Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:15, 30 Мамыр 2023

Титрдан жеген тасбақа – «Жетінші арна»

None
None

Таяу арада, яғни 9 мамырда «Жетінші арнадан» «1941 жылдың жазы» атты көркем фильм көрсетілді.

Ұлы Жеңіс күніне байланысты телеарнадан берілген оны біз басынан аяғына дейін қызыға, тіпті қинала тамашаладық. Сонау сұм соғыстың адам баласының басына әкелген сұмдық зорлық-зобалаңын, есепсіз қайғы-қасіретін тағы да бар жан тәнімізбен сезініп байқап, осы алапат айқас өртін тұтатқандарға ішімізден сан мәрте лағынет айттық.

 Бұл шын мәнінде әскери (соғыс) драма дерліктей дүние екен! Фильмге жау тылындағы партизандардың жанқиярлық ерлігі арқау болған. Атап айтқанда, әйгілі партизан жазушы, филология ғылымының докторы, кезінде Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына жемісті жетекшілік еткен Әди Шәріповтың «Партизан қызы» және т.б халық кекшілдері жөніндегі еңбектерінің негізінде түсірілген.

Дұрыс, көрермен ретінде өте ризамыз! Бірақ осы орайда көңілімізге кірбің келтірген жайға да тоқталмай болмайтын секілді. Жо-жоқ, бұл фильмнің түсірілу деңгейі, көркемдік дәрежесі туралы емес. Басқа...

Жетінші арна өзінің жарнамалық роликтерінде аталған киноны тұңғыш рет көрсетіледі, яғни тұсаукесер деп жиі-жиі айтты… Біз де оны алғаш рет көріппіз. Бұрын осындай картина түсірілгелі жатыр деп бір газеттен оқығанымыз бар еді, бірақ басқа мәліметтерін білмейтінбіз.

 Сонымен екі сағаттық фильм де бітті, енді аяғындағы жазылған титрге тесіле қарадық. Ал ол болса көз ілеспес жылдамдықпен жоғары қарай зымырай берді, зымырай берді… Сонда киноның режиссері кім, басты рөлде ойнаған әртіс кім, қай жерде түсірілді. Міне, мұның бәрі де біз үшін (киноны көрген барлық қазақстандық үшін деп оқыңыз) жұмбақ болып қалды!

 Айналайын-ау, осылай да бола ма екен?! Жарайды, осы арнадан ол бұрын бірнеше рет көрсетілсе бір жөн. Алайда «Тұсаукесер» деп бадырайып тұрып жазылды емес пе? Ендеше, телекөрерменді сыйлап, оның «жадына жатталар фактілерді» тізіп бергеніміз дұрыс еді ғой!

 Осы тұста, реті келіңкіреп тұрғандай, мына бір мәселені де айтқымыз келеді. Ол Жетінші арнаға ғана емес, барлық арнаға да қатысты. Әжептәуір болып, бір кино көріп отырсыз делік. Әлгіні, қырық рет тоқтатып, қырық рет жарнама береді. Жарайды, (қаптаған жарнамадан фильмнің басын ұмытып қалатын жағдай да кездеседі) бұған да көндік. Ал енді фильм бір дауыс деңгейінде беріледі де, жарнаманы қосқанда ол «зорайып» шыға келеді… Яғни құлақты жаратындай дәрежеге жетеді. Сонда біз қайтеміз – пультті де қырық рет күшейтіп, қырық рет төмендетеміз бе?.. Біз де осы заманның адамымыз, түсінеміз, білеміз. Мұның бәрі де жаһанды жайлаған жарнаманың құдіреті! Бұған еш тоқтау жоқ, өйткені уақыт солай, заман сондай. Бұл шындығына келгенде, өңмеңдеп, өршеленіп, өз өнімдерін өткізуге ұдайы ұмтылатын, осы арқылы байып отырған трансұлттық компаниялар ұстанған саясаттың жемісі мен жеңісі… Яғни жазылмаған заңы деп ойлаймыз. Телеарналар қайда қашып құтылады, әсіресе жекешелері. Өстіп өздері де осы арқылы күн көреді ғой! Жарнама, әрине, олар үшін пайданың негізгі көзі!

 … Енді ақырын қарағанда ұсақ-түйек нәрседей көрінетін негізгі әңгімемізге қайта оралайық. Иә, «1941 жылдың жазы» киносын кімдер түсіргенін, басты кейіпкерді кім сомдағанын, Жылбек пен Жамалдың рөлінде кімдер ойнағанын білмей қалдық. Әлде, телеарна басшылығы мұны ғаламтордан да анықтауға болады дей ме екен? Ал оны қолдана алмайтындар қайтпек керек?! Бір-екі жарнаманы уақытша «үнемдеп», соның орнына титр жазуын жайлап жылжытуға болар ма еді?! Әй, қайдам, тек жарнама, пайдасын қуғандар мұндай «игі іске» бара қояр ма екен...

 Сіздер, ардақты ағайын, аталған кино туралы мәліметтерді білесіз бе?

 

Тегтер: