Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:10

Тоқаев ешбір мемлекетте қос билік болмауы керек екенін айтты

Тоқаев
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев журналистер сұрағына жауап бере отырып, Таяу Шығыстағы жағдайға тоқталды.

Тоқаев Қазақстанның халықаралық қақтығыстарды әрдайым дипломатиялық жолмен шешуді қолдайтынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл елдің сыртқы саясатындағы негізгі ұстаным болып қала береді.

Президент Иран президенті Масуд Пезешкиан жақында Қазақстанға ресми сапармен келгенін және өзі туралы жақсы әсер қалдырғанын айтты.

— Мен оның Иран араб елдеріне шабуыл жасамайды деген мәлімдемесін құптадым. Ол тіпті осы мәселеге байланысты Иран атынан кешірім сұраған еді. Бірақ кейін бұл мәлімдемелер іс жүзінде жоққа шығарылды. Иран араб елдеріне шабуыл жасап жатыр және әлі де жалғастырып келеді. Бұл Иран президентінің толық билікке ие емес екенін көрсетеді, — деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл жағдайды Ирандағы билік құрылымымен байланыстырды.

— Бір жағынан негізгі шешімдерді қабылдайтын діни билік бар, екінші жағынан формалды түрде мемлекет басшысы саналатын президент бар. Бірақ іс жүзінде ол басты тұлға емес. Жалпы барлық елдерде, соның ішінде Қазақстанда да қос билік болмауы керек. Біз мұндай жүйені өз уақытында бастан өткердік, ол төрт жыл бұрын еліміздің тұрақтылығына нұқсан келтірді. Сондықтан бұл көптеген мемлекеттер үшін үлкен сабақ, — деді Президент.

Тоқаев Қазақстан халқының Иран халқына деген құрметі жоғары екенін айтып, Қазақстан бұрынғыдай бейбітсүйгіш әрі дипломатиялық ұстанымды қолдайтынын атап өтті.

Тегтер: