Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:48, 10 Қазан 2023

«Тыйым салынған» музейдегі көрме

музей
Фото: cdn.getyourguide.com/

2023 жылдың 28 қыркүйегінде аспан асты елінің бас шаһары Бейжің қаласындағы «Гугун» император сарайы мұражайында халықаралық «Бір белдеу, бір жол» жобасының 10 жылдығына арналған «Мәдени мұра және археология саласындағы ынтымақтастық» атты археологиялық көрме ашылды.

Еліміздің тарихи-мәдени мұраларымызды шетелдерде танымал ету, мәдениетімізді дәріптеуді мақсат еткен көрме Қазақстанның Қытай елімен бірлескен археологиялық қазба жұмысын жасау туралы жобасының аясында ұйымдастырылып отыр. Бейжің қаласындағы Қазақстан елшілігінің ұсынысымен ҚР мәдениет және спорт министрлігінің «Есік» музей-қорығы көрме тұжырымын, тақырыптық-экспозициялық жоспарын жасап, өз тарихи жәдігерлерін жеткізді.

Бейжіңдегі «Тыйым салынған» музейінде ұйымдастырылған көрме Қытай мен Қазақстаннан өзге Өзбекстан, Сауд Арабиясы елдерінен келген 80-нен астам тарихи жәдігерлермен толысты. «Тыйым салынған» қала атауымен белгілі «Гугун» мұражайы император сарайының негізінде салынған Қытайдағы ең үлкен мұражайлардың бірі және ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген алғашқы қытайлық нысан.

Халықаралық көрме «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясындағы елдер арасындағы археологиялық ынтымақтастықтың нәтижелеріне арналған «Мәдени жәдігерлер – алуан түрлі өнердің интеграциясы», «Ізденіс – мәдени алмасулардың дәлелі», «Ынтымақтастық» – бірлескен археологиялық жетістіктер» және «Кеңейту – өркениетке жол ашу» деп аталатын төрт санатқа бөлінген.

Көрменің ашылуына ҚХР Мәдениет және туризм министрі Ху Хэпин, Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымы хатшылығы жанындағы тұрақты өкілі Н.Аққошқаров, Өзбекстан п р е з и д е н т і н і ң к ө м е к ш і с і С.Мирзиёева, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қытайдағы елшісі Хусейн бен Ибрахим ә л - Х а м м а д и , Ш Ы Ұ Б а с хатшысы Чжан келіп қатысты.

Қазақстан делегациясы атынан «Есік» музей-қорығы директоры Гүлмира Мұхтарова және бөлім жетекшісі Жазира Құрбанәлі қатысып, Қазақстанның мәдени ерекшелігіне тоқталып, тарихи жәдігерлерін таныстырды. Еліміздің тарихи-мәдени мұраларын күллі дүниеге паш етіп отырған ауқымды көрме барысын «Есік» музей-қорығы директоры Гүлмира Райылқызының өзінен сұрап білген болатынбыз. Алғашқы сұрағымыз музейдің жаңалығы туралы болды.

– 2016 жылы «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы бойынша «Есік» қорық-мұражайы Сиян провинциясындағы Шәнси археология институтымен бірлесіп, Рахат қалашығына археологиялық қазба жұмыстарын жасау бойынша жоба дайындап, меморандумға қол қойған болатынбыз. Соның нәтижесінде 2017 жылы Қытай елінен археолог әріптестеріміз келіп, барлау жұмыстарын жасау нәтижесінде Рахат ескерткішіне тоқталған болатын. Аталмыш ескерткішті зерттеуді, яғни қазба жұмыстарын біз 2017 жылдан бастадық. Алғашқы 2 жыл бойы Қытай әріптестеріміз өз тарапынан қаржыландырды. Кейін мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен қолданбалы зерттеу бағдарламасын ұтып алу арқылы екіжақты қаржыландыруға көштік.

– Рахат қалашығына ерекше назар аударылуының себебі неде?

– Кезінде Алтын адамды тапқан Бекен Нұрмұханбетов ағамыз осы Рахат қаласын сақтардың ақордасы, шыққан жері болуы мүмкін деген болжам айтқан болатын. Қытайдан археолог әріптестер келген кезде біз осы қалыптасқан тұжырымды алға тарттық. Сөйтіп, 2017 жылдан бастап өңірде бірлескен қазба жұмыстарын жүргізе бастадық. Осы қарқынмен 2019 жылға дейін жасалған зерттеу жұмысы пандемия кезінде кедергілерге ұшырап, 3 жыл бойы өз бетімізше зерттеу жұмыстарын жалғастырдық. Қазіргі таңда көрші ел ғалымдарымен серіктесіп, қазба жұмысын қайта қолға алып отырмыз. Алдында айтып өткенімдей, бастапқыда Рахат қалашығын зерттеу бойынша Қытай елімен жасалған 5 жылдық келісімшарт уақыттың бітуіне байланысты биыл қайтадан келісімшартқа қол қойдық. Жалпы алғанда Рахат қалашығында біз 7 жылдан астам уақыт қазба жұмыстарын жүргізіп келеміз. Нәтижесінде, осы уақытқа дейін бұл тарихи ескерткішті біз сақтардың ақордасы деп қарастырып келген болсақ, қазіргі кезде Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан сонау тас дәуірінен бастап орта ғасырға дейінгі елдімекен, әр кезде әртүрлі халықтар мекендеген нысан екенін анықтап отырмыз.

– Осы зерттеу нәтижесінде қандай тарихи жәдігерлерге кез болыңыздар?

– Табылған жәдігерлердің жалпы саны 800-ден астам. Олардың басым көпшілігі қыш ыдыстардың сынықтары. Енді оларды қалпына келтіру, зерттеу жұмыстары жасалуы керек. Темір дәуіріне, орта ғасырға жататын заттарды, жергілікті халықтың пайдаланған заттарын, шаруашылық шұңқырларын, қыш ыдыстар дайындайтын шеберханалардың, су құбырларының орындарын таптық. 2018 жылы ерте Түрік дәуіріне жататын кешенді тапқан болсақ, биылғы жылы шағын елдімекен орнын анықтап отырмыз. Жақында «Есік» музейінде осы Рахат қалашығынан табылған заттар бойынша үлкен көрме ұйымдастырдық.

– Көрмеге Алтын адамды қою ұсынылды ма?

– Ол жерде Алтын адам туралы көп айтылды дей алмаймын. Себебі көрменің өзі «Бір белдеу, бір жол» халықаралық бағдарламасының 10 жылдығына арналғандықтан, қытай-қазақ археологиялық қазбалар нәтижесіне көбірек көңіл бөлінді. Біз Алтын адамды, оның суретін қоюды ұсындық. Бірақ олар өздерінің көзқарасы бойынша ондағы детальдардың үлкейтілген бейнесін қоюды жөн көрді. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз де көрмеге жанжақты дайындалдық. Оның үстіне күніне 40000-нан астам адам келетін бұл көрменің бізге өз тарихымызды әлем жұртшылығы алдында көрсетуге мүмкіндік беретіндігімен маңызы жоғары болып отыр. Әр экспонат бойынша аннотация, видеороликтер беріліп, экскурсиялар жүргізілді. Уақыттың қысқалығына қарамастан, барынша өзіміздің артефактілеріміз туралы мәліметті толығымен беруге тырыстық.

– Бұған дейін сақтар өркениетінің орталығы болған Өрікті қаласы туралы археолог-тарихшы К.Байпақов та, Б. Нұрмұханбетов те талай рет айтып келген. Ол жерде археологиялық зерттеу жұмыстары жүрізілді ме?

– Өріктіні кезінде біз өзіміздің қорғау аймағымызға енгізген болатынбыз. Бекен ағаның көзі тірісінде біз бұл жерде қазба жұмысын жасап, біраз заттар таптық. Одан кейін де халықтық қазба жұмыстарын жүргізіп келдік. Сол Өріктінің жоғарғы жағында Оңтүстік Корея ғалымдарымен бірлесіп бірнеше қазба жұмыстарын жүргізгенбіз. Ол жерде әлі де болса қорғандар бар. Бірақ нақты біздің қорғау аймағына алған аумағымыз түгел зерттеліп бітті десек болады. Өкінішке қарай, ол жер қазіргі жерлеу орнына айналған, кейбірі жеке адамның меншігіне өткен. Біз өз тарапымыздан мүмкіндігімізше мұны тоқтатуға тырысып бағудамыз. Өрікті қаласы әлі де зерттеледі. Ескерерлік бір жайт, бұл Өрікті, Рахат деген қазіргі ауылдардың атымен аталған шартты атаулар болғанымен, тарихи тұрғыда бір аймақтың, бір кезеңнің, бір өркениеттің ескерткіштері. Сол үшін біз Өріктіні де, Рахат археологиялық кешеніне жатқызып зерттейміз.

– Есіктегі қорық мұражайының ауқымын кеңейту туралы да көп мәселе қозғалғанын білеміз. Осы тұрғыда қандай жаңалықтар бар?

– Қазір бізде «Сапар орталығы» салыну үстінде. Биылғы жылдың соңына дейін салып бітіру жоспарланып отыр. Содан кейін біз экспозиция құруға кірісеміз. Сонда Алтын адамның арнайы залы ашылып, сүйегі консервіленіп, жер қойнына салынатын болады. Біз Алтын адамның алтынына ғана мән беріп, оның тарихи-мәдени ерекшелігін ұмыт қалдырамыз. Тіптен оның шын мәнінде кім болғанын, ұл ма, қыз ба оны да ажырата алмадық. Мәселен, Алтын адаммен бірге табылған тостағандағы жазу қазір де сыры ашылмаған үлкен тарихи дерек. Бұл дегеніміз – сақ дәуірінің өзінде үлкен өркениеттің, жазу мәдениетінің болғанының дәлелі. Өкінішке қарай, ондағы жазба да бізге құпия күйінде қалып отыр. Ең соңғы рет оны зерттеген Александр Гаркавец өз нұсқасында «Ер қыз» деген жазу екендігін, яғни Алтын адамның қыз екендігін айтқан. Демек, бұл да алдағы уақытта зерттеуді талап ететін маңызды жайт.

– Алтын адамның түпнұсқасы Есікке көшірілуі мүмкін бе?

– Енді ол үлкен мәселе. Әрине, біз музей мамандары ретінде табылған жәдігердің музейлік коллекция ретінде өз орнында болғанын қалаймыз. Алтын адамның өзі де, бірге табылған заттары да Есік қорық-мұражайында сақталса аймақтағы инфрақұрылымға да, туризм саласында да үлкен ілгерілеушілікке себеп болар еді. Бұдан Ұлттық музейдің деңгейі де төмендеп қалмас еді. Дегенмен шетелдегі музейлермен салыстырғанда біздегі музейлердің төрт құбыласы түгел емес екенін мойындау керек.

Сұхбаттасқан – Қосқанат БАУЫРЖАН

Тегтер: