Тоқаев Ашхабадта Грузия премьер-министрімен кездесті
Ашхабадта өткен халықаралық форум аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Грузияның премьер-министрі Ираклий Кобахидземен кездесті.
Мемлекет басшысы Грузияның Оңтүстік Кавказ өңіріндегі Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала беретінін атап өтті.
Оның айтуынша, екі ел арасындағы қарым-қатынас көпжылдық ынтымақтастыққа, халықтарды байланыстыратын тарихи жақындық пен достық байланыстарға негізделген. Тараптар саяси диалогтың, сондай-ақ экономикалық және гуманитарлық байланыстардың жүйелі түрде дамып келе жатқанын растады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Грузия арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев әсіресе көлік-логистика және сауда-экономикалық салада өзара іс-қимылды күшейтуге айтарлықтай әлеует бар екенін атап өтті.
Айта кетейік, Президент Тоқаев 11 желтоқсанда Ашхабадқа «Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылы» аясында ұйымдастырылған форумға қатысу үшін келген болатын.
Қазақстан мен Грузия басшыларының байланысы бұған дейін де жоғары деңгейде жалғасқан. Биылғы ақпан айында Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Ираклий Кобахидземен келіссөздер өткізіп, Грузияда соңғы жылдары жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесінде қол жеткізілген экономикалық өсімді (9,4%) жоғары бағалаған еді.
Президент Қазақстан мен Грузияның парламенттер, үкіметтер және мемлекеттік органдар деңгейінде тиімді ынтымақтастық орнатқанын атап өткен. Сол кездегі кездесуде Грузия премьер-министрі Қасым-Жомарт Тоқаевты Грузияға ресми сапармен келуге шақырған болатын.
Осылайша, Ашхабадтағы кездесу екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге және өңірлік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған саяси диалогтың жалғасы болды.