Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:13, 28 Қыркүйек 2023

Тоғызқұмалақтан топ жарды

чемпионат
Фото: ашық дерек

 Қазақстан тоғызқұмалақтан әлем чемпионатында топ жарды. Жарысқа әлемнің әр түкпірінен 17 мемлекет қатысып, барлығы 210 спортшы бақ сынады

Қазақстан тоғызқұмалақтан әлем чемпионатында топ жарды. Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясы мен Алматы қаласы Тоғызқұмалақ Федерациясының мұрындық болуымен 20-25 қыркүйек арасында Алматы қаласында тұңғыш рет жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты өтті. Жарысқа әлемнің әр түкпірінен 17 мемлекет қатысып, барлығы 210 спортшы бақ сынады. 15 пен 17 жас категориялары бойынша жүрілген чемпионатта еліміз 8 алтын медальді қанжығалап, жалпы командалық есепте оқ бойы алға шықты. Төрткүл дүние бас қосқан төрт күндік тартысты доданың барысын, Алматы облысы командасының бас бапкері, Қонаев қаласында шахмат және үстел ойындарынан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәлімгері Ернұр Алиакбар мырзадан сұрап білген болатынбыз.

—Чемпионат барысы қалай өтті? Жарыс нәтижесіне көңіліңіз толды ма?

—Жалпы, әрине, нәтиже жаман емес. Қазақстан бойынша үш облыс ерекше көзге түсті деуге болады. Ол Түркістан, Павлодар және Алматы облыстары бір-бір комплекттен, яғни алтын, күміс, қола медальдар жеңіп алды. Бапкер ретінде өзіміздің командаға көңілім толады. Шәкірттердің бағы мен бабы да қоса шапты дей аламын. Алматы облысынан шыққан 3 жеңімпаздың екеуі біздің Қонаев қаласындағы шахмат және үстел ойындарынан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері. Біздің мектеп биыл ғана ашылғанмен, қазірдің өзінде елеулі жетістіктерге жетіп отыр. Осы жарыста бірінші орын иеленген шәкіртіміз Батыр Ернұр Қазақстан бойынша 8 дүркін чемпион болған. Шешуші соңғы ойында ол Қырғыз Республикасы мен Азия чемпионы Байымбет Сейдахметовпен бетпе-бет келіп, жеңіп шықты.

—Аталмыш додаға 17 мемлекеттен қатысушылар келген екен, шет елдіктер біздің ұлттық ойынға қаншалықты қызығады? Қай команданың салымы басым болды?

—Енді, бұл біздің ұлттық ойын болғандықтан, Қазақстан өзгелерден бір бас биік тұратыны түсінікті, әрине. Қарсыластар арасынан Қырғыз Республикасы мен Моңғолияның деңгейі жоғары. Алайда осы жолы атап өтерлік ерекше құрам Колумбия командасы болды. Колумбиялық 4 қатысушының 2-і орын алды. Испаниялықтар да құр қол қайтқан жоқ. Жалпы біздер үшін осы ұлттық спортымыздың әлем елдерінде кең таралып, дүйім жұртшылықтың қызығушылығына ие болып жатқанының өзі үлкен жеңіс деп білемін.

—Тоғызқұмалақ шетелдерде қалай насихатталады?

Алматы қаласында 2015 жылы ересектер аласында әлем чемпионаты өткен болатын. Сол кезде колумбиялық азамат алғаш рет келіп қатысып, 3-орынды иеленіп үлкен әсермен қайтқан. Енді сол кісі өз елінде осы тоғызқұмалақты қолға алып, іске кіріскен екен, нәтижесі көрініп тұр. Негізі шетелде, Колумбия, Чехия, Англия сияқты елдерде неше түрлі интеллектуалды ойындардан Дүниежүзілік интеллектуалды ойындар чемпионаты өтеді. Сол жерде дүниежүзілік федерация өкілдері тоғызқұмалақты жұртшылыққа танытқан. Тоғызқұмалақ қазірдің өзінде шетелдіктер арасында өзінің күрделілігімен, тереңдігімен ерекше қызығушылыққа ие болып отыр. Чемпионат барысында Қытай, Бангладеш сияқты елдер өздері жасаған тақталарын алып келіп жатты. Мұның өзі үлкен көрсеткіш.

– Аталмыш шара еліміздегі тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында әлемдік деңгейде өткізілген алғашқы чемпионат. Жарысқа әзірлік қалай болды?

Иә, бұрындары осындай әлемдік спортшылар бас қосқан чемпионаттар ересектер арасында ғана өтетін. Биыл алғаш рет жасөспірім арасында өтіп отыр. Бұған дейін бірнеше рет Азия чемпионаты жасөспірімдер арасында өткен. Мұның өзі осы әлемдік деңгейге шығу үшін қажетті дайындық кезеңі болды деуге болады. Ал чемпионат барысына келер болсақ, ұйымдастырылуы жоғары деңгейде болды. Дүниежүзілік және ҚР Тоғызқұмалақ спорты Федерациясы, Алматы қаласы Тоғызқұмалақ Федерациясы, Ұлттық спорт түрлері орталықтарының ұйымдастыруымен Спорт қорының қолдауымен АDD үстел теннисі орталығында салтанатты түрде өткізілді. Жарыстың жалпы жүлде қоры 8 миллион теңге болды.

—Елімізде балалар, жасөспірімдер арасында ұлттық спортқа қызығатындар көп пе?

—Жалпы тоғызқұмалақ еліміздің көп өңірлеріндегі спорт мектептерінде тоғызқұмалақ жолға қойылған. Сол үшін бәсекелестік те мықты болып тұр. Дегенмен өз елімізде болсын, шетелдерде насихаттау мәселесінде болсын кадр мәселесіне барып тірелеміз. Үйрететін, ары қарай дамытатын мамандар жетіспей жатыр. Мәселен, жоғарыда айтып өткен Колумбия сияқты елдер бізден тоғызқұмалақты үйретуге мамандар сұрайды. Оған да біздің әлеуетіміз жетісе бермейді. Енді келешекте мүмкіндік болса, оны да іске асыра жатамыз деп ойлаймын.

—Спорт мектебіне балаларды қалай іріктеп аласыздар?

—Жалпы балалар арасында қызығушылық жоғары деңгейде деп айта аламын. Біздің спорт мектебіміз тоғызқұмалақтан өзге де шахмат, дойбы сияқты үстел ойындарына арналатындықтан, 7-8 жастан бастап балалар көптеп жиналады. Кейін қабілетіне, бейімдігіне байланысты шәкірттер іріктеледі. Бұл енді ұзақ жылдардың жемісі ғой. Мәселен, осы жолы бірінші орын алған шәкіртімнің жасы небәрі 17 жаста болғанымен, тоғызқұмалақпен айналысқанына 8 жылдай болған.

—Басқа да қалалық, аудандық, облыстық деңгейлерде қаншалықты жиі ұйымдастырылады. Халық арасында ұлттық ойын қаншалықты насихатталады?

—Мысалы бізде жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын облыстық тоғызқұмалақ чемпионаты бар. Оған облыстағы барлық 9 аудандағы мектептерден қызығушылығы бар балаларды мұғалімдері әкеліп қатыстырады. Біз спорт мектебі болғасын, көбіне санға емес, сапаға көңіл бөлеміз. Ал жалпы халық арасында насихаттау өңірдегі спорт федерациясының міндеті деп ойлаймын. Бұл тұрғыда түрлі шаралар, жұмыстар жүргізіліп те жатыр. 9 қыркүйек бізде арнайы тоғызқұмалақ күні ретінде белгіленген. Соңғы жылдары бұл күн республика бойынша жақсы аталып өтіліп жүр. Биыл тоғызқұмалақ күнінде Алматы қаласында 2028 бала бір уақытта тоғызқұмалақ ойнап, Қазақстан рекордтар кітабына енді. Ұлттық спорт түрлерінен тоғызқұмалақ халық арасында кең таралған, ресми деректер бойынша Қазақстанда 200000 адам тоғызқұмалақпен айналысады.

Cұхбаттасқан –

Қосқанат Бауыржан

Алматы облысы

Тегтер: