Той түбімізге жетпесін...
«Қымбашылық бетімен кетті» деп шуласақ та, қазақтың тойға деген «аппетитіне» тыйым болмай тұр.
Жақында ғана атақты бір асабаның биылғы жылдың қазан айына дейінгі күнтізбесінде бос күн жоғын көріп, той дегенде бұл қазақты ештеңе тоқтата алмайтынына көзім жеткендей болды. Тіпті індет кезінде тойға тыйым салынса да, жасырын той жасап, уақыт сұранысына сай бейімделе алмадық. Көзге түскені айыппұл төледі, көзге түспегендері індеттің одан әрі өршуіне ықпал етті. «Сол тойдан соң бір әулеттен бірнеше адам кетті, садақаға барып келген соң, екі-үш күн ауырып қайтыс болыпты» деген әңгіме желдей ессе де той тыйылмады.
Кинотанушы Әсия Бақдәулетқызы бір сұхбатында «Түсіріліп жатқан соңғы кездегі фильмдерді қарасаңыз, тақырыптарынан-ақ түсінуге болады қазақта үйленуден басқа проблема жоқ» деп еді. Киномызда да, телеарналарымызда да, күнделікті өмірде де той тойлап жүрміз. Той өткізуді бәсекеге айналдырып алғандарды қымбатшылық та, жоқшылық пен жұмыссыздық, тіпті жаппай індет таралу қаупі де алаңдатпайтын сыңайлы.
Киюге келмейтін киіттер...
Той өткізуді бәсекелестікке айналдырғанымыз соншалық – қазір тойда алыс-берісте киілмейтін шапандар мен ешқашан көйлек болып тігілмейтін маталар өріп жүр. Ешкім күнделікті тұрмыста қолданбайды, жай ғана қолдан-қолға өтіп жүреді. Тіпті тойдағы рәсімдерді жасау кезінде көзбояушылыққа баратынымызды, киілмейтін шүберектерді бір-бірімізге тасып жүретінімізді түсініп алған Қытайлар жағасы үлкен өлшемді, ал денесі бірінші сыныпқа баратын балаларға да сыймайтын ер адам көйлектерін шекара асырып, тонналап кіргізуде. Қырғыздар да матасы үлбіреген, сырты ғана жылтыраған, алайда, қоржын ретінде теңдеп тәттілер, жеміс-жидек салуға келмейтін қоржындарды базарымызға толтырып қойды. Айтпақшы, қоржынның сыртына қадайтын, кілт таққыштар мен майда ойыншықтармен де қырғыздар қамтамасыз етуде. Болмайтын майда-шүйделер той арқылы қалтамызды сыпыруда. Мақала жазу барысында Алматыдағы көпшілік қырғыз базар атап кеткен, негізінен құдалықтың, тойдың заттары сатылатын «Арлан» базарына арнайы бардық. Еліміздің әр бұрышынан келген, «тағы да карантин басталып кетпей тұрып той жасап алайық» дескен ағайын базарда толып жүр екен. Өзін Әлия деп таныстырған орта жастардағы әйелден сыр тарттық. «Таразда немере ағамның баласы үйленейін деп жатыр еді. Алматыда таңдау көп қой деп, құдалықтың керек жарағын маған тапсырды. Қоржында 4500-ге алдым, ал сыртына тағатын салпыншақ, майда шүйдені 8000 теңгеге алдым. Жалпы құдалар жақ киітте аты аталуы тиіс 22 адамды жазып берген екен, киітке 1 400 мың теңге кетті. Бұл қайта үнемдеп жатқанымыз. 14 адамға ғана алтын алдық. Киіттің де ортаңқолдауын алып жатырмыз. Киілмейді дегенде, енді ырымы ғой… Аталуы керек, жолы жасалуы керек дегендей» дейді.
Маған көрсетіп жатқанда қоржынның сыртына тағатын кәдесый ретінде жасалған кілт таққыш клейінен ажырап жатты. Ыңғайсызданған Әлия «қытайдікі ғой, тезірек беріп құтылмасақ, бұлар осындай» деді ұяла. Осылайша, бұл қазақтың тойы қазақтан басқасының бәрін асырап тұр. Намыстанатын-ақ жағдай. Киілмейтін көйлектері мен ғұмыры бір-екі күннен аспайтын, кәдесыйларымен ақ қазақтың ақшасын сорып отырғандарға не деп ренжисің?! Алдымен өзіміз соларды айналымға кіргізіп, тойдың бір бөлшегі ретінде пайдаланып, қалтамыздағы қаржы жетпесе несиеге алған ақшамызды салып, олардың тауарының өтімділігіне ықпал етіп отырмыз. Қысқасы, қазақтың тойы расында да өзімізден гөрі өзгелерді асырап жатыр.Алайда алыс-берістің басқалардың көзімен осыншалықты деңгейде төмендеуі, той өткізу форматына өзгеріс енгізу керек екенін айғақтайтындай.