Тоқаев: Бейбітшілік кеңесі – жаңа жаһандық бастама
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің инаугурациялық отырысында сөз сөйледі.
Саммитке қатысушыларды құттықтай отырып, Мемлекет басшысы бұл тарихи іс-шараны ұйымдастырғаны үшін АҚШ президенті Дональд Трампқа алғыс білдірді.
— Дональд Трамп атындағы Бейбітшілік институтында өтіп жатқан бүгінгі кездесуіміз шешімді әрі прагматикалық қадамдардың маңызы арта түскен кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Шын мәнінде, әңгіме тек игі тілектерге негізделген шексіз конференциялар мен резолюциялар арқылы емес, нақты әрі мақсатты іс-қимылдар арқылы берік бейбітшілік орнату туралы болып отыр. Құрметті Президент мырза, жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілетуге бағытталған Сіздің айқын көзқарасыңыз бен көреген ұстанымыңыз елімді Бейбітшілік кеңесіне қосылуға шабыттандырды, — деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Бейбітшілік кеңесі жаңа шынайылыққа жауап беріп, бұрыннан қалыптасқан көпжақты ынтымақтастықты нығайтады.
— Әлем мұндай бастамаларды әлі көрген жоқ. Бұл — шын мәнінде бұрын-соңды болмаған қадам. Себебі «Жасампаздық арқылы бейбітшілік» атты инновациялық тұжырымдама немесе жоба біздің бірлескен күш-жігеріміздің арқасында шынайы нәтижеге айналуы мүмкін. Сондықтан, құрметті Президент мырза, берік бейбітшілік нақты іс-әрекеттерге негізделуі тиіс деген Сіздің сеніміңізбен толық келісемін, — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың шақыруымен Вашингтонға жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Мемлекет басшысы шет мемлекеттердің көшбасшыларымен және АҚШ-тың ресми тұлғаларымен бірқатар кездесу өткізеді.
Бұған дейін хабарланғандай, төрағасы АҚШ президенті Дональд Трамп болған Бейбітшілік кеңесіне қазіргі таңда 27 мемлекет қатысуда. Бұл орган 2026 жылғы қаңтарда Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форум аясында құрылған.
Қаңтар айында Қазақстанға осы кеңестің құрылтайшы мемлекеттерінің бірі болу ұсынылған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды.