Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 29 Қаңтар 2025

Тоқаев айтқан соң жым болған Бектенов ескі әуеніне қайта басты

бектенов и смаилов
Фото: kaztag

Осыдан тура бір жыл бұрын, 2024 жылы ақпан айының басында үкімет тарап, көпшілік «әне кетеді, міне кетеді» деп күтіп жүрген премьер-министр Әлихан Смайылов креслосын босатты. Ал оның орнына ешкім күтпеген Олжас Бектенов жайғасты.

Министрлер кабинетінің кезекті рет «өз міндетін атқара алмай» тарауына елдің экономикалық жағдайы әсер еткені анық. Бұл тұжырымға бірнеше дәлел бар. Біріншіден, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Смайылов үкіметін қайта-қайта сынап, ушыққан экономикалық ахуал мен шектен тыс қымбатшылық туралы үнемі айтып жүрді. Мысалы, 2023 жылы инфляция – 20,7 пайызға жетіп, азық-түлік бағасы – 25,7 пайыз өскен.

Екіншіден, жұртты дүрліктіріп үкімет тарағанда 21 министрліктің төртеуінде ғана басшы ауысты. Өзге министрлер жылы орнынан жылжыған жоқ. Смайыловпен бірге үкіметтен кеткен 4 адамның екеуі – экономикалық сектордың «серкесі», қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров болатын. Ел экономикасына жауапты шенділердің бір уақытта қызметтен кеткенінің өзі бұл салаға шұғыл өзгеріс қажет екенін аңғартып тұрды.

Бірақ әр қадамы парадоксқа толы қазақ билігі тағы тұманды жолға түсті. Экономиканы реттеу үшін үкіметті таратқанымен, премьер-министр лауазымына экономист емес, заңгерді әкелді. Бұрынғы антикор басшысы бастаған үкімет өткен бір жылда ешқандай жаңашылдығымен, іскерлігімен көзге түсе алмады. Министрлер кабинеті мимырт жүрісінен, Бектенов Смайылов салған жолдан жаңылған жоқ. Тіпті Смайыловпен бірге кеткен қосымша құн салығы (ҚҚС), «онлайн аударымдарға салық салу» сияқты әңгімелер қайта су бетіне шықты.

Бектенов Смайыловтан асып түсті

2023 жылы сол кездегі премьер-министр мен экономика министрі қосымша құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға көтеруге білек сыбана кіріскен. Әлібек Қуантыров ҚҚС-ның көтерсек, қазынаға қосымша 2,4 трлн теңге түсіп, бюджеттің бүйірі толады деп қуанып жүрді. Бірақ президент салықты өсірмей, бюджетті толтыратын басқа кіріс көзін табуды тапсырды. Алғаш премьер болғанда Бектенов те жағдайды оңайтын басқа амал табуға уәде еткен.

Бірақ арада бір жыл өтпей жатып Бектенов те, ол басқарған үкімет те уәдесін ұмытып, ескі әніне қайта басты. Тіпті олар Смайылов 16 пайызға көтере алмаған қосымша құн салығын 20 пайызға жеткізгелі отыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев үкіметте өткен брифингте айтты. Оның айтуынша, ҚҚС мөлшерін 12-ден 20 пайызға көтеру мәселесі талқыланып жатыр. Ол үкімет бүкіл экономиканы ҚҚС жүйесімен толық қамти алса, оны 12, 15, 20 пайызға көтеру ешбір бизнеске елеулі әсер етпейді деп санайды.

Үкімет ҚҚС-ты өсіруді талқылап жатқанын ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов те растады. Оның айтуынша, ҚҚС өссе, ұлттық қорға қосымша ақша түсіп, ел экономикасын ынталандыру үшін көбірек қаржы бөлуге мүмкіндік туады.

Жауапты шенділерден қалыспай, мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров та қосымша құн салығын көтеруді қолдап шықты. Ол Венгрия, Дания, Швеция, Норвегия, Исландия, Грекия, Финляндия, Германия, Англия сияқты елдерде ҚҚС 20 пайыздан жоғары екенін мысалға келтіріп, «экономиканы көтереміз десек салық мөлшерін көбейту қажет» деп тұжырды. Депутаттың айтуынша, бұрынғы президентке жақын қаржылық-экономикалық топтар түрлі жеңілдіктерге қол жеткізіп алған. Мұнай саудасы дүркіреп тұрғанда мұндай жеңілдіктер мемлекетке ауыр тимейтін, ал қазіргі бюджет тапшылығы кезінде ескі экономика моделінің кемшіліктері бірден көрініп қалған.

Көзге көрінбейтін ескі Қазақстанмен, ескі Қазақстан өкілдерінің реваншизмімен күресу бір топ мәжіліс депутатының көзіріне айналды. Оларға сенсек, жаңа Қазақстанның табалдырығынан аттауға бұрынғы биліктің маңындағылар мүмкіндік бермей отыр. Бәрі айқын болса, депутаттар бастап, құқық қорғау органдары қостап, «реваншизмшілерді» неге заңды жауапкершілікке тартпайтыны түсініксіз. Әлде бұл салық көтеру, айыппұл салу сияқты халыққа тиімсіз кез келген шешімді қабылдарда бетқалқа етіп, кіжіну үшін қажет пе?

«Бюджетті толтыратын салықтан басқа кіріс көзін» Бектенов үкіметі таба алмағаны анық болды. Премьермен бірге келген экономика министрі Нұрлан Байбазаров табыс көзін таба алмаған күйі қызметінен кетті. Ал оның орнын басқан Серік Жұманғарин ҚҚС-ны бірден 8 пайыз көтеруді көздеп отыр. Сарапшылар салықтың бұлай күрт шарықтауы (66 пайыз өскелі отыр) әлемнің ешбір елінде болмағанын айтып, дабыл қақса да, үкімет оған құлақ түрмейтін сияқты.

Үкімет дайындап отырған ұсыныста көп көзіне түспеген тағы бір түйін бар. Ол – ҚҚС бойынша тіркеу лимитін 15 миллион теңгеге дейін төмендету. Яғни бұрын ҚҚС салу үшін бизнестің ең төменгі айналымы 20 мың АЕК (2024 жылы – 73 840 000 теңге) болса, енді небәрі 15 млн теңге ақша айналдырған шағын кәсіпкер де ҚҚС төлеуге мәжбүр болмақ. Осы шешімнің өзі билік бюджет тапшылығын шешу үшін ұятты қайырып қойып, әр қалтаға қол салуға кіріскенін көрсетеді.

Қазір Қазақстанда бюджет тапшы екені анық. Бұл проблеманы шешу оңайға соқпай тұр. Жығылғанға жұдырық сілтегендей, жақында ғана АҚШ президенті қызметіне кіріскен Дональд Трамп әлемде мұнай бағасын түсіруге күш салып жатыр. Қазақстан қазынасының бастау көзі болған мұнай арзандаса, мемлекеттік бюджет қана емес, ұлттық қордың да түбі көрінуі мүмкін. Мұндайда салықты көтеруден басқа жол таба алмайтын ел үкіметіне сенім арта аламыз ба?..

Бауыржан Мұқанов
Бауыржан Мұқанов

Бауыржан Мұқанов, нарық сарапшысы, Naryk.kz бас редакторы: Кәсіпкерлер нарыққа емес, тұтынушылар тауарға таласады

Былтыр шенділер ҚҚС-ны 16 пайызға көтерсек, бюджетке қосымша 2,5 триллион теңге түсетінін айтқан. Демек 20 пайызға жеткізсе, қазынаға шамамен 3 триллион теңге түсуі мүмкін. Бұл бюджетті көбейтудің бір жолы саналады. Қазір жасалып жатқан салық кодексі бойынша букмекерлерге, банктерге корпоративті табыс салығы көбейтуді қарастырып жатыр. Яғни біртіндеп салықтың барлық түрін көбейтіп жатыр.

Билік салықты неге көтереді? Өйткені бюджет тапшы, мемлекеттің басқа табысы жоқ. Әдетте бюджет тапшы болса, мемлекет не меншігіндегі нысанды сатады, бұл жекешелендіру деп аталады. Биыл оның үшінші толқыны жүріп жатыр. Бірақ одан пайда болмай тұр. Өйткені мемлекет пайдалы, ірі компанияларды сатқысы келмейді. Аудандық клуб деген сияқты ұсақ нысандарды сатуға қояды, оны ешкім алмайды, алса да, пайда аз. Мемлекет қаржы тапшылығын жекешелендіру арқылы шеше алар еді. Бірақ билік экономиканы өз бақылауынан шығарғысы келмейді. Барлығын өзі бақылап отырсам дейді. Мемлекеттің алдында екі таңдау тұр. Бірі – бюджетті жекеменшік компаниялардың салығымен толтырады. Екіншісі – бизнесті өз қарамағында ұстайды, бірақ бюджетте ақша болмайды. Билік осы екі жолдың бірін таңдай алмай отыр. Экономиканы либерализацияға жібергісі келмейді, ал жібермейін десе, ақша керек. Билік екеуін де істегісі келеді, бірақ екеуін де қатырып жатқан жоқ. Сондықтан бюджетті толтыратын жалғыз жол – салықты көтеру, айыппұлды көбейту болып отыр.

Егер ел ішінде бизнес жақсы жүріп жатса, қосымша құн салығын 20 пайызға көтеру бюджетті толтыратын орынды шешім болар еді. Былтыр президент протекционизм, яғни ұлттық экономиканы көтеру туралы айтты. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл шетелден келетін тауарларды кіргізбеу деген сөз. Мысалы, қазір АҚШ президенті Трамп істеп жатқан шетел өніміне тарифті көтеріп, өз еліндегі өнімді сүйемелдеп жатыр. Бірақ бұл тәсіл Қазақстанға келмейді. Мысалы, бізде азық-түліктің 50-60 пайызы ғана отандық өнім, қалғаны шетелден келеді. Егер біз Ресей мен Беларусьтан келетін ет пен сүтке салықты көтерсек, одан аталған елдердің ештеңесі кетмейді. Олар бәрібір кіре береді, өйткені бізде сұраныс бар. Өзіміз ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алмаймыз. Қанша қымбат болса да, адамдар тамақ ішеді. Салдарынан өнімнің бағасы көтеріліп, халықтың қалтасына салмақ салады.

Салықты көтеру – инфляцияны өсіреді. Кез келген салық көбейген кезде инфляцияға әсер етеді. Корпоративті табыс салығы болсын, банктерге салынатын салық болсын, бәрі түптеп келгенде халыққа тиімсіз болады. Популист депутаттар Қазақстандағы ең табысты бизнес банк, банктер халықты қанап бітті, оларға салықты көбейту керек деп жүр. Егер банкке салынатын салық өссе, олар қарап отырмайды, несиенің мөлшерлемесін көтереді. Айналып келгенде, несие мөлшері артса, базалық мөлшерлеме өседі. Ол өссе, инфляция артып, қымбатшылық болады.

Сондықтан ҚҚС-ны 20 пайызға көтеру тиімді шешім емес. Елде тауар сұраныстан көп болса ғана бұл әдіс жемісін беруі мүмкін. Ал бізде, керісінше, кәсіпкерлер нарыққа емес, тұтынушылар тауарға таласады. Мұндайда салықты көтеру қымбатшылыққа алып келеді.

Қуаныш Қаппас