Тоқаев айтты, Тәкиев пен Байбазаров енді асықпайды
Биыл маусым айының соңында ұлттық экономика министрлігі мен қаржы министрлігі жаңа Салық кодексін қоғам талқысына шығарды. Талқылаудан өткен соң аталмыш құжат 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуіне тиіс болатын.
Екі министрлікке қол ұстасып, қатар келген екеу – Нұрлан Байбазаров пен Мәди Тәкиев бұған дейін бұл жаңа кодекстің жарнамасын барынша асырды. Ведомство мүшелерінің ойынша, осы жолғы жаңа салық құжатының ерекшелігі – экономиканы жаңғыртуға ықпал етеді, кәсіпкерлерге жағдай жасалады, бюджеттің кірісіне оң әсер етеді деп тізе беруге болады...
Жалпы, біздегі салық саясаты бұған дейін де бірнеше реформаны бастан кешірді. Мысалы, 1991 жылы елде «Салықтар туралы» заң қабылданды, ол нарықтық қатынастарды тұрақтандыруды көздеді. 1995 жылы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» заң енгізілді. Оның міндеті салық заңнамасын әлемдік стандарттарға жақындату болды. 2001 жылы салық төлеушілерді бақылауды күшейту шаралары аясында салық базасын кеңейту тетіктерін қамтитын бірінші Салық кодексі қабылданды. 2008 жылы ол Салық кодексі жаңа редакцияда қайта қабылданды. Осыған сәйкес, болашақта негізгі салықтар бойынша мөлшерлемені төмендету қайта қаралды. 2017 жылы қолданыстағы Салық кодексі қайта жаңарды. Бұл ретте оған 53 түзетулер пакеті енгізілді. 2020 жылы да салық саясатын қайта пысықтадық. Жаңылмасақ, соңғы бес жылда салық кодексі 60 мәрте қаралыпты. Енді соңғы екі жыл жаңа Салық кодексіне енуді жоспарлап келеміз.
Жоспар бойынша келер жылы су жаңа кодекс қолданысқа енуі керек еді. Алайда күні кеше жолдау жасаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексін тағы бір жыл талқылауды, маңызды құжат қабылдарда асығыстыққа жол бермеуді ұсынды. Сөйтіп, бұл құжатты талқылау келесі жылдың шілде айына қалдырылып, қолданысқа енгізу 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін шегерілді.
Сол-ақ екен, бірқатар сарапшылар мен кәсіп иелері иықтарынан жүк түскендей терең тыныстады. Өйткені сала мамандары тиісті ведомстволар ұсынып отырған жаңа салық кодексінде талқылауды, пысықтауды, сараптауды қажет ететін «шикі» тұстар жетерлік деп жүр.
Мәселен, жаңа кодексте корпоративтік табыс салығына (КТС), қосымша құн салығына (ҚҚС), Арнайы салық режимдеріне (АСР), салық ставкаларына қатысты бірқатар өзгерістер бар. Осы өзгерістерге сарапшылар мен бизнес иелерінің көңілі толмайды. Олардың арасында кодексті ұсынушылардың нарықты толық зерттегеніне күмәнмен қарайтындар бар.
Мысалы, жаңа кодекс бойынша бұдан былай жылдық табысы 15 млн теңгеден аспайтындар «жеке кәсіпкер» ретінде тіркелуге міндетті емес. Мұндай мүмкіндік өзін-өзі жұмыспен қамтыған 2 млн-ға жуық кәсіпкерге беріліп отыр. Егер жылдық табысы 15 млн теңгеден аспаса, олар салық төлемейді. Салық мөлшерлемесі 0 пайыз болады. Бірақ ай сайын 4 пайыз мөлшерінде зейнетақы, медициналық аударымдар және басқа әлеуметтік аударымдар төлейтін болады.
Жаңа кодекс көлеңкелі бизнеске жол ашпай ма?
Аудит және салық салу саласының маманы, сарапшы Тілек Арғынбаевтың айтуынша, жаңа кодексті жасаушылар осы арада айлаға басып отыр.
«Жаңа кодексті талқылауға ұсынушылар Арнайы салық режимдеріне қатысты салық мөлшерлемесін «3 пайыздан 2 пайызға дейін төмендеттік» дейді. Тіпті шағын кәсіпкерлер үшін жеке табыс салығын «0 пайыз еттік» дейді. Алайда енді оның орнына кәсіпкер 4 пайыз мөлшерінде МӘМС пен зейнетақы төлемдерін аударып отыру керек. Бұлай елді алдауға болмайды. Егер салық кодексі осы қалпында қабылданатын болса, онда әлеуметтік кодекске де өзгерістер енгізу керек болады. Өйткені кәсіпкер медициналық сақтандыру мен зейнетақыға 4 пайыздық төлем жасап отыратын болса, бұл – әлеуметтік сала. Өзіңіз білесіз, былтырдан бері денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жарналары бойынша шекті көлемді 5 есеге арттыруды талқылауға шығарып жүр. Министрлік өкілдерінің ойынша, 850 мың теңгеден әрі жоғары табыс табатындар арасында жарна өседі. Әрине, сол жоғары жалақы алатындардың арасында кәсіппен айналысатындар бар. Егер МӘМС-тің жарнасы алдағы уақытта бес есеге өсетін болса, оның 4 пайызы қанша болады?! Ол кәсіпкердің бюджетіне қалай әсер етеді?! Міне, осыны зерттеу керек. Бұл – бір.
Екіншіден, жаңа кодекс бойынша, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген күннің өзінде оның кейбір тетіктері нақтыланбаған. Мәселен, сән салонын ашқан кәсіп иесі кәсібін тіркемеді делік, бірақ оның табысы айына 1 млн 250 мыңнан аспауы керек. Ол енді кәсібін тіркемесе, кассалық аппарат алмаса, ол аппаратты банктерге тіркемесе есеп-қисапты қалай жүргізеді?! Оның екінші деңгейлі банктер арқылы алып отырған аударымы табыс болып саналмай ма?! Ол кәсіпкер табысын 1 млн 250 мың теңгеден асырмау үшін енді қолма-қол ақшамен төлем алуға көше ме?! Бұл көлеңкелі бизнесті одан әрі арттырып жібермей ме?! Міне, осыны да зерттеу керек», – дейді сарапшы.
Иә, салық төлеуші ретінде тіркелетін кәсіпкерлерге қатысты да түсінбейтін сұрақтар көп. Әсіресе бөлшек салығына көшуге қатысты басы ашық сұрақтарды қайта талқылау керек.
«Бұған дейін бизнес үшін жаппай бөлшек салығына көшу ұсынылды. Үкімет «бөлшек салық режимі шағын және орта бизнес субъектілеріне салық жүктемесін азайтады. Дағдарысқа қарсы шара ретінде екі жылға есептелген бұл салық жүйесі тиімді» деді. Қазір кәсіпкерлер бөлшек салығын түсінді. Бұл салық бойынша жыл соңына дейін айналымы 2 млрд теңгеден асатын кәсіпкерлер әр тоқсан сайын мемлекет қазынасына 3 пайыз, кей аймақтар 2 пайыз салық төлейтін. Ал енді жаңа кодекс бойынша ол айналымды қысқартып тастады. Болашақта айналымы 500 миллионға дейін болса ғана бөлшек салығын төлейді, ал одан 500 мың теңге асып кетсе болды 20 пайыздық КТС cалық төлеуге міндеттеп отыр. Бұрын айналымында 2 млрд теңгесі барлар 20 пайызды салық төлесе, енді айналымында 500 млн 500 мың теңгең болса 20 пайыздық КТС салығын төлеуге міндеттісің. Бұл дегеніңіз – бизнесті қанау. Бұл осы күйінде жүзеге асатын болса, бизнес тек салық төлеу үшін ғана жұмыс істейді. Мұндай салық жүйесінен көлеңкелі экономика азаймайды. Керісінше, енді салық төлемеу үшін табысын жасырушылардың саны өседі», – дейді маман.
Банктердің салығы артса, несиесі де қымбаттайды
Сондай-ақ жаңа кодекс бойынша екінші деңгейлі банктердің де төлейтін КТС салығын 20 пайыздан 25 пайызға көтеру жоспарланған. Бұдан бөлек, құны 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлікке, 70 млн теңгеден қымбат көліктерге 10 пайыздық сән-салтанат салығы енгізілді, ұшақтар, яхталар – 100 млн теңгеден асса; сигаралар – бір дана 10 мың теңгеден, алкоголь – литріне 500 мыңнан жоғары болса, сән-салтанат салығы жүреді; KASE және AIX тізімінде тұрған акциялардың дивидендтері бойынша салық жеңілдіктері жойылды. Олар үшін 5 пайыз салық төлеуге тура келеді.
Мамандар осы өзгерістердің ішінде банктердің КТС салығын өсіруге қатысты бөлімін қайта талқылау керектігін айтады.
Банк және сақтандыру саласын зерттеп жүрген Экономика және құқық институтының маманы Нұржан Белібаева жаңа салық кодексіндегі банктерге қатысты КТС салығын өсіруден туындайтын қиындықтар туралы айтып берді:
«Біріншіден, салықты қымбат төлей бастаған банктер енді халыққа несиені де қымбатқа бере бастайды. Біздегі банктердің пайыздық үстемесі қазір онсыз да 28-30 пайызды құрайды. Енді несие қымбат пайызбен беріле бастаса, халыққа оңай болмайды. Жалпы, салықты өсіру, тарифті қымбаттату, айналып келгенде халықтың қалтасына салмақ екенін ескеру керек. Екіншіден, банктер КТС-тың өскенін желеу етіп, халыққа ғана емес, өндіріске беретін несиелерін қымбаттатып жіберсе, бұл арада кәсіпкерлер де қиналып қалады. Қазір ауыл шаруашылық кәсіпкерлері көбіне ешбір затын кепілге қоймай екінші деңгейлі банктерден шағын несие алғанды жөн көреді. Үкіметтен бөлінетін субсидиялардың талабы көп. Оларды алу үшін агро-кәсіпкерлер техникаларын, фермаларын кепілге қою керек болады. Сондықтан олар пайызы қымбат болса да екінші деңгейлі банктерден кепілсіз несие алғанды жөн көреді. Осы жағын ойлаған жөн. Зерттеу керек. Бұдан соң банктерге салықты көтеру тұрғын үй ипотекасына да кері ықпалын тигізуі мүмкін. Ипотеканың пайызы қымбаттайтын болса, тағы да сол қарапайым халық қиналады. Сондықтан банктерді салықпен емес, президент айтқандай, жаңа сауатты заңмен тәртіпке салу керек».
Жалпы, біз салық саясатын сауатты етпесек, Ұлттық қорға орынсыз қол сала беруден жуық арада тыйылмаймыз. Сондықтан сауатты салық саясатына мұқтажбыз.
«Біздің жалпы ішкі өніміміз доллармен есептеледі ғой. ЖІӨ биыл 250 млрд долларға жетсе, біздің салығымыз бар болғаны 35 млрд долларды құрайды. Сонда шамамен ЖІӨ-нен 17 пайыз салықтық түсім түседі. Бұл – өте аз. Көрші елдерде жалпы ішкі өнімнен 25 пайызға дейін салықтық түсім түседі. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 98 пайызға дейін. Негізінде салықтық түсім жыл өткен сайын артып отыруы керек және тұрақты болуы қажет. Ол үшін, әрине, елде ірі-ірі жаңадан өндіріс орындары ашылуы қажет. Халықты жұмыспен қамту жолға қойылуы тиіс. Әлеуметтік шығындарымызды сол арқылы қамтамасыз етіп отыруымыз керек. Бізде, өкінішке қарай, дүрілдеп жұмыс істеп жатқан ірі-ірі зауыттар, фабрикалар аз. Инновация жетілмеді, индустрияның жұмысы шабан. Негізінде, тиімді салық саясаты, инвестициялық климаттың жайлылығынан, жемқорлықпен күрестің нәтижелігінен, ұлттық жобалардың қарқынды орындалуынан тұрады», – дейді сарапшы Н.Белібаева.
Ал бізде маман айтып отырған инвестициялық климат, жемқорлықпен күрес, ұлттық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары жасалып жатыр. Бұл жұмыстардың нәтижесі туралы министрлер үкіметте жиі-жиі есеп береді. Бірақ халыққа, кәсіпке тиімді салық саясатын әлі қалыптастыра алмай келеміз. Соның салдарынан бюджетте профициттен дефицит көп. Ұлттық қорға қол салуымыз да жиілеп барады. Өткенде Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов сауатты салық реформасы жасалмаса, Ұлттық қор қаржысы жұмсала беретінін айтты. Бас банкир 2025 жылы Ұлттық қордан «көп қаражат алу» жоспарланғанын, бірақ олар келесі жылдары трансферттер көлемінің азаюымен өтелетінін айтты. Үкімет те алдағы жылдары қордан қаражат алуды азайтамыз деп сендіреді. Атқарушы билік «президент асықпаңдар» деді деп, ұмытып кетпесе, келер жылы біз айтқан, мамандар көрсеткен кемшіліктерді түзеп, үлгеріп қалар...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ