Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:39

Тоқаев Астанада Мишустинді қабылдады: 25 млрд долларлық жобалар талқыланды

 Мишустин мен Тоқаев
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинді жұмыс сапарымен қабылдады.

 Кездесу барысында тараптар екіжақты экономикалық серіктестікке қатысты рекордтық көрсеткіштерді және Ресей президенті Владимир Путиннің алдағы сапарына дайындықты талқылады.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық ауқымын нақты сандармен сипаттап өтті. Тоқаевтың айтуынша, Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық әрі инвестициялық әріптесі болып отыр.

«Құны шамамен $25 млрд болатын 122 ірі жоба жүзеге асырылды. Сауда айналымы $30 млрд-қа таяп қалды. Бұларды жетістік деуге толық негіз бар», – деді Президент.

Мишустиннің Шымкенттегі цифрлық форум мен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысуы екі ел арасындағы ерекше қатынасты растайтыны атап өтілді.

Владимир Путиннің сапарына дайындық

Тараптар Ресей президентінің мамыр айында Қазақстанға жоспарланған мемлекеттік сапарына дайындыққа айрықша көңіл бөлді. Астана бұл сапарды одақтастық қатынастарды нығайтатын маңызды оқиға ретінде бағалап отыр.

Михаил Мишустин өз кезегінде Ресей басшысының сәлемін жеткізіп, алдағы кездесу күн тәртібін екі ел үкіметтері егжей-тегжейлі пысықтап жатқанын атап өтті.

Референдум және жаңа Конституция

Ресей премьер-министрі Тоқаевты елде өткен жалпыхалықтық референдумның сәтті өтуімен және жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады.

«Референдум сіздің тиімді мемлекет құру және азаматтардың әл-ауқатын арттыру жолындағы бағытыңыздың жалпыхалықтық қолдауға ие болғанын көрсетті», – деді Мишустин.

Кездесу соңында екі тарап өңірлік және жаһандық мәселелер бойынша пікір алмасты.