолымды ашқан ел – Қазақстан
Алматыда өткен демалыс күндері кадеттер мен жастар арасында Беке Махмұтовты еске түсіруге арналған ашық Азия кубогы мәреге жетті. Әрқайсысы 6 алтын, 7 күмістен иеленген Қазақстан және Өзбекстан құрамалары топ жарды.
Осы сын барысында халықаралық және құрлықтық дәрежедегі төреші атанудан үміткерлер татамиде төрелік етіп қана қоймай, арнайы емтихан да тапсырды. Үміткерлер арасында Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері Асхат Житкеев те, Рио олимпиадасының чемпионы, словениялық Тина Трстеняк та болды. Жарыс аяқталатын күні Тинаны аз-кем сұхбатқа шақырып, Қазақстан туралы, қазіргі спорттық ғұмыры туралы сұрақ қойып үлгердік.
– Тина, Қазақстанға қош келдіңіз! Менің ойымша, Қазақстан сіз үшін ерекше ел болуға тиіс. 2015 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында сіз топ жарып, спорттағы үлкен жетістіктеріңізге қадам жасадыңыз.
– Иә, Қазақстан маған әрқашан ыстық. Ол кезде 2013 жылы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, 2014 жылы күміс жүлдегері атанып, алдағы күндері үлкен белестерді бағындыруға тәуекел етіп жүрген едім. Бірақ ол кезде менің бойымда кішкене қорқыныш бар еді. 2012 жылғы Лондон олимпиадасында 63 келі салмақ дәрежесінде словен қызы Уршка Жолнир топ жарды. Оған дейін біздің елдің ешбір дзюдошысы олимпиада чемпионы атанбаған еді. Бұл бізге үлкен серпін берді. Уршка спорттан кеткен соң, дәл сол салмақ дәрежесінде мен жақсы нәтиже көрсете бастадым. Алдымен 57 келіде сынға түсіп жүрдім, кейін 63 келіге толық ауыстым. Бапкерім Марьян Фабиан көре білді ме, әлде бәрінің орайы солай келді ме, нәтижем жаңа салмақта шынында да жақсара бастады. 2014 жылы Ресейдің Челябі қаласында өткен әлем чемпионатының ширек финалында израильдік Ярден Гербиден жеңіліп, ары қарай жұбаныш белдесулерін сәтті өткізіп, қола жүлдеге қол жеткіздім. Арада бір жыл өткен соң, Астанада өткен әлем чемпионатының финалында Кларис Агбеньенуді (Франция) қапы қалдырып, алтын жүлде тағындым. Аса ауыр өткен финалда даңқты қарсыласымнан бір вазари ұпайымен басым түскенімді әлі ұмытқан емеспін. Астананың есімде қалуының тағы бір себебі, жартылай финалда баяғы Гербиді де жолда қалдырдым. Сондықтан Қазақстан менің жолымды ашқан, олимпиада алтынына бата берген ел деп санаймын. Қонақжай халқы, тамаша табиғаты әрдайым есімде жүреді.
– Тамаша! Сіз Словения тарихындағы нешінші олимпиада чемпионысыз сонда?
– Мен бе? (Күліп алды). Бесінші олимпиада чемпионымын. 2000 жылғы Сидней олимпиадасында академиялық есуші жұп Изток Топ пен Лука Шпик тұңғыш рет чемпион атанды. Мерген Раймонд Девебец те Сиднейде алтын жүлде иеленді. 2008 жылы Бейжіңде – балға серпуші Примож Козмус, 2012 жылы Лондонда Уршка Жолнир олимпиада алтынына ие болды. Жалпы, тәуелсіз Словения тарихында екі дүркін олимпиада чемпионы атағына тау шаңғышы Тина Мазе ғана қол жеткізген. 2020 жылғы Токио олимпиадасының финалында Агбеньенуден жеңілмегенде, менің де сол қатарда тұруым мүмкін еді.
– Сонда спорттық ғұмырыңыздағы ең мықты қарсыласыңыз Кларис Агбеньену болғаны ғой сонда?
– Айтпаңыз! Екеуміз неше рет финалда кездестік десеңізші! Әлем чемпионаттарының финалында біресе мен (2015), біресе ол (2017) жеңді. Рио олимпидасының финалында – мен, Токио төрінде ол оза шапты. Дегенмен спорттағы ғұмырымда дәл сондай мықты қарсыласпен бәсекелес болғаным үшін де өзімді бақытты санаймын. Кларис сияқты мықтылар ешқашан босаңсуға жол бермейді. Сәл бабың келіспесе, алдыңдағы несібең сондай азулы қарсыласқа бұйырып кетті дей бер. Сондықтан Агбеньенумен бәсекелес бола жүріп мен өстім, спорттағы биіктеріме талмай ұмтылдым. Бірақ өмірде Кларис екеуміз өте жақсы доспыз, құрбымыз.
– Сіз әлем чемпионы да атандыңыз, олимпиадада да бас жүлде иелендіңіз. Спорттағы барлық биікті бағындырдым деп ойлайсыз ба?
– Бір қарағанда, спортқа еш өкпем жоқ. Иә, барлық спортшы армандайтын екі ұлы биікті де бағындырдым. Дегенмен кейде «Мазе сияқты екінші рет олимпиада чемпионы болғанда ғой» деп ойланып қаламын да, сосын ол ойымнан өзім шошып кетем. Қанағат! Мен де дәл Жолнир сияқты Целе қаласының тумасымын. Біздің қаламызда 50 мың ғана адам тұрады. Осы 50 мыңның ішінен екі бірдей олимпиада чемпионы шықты. Бұл керемет көрсеткіш емес пе?!
– 2022 жылы үлкен спортпен қош айтыстыңыз. Былайша, аса қартайып тұрған жоқсыз, отыздан енді астыңыз. Белсенді спортпен айналыса беруіңізге не кедергі болды?
– Ештеңе де кедергі болған жоқ. Токио олимпиадасы жалпы спортшылардың энергиясын көп шығындаған дода болды. Пандемияға байланысты біз бір жыл бойы әрі-сәрі күйде болдық. Олимпиадалар арасындағы кезең төрт емес, бес жылға созылып кетті. Токиода күміс жүлде иеленген соң мен біраз уақыт демалдым. Сосын татамиге оралғым келіп еді, бірақ бабыма енуім қиындау екені байқалды. Бапкерім М.Фабиан мені 2023 жылғы әлем чемпионатына баратын спортшылар тізіміне қоспаған соң, белгілі бір кезеңде тоқтай білген дұрыс деген шешімге келдім. 2023 жылдың соңына қарай шешімге нақты тоқтадым. Мен дзюдомен 1998 жылдан бері, яғни бес жасымнан айналыса бастадым. Бүкіл балалығым, жастық шағым осы спортқа арналды. Сондықтан табысқа жете отырып аяқтаған спорттық жолдың еш өкініші жоқ деп ойлаймын.
– Білуімізше, сіз Словения тарихында Еуропаны да, әлемді де, олимпиаданы да жеңіп алған жалғыз спортшысыз. Бұл да ерен жетістік қой!
– Иә, 2015-2017 жылдар аралығында бір мезетте үш үлкен жетістікке ие жалғыз спортшы болдым. Бұл шынында да ұлы жетістік. Осындай жетістікке менен бұрын небәрі жеті дзюдошы ғана қол жеткізіпті. Сондықтан ата-анам Борис пен Сильваға, бапкерім Фабианға, бірге жаттыққан командаластарыма рақмет айтамын.
– Енді Алматыда халықаралық дәрежедегі төреші атану үшін емтихан тапсырып, төрелік еттіңіз. Өзіңізді басқа салада сынап көргіңіз келмеді ме?
– Бапкер болғым келген жоқ. Оған табиғатымнан бейімім жоқ сияқты. Ал татамиде төреші болу ұнайды. Өзіміз күресіп жүргенде төрешілерге көп кінә артатын едік, мұның да оңай шаруа емес екеніне көзім жетті. Жұрт көрмегенді көріп, қара қылды қақ жара білу де үлкен өнер екен. Алматыда барлық сыннан сүрінбей өтіп, халықаралық дәрежедегі төреші атандым. Енді әлем чемпионаттары, «Алтын дулыға» турнирлері, т.б. байрақты бәсекелердің бәрінде төрелік жасай аламын. Міне, Қазақстан маған осындай тағы бір тамаша мүмкіндік ашып беріп отыр. Бұл елді жақсы көрмеу мүмкін емес қой!
– Қазақстан дзюдошыларынан кімді танисыз, қай спортшының болашағы бар деп білесіз?
– Біздің кезімізде Асхат Житкеевтің атағы дүрілдеп тұрды. Асхат мырза осы жолы менімен бірге халықаралық дәрежедегі төреші атану үшін емтихан тапсырды. Оның табысты болуына әрқашан тілектеспін. Ал жеңіл салмақта күресетін Елдос Сметовті дзюдо әлемінде білмейтін, құрметтемейтін адам жоқ. Алдағы Париж олимпиадасында ол алтыннан жүлде тағынса, спорттық ғұмырының тамаша белесі болар еді. Ал қыздар арасында Әбиба Әбужақынова жақсы келе жатыр.
– Сіз күрескен салмақ дәрежесінде, яғни 63 келіде Эсмигул Куюлова деген балуанымыз олимпиадаға барады.
– Тани бермеуім мүмкін, дегенмен оған да зор табыс тілеймін.
– Сол 63 келіде Париж олимпиадасында кім чемпион атануы мүмкін деп ойлайсыз?
– Менің ежелгі қарсыласым Кларисс Агбеньену әлі де бабында (бас бармағын шошайтты). Ол былтырғы әлем чемпионатында да жүлделі болды, қола жүлде иеленді. Кларисс жеке сында екі дүркін олимпиада чемпионы атанып жатса таңданбас едім. Одан бөлек, нидерландық Йоханна ван Лисхут, польшалық Анжелика Шиманска, косоволық Лаура Фазлиу, жапониялық Мику Такаичи сияқты мықтылар бар. Отандасым Андрея Лешкиге де ерекше сенім артамын. Ол екі рет әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды, бір рет құрлық додасын жеңіп алды. Қалай дегенде де, Париж олимпиадасында мықты жанкүйер ғана емес, жолым түсіп жатса, мықты төреші болуға да тырысамын.
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Жазып алған Есей Жеңісұлы