Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:34, 11 Желтоқсан 2025

Тоқаев Ашхабадта Түрікменстан президентімен кездесті

1
Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадқа жасаған жұмыс сапары барысында Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен кездесті.

 Мемлекет басшысы түрікмен халқын Түрікменстанның тұрақты бейтараптық мәртебесінің 30 жылдығымен құттықтап, бұл ұстанымның қазіргі күрделі халықаралық жағдайда айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы соңғы мемлекеттік сапар аясында қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асу барысын талқылады. Сондай-ақ сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары сөз болды. Президент Тоқаев Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық әріптестік өзара сенім мен тату көршілік қағидаттарына негізделгенін атап өтті.

1
Фото: Ақорда

Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық бейбітшілік пен сенім жылы, Халықаралық бейтараптық күні және Түрікменстанның тұрақты бейтараптығының 30 жылдығына арналған халықаралық форумның жұмысына қатысты. Форумда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы түрікмен халқының ұлттық көшбасшысы Гурбангулы Бердімұхамедовті және Президент Сердар Бердімұхамедовті тарихи мерейтоймен құттықтады.

Президент Тоқаев Түрікменстанның бейтараптыққа негізделген саяси бағыты Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылық пен орнықты дамуға елеулі үлес қосқанын атап өтті. Оның айтуынша, форумда айтылған бастамалар XXI ғасыр жағдайында бейтараптықтың оң рөлін жаңаша қырынан көрсетуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы Түрікменстанның позитивті бейтараптық саясаты түрікмен халқының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени дәстүрлері мен рухани құндылықтарымен табиғи үйлесім тапқанын айтты. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев түрікмен классикалық әдебиетінің негізін қалаушы, ойшыл Махтумқұлы Фрагидің «Бейбітшілік бар жерде мемлекет нығаяды, әділет бар жерде сенім артады» деген сөзін келтіріп, бұл идеялардың бүгінгі халықаралық ахуал жағдайында өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті.

Тегтер: